23 сәуір – Ұлттық кітап күні қарсаңында кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір саналатын кітапханалардың қоғамдағы орны ерекше айқындала түседі. Цифрландыру дәуірі дәстүрлі оқу мәдениетіне өзгеріс әкелгенімен, рухани құндылықтарға деген сұраныс бәсеңдеген жоқ. Осы орайда кітапхана ісінің бүгінгі жай-күйі мен болашағы туралы қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты №12 кітапхананың директоры Гүлмира Шамсутдинқызымен сүбелі сұхбат құрдық.

– Ұлттық кітап күні аясында құрылған жоспармен бөліссеңіз. Айтулы күнге орай қандай іс-шаралар өтпек?

– 23 сәуір – Ұлттық кітап күніне орай ауқымды іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Қаламыздағы барлық кітапхана бірігіп, ортақ бастама көтереді. Соның бірі – «Кітап оқу сағаты» акциясы. Бұл шараға өңірдегі оқу орындары мен мемлекеттік мекемелер белсенді түрде қатысады. Акция аясында кітапханалар көшпелі форматта жұмыс істеп, түрлі ұйымға барып, оқырманға кітап ұсынады. Бір сағат ішінде әр адам өзіне ұнаған кітапты таңдап, оқуға мүмкіндік алады. Егер кітап қызығушылық оятса, әрі қарай сол оқырманды кітапханаға тіркеп, тұрақты оқуға баулу көзделген. Басты мақсат – оқу мәдениетін жандандыру ғана емес, сонымен қатар бір мезетте 30 мың адамның кітап оқуына қол жеткізіп, Гиннестің рекордтар кітабына ену. Бұл – кітаптың қоғамдағы орнын тағы бір мәрте дәлелдеудің бір жолы.

– Қазіргі кітапханаларға қандай жаңашылдықтар енгізіліп жатыр? Бұл салада цифрландыру мен Жасанды интеллект технологиялары қаншалықты қолданылуда?

– Бұрын біз ақын-жазушылардың шығармаларын насихаттау үшін дәстүрлі көрмелер ұйымдастырып келдік. Қазір заман талабына сай жаңа тәсілдерге де көшіп жатырмыз. Соның ішінде цифрлық технологиялар Жасанды интеллект элементтері де қолданылуда. Дегенмен бұл технологияларды біз толық алмастырушы құрал ретінде емес, жұмысты жеңілдететін қосымша мүмкіндік ретінде қарастырамыз. Негізгі мазмұн мен рухани жұмыстың басым бөлігі әлі де кітапханашылардың өз еңбегімен жүзеге асады.

– Мемлекет тарапынан кітапханаларға көрсетіліп отырған қолдау деңгейі жеткілікті ме? Қандай тұстарда күшейту қажет деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғысымызды білдіреміз. Кейінгі жылдары кітапхана саласына деген көзқарас айтарлықтай өзгерді. Кітапханашылардың мәртебесі айқындалып, кәсіби мереке бекітілді. Сонымен қатар үш жылда жалақының айтарлықтай өсуі сала мамандары үшін үлкен қолдау болды. Президенттің өңірге сапары барысында жаңа Ұлттық кітапхана ашу туралы бастама көтерілгені де – қуантарлық жаңалық. Бұл болашақта кітапсүйер қауым үшін маңызды мәдени орталыққа айналады деп сенеміз.

Дегенмен әлі де шешімін күтетін мәселелер бар. Атап айтқанда, кітапханаларға заманауи ғимараттар қажет. Оқырманға қолайлы, тартымды орта қалыптасса, кітапқа деген қызығушылық та арта түсер еді. Сонымен қатар балалар мен жастарға арналған жобаларды ұйымдастыруда мемлекеттен қосымша қолдау болса деген тілек бар.

– Жастардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін кітапханалар қандай жаңа форматтарға көшуі керек? Әрбір қазақ баласы оқуы тиіс үш кітапты атап өтсеңіз.

– Жастардың қызығушылығы әртүрлі, сондықтан оларды кітапқа тарту оңай емес. Біз көбіне әдеби кештер, поэзиялық кездесулер, тақырыптық іс-шаралар арқылы олардың назарын аударуға тырысамыз. Әсіресе махаббат тақырыбындағы кештер жастар арасында жақсы қабылданады. Егер көркем әдебиетке қызығушылық төмен болса, жастарға өзін тануға көмектесетін сапалы психологиялық кітаптарды ұсынуға болады. Бірақ мұнда да іріктеу маңызды.

Ал әр қазақ баласы оқуы тиіс еңбектерге келсек, ең алдымен, Абайдың «Қара сөздері» ерекше орын алады. Бұл қанша уақыт өтсе де өзектілігін жоғалтпайтын терең туынды. Сонымен қатар Бауыржан Момышұлының шығармалары жас ұрпаққа рух, тәрбие береді. Әсіресе ер балаларға оқуға кеңес берер едім. Үшінші кезекте – ертегілер. Себебі баланың дүниетанымы мен адамгершілік қасиеттері дәл осы ертегілер арқылы қалыптасады. Қазір ертегі оқып отырған баланы көрмейсің, бұл өрескел олқылық. Ертегі жаман дүниені үйретпейді, керісінше, бала ертегі оқу арқылы ақ пен қараны ажыратуға бейімделеді.

– Сіз үшін кітапхананың болашағы қандай? Ол қандай кеңістікке айналуы тиіс?

– Қанша жерден цифрландыру дәуірінде өмір сүрсек те, адамзат түбінде кітапқа қайта оралады. Себебі ғаламтордағы ақпараттың барлығы бірдей сенімді емес, ал кітап – сұрыпталған, дәлелденген білім көзі. Бүгіннің өзінде оқырмандар аз емес. Мысалы, біздің өңірдің өзінде кітапханаға тұрақты келетін 11 мыңға жуық оқырман бар. Ал өз бетінше кітап сатып алып оқитындар бұдан да көп екені анық. Сондықтан болашақ кітапханасы – тек кітап сақтайтын орын емес, білім мен руханияттың заманауи орталығы болуы тиіс. Кітап ешқашан өз құндылығын жоғалтпайды.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Нұршат НЫШАНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!