Арал төрінде тағы бір тағылымды мерейтой өтті. Ел жадында елеулі, ұлт руханиятына өшпес із қалдырған екі үлкен белес – «Толқын» газетінің 95 жылдығы мен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ғалым, ұстаз Әуелбек Қоңыратбаевтың туғанына 120 жыл толуына орай бірқатар іс-шара ұйымдастырылды.

Тамыры тереңнен тартқан «Толқын» газеті – Арал өңірінің ғана емес, тұтас Сыр жұртының рухани тірегі. Ол – өткен ғасырдың дауылды күндерінде де, ел еңсесін тіктеген кезеңдерде де сөз киесін сақтап, халықтың үнін жеткізген басылым. Талай буынның ойы мен арманын, ел мен жерге деген сүйіспеншілігін парақ бетіне түсіріп, заманмен бірге толқын болып ілесіп келеді.

Сол рухтың бастауында тұрған тұлға – Әуелбек Қоңыратбаев. Ол «Толқынның» тұңғыш редакторы болып, қалам мен ұлт мүддесін бір арнаға тоғыстырған, сөздің қадірін, ойдың салмағын айқындап кеткен дара ұстаз еді. Қоңыратбаев есімі – қазақ әдебиетінің алтын қорында. Ол тек ғалым, ұстаз, қаламгер ғана емес, ұлттың рухани зердесін сақтаушы, әдебиет арқылы ел санасына сәуле түсірген тұлға ретінде жүректерде сақталады.

Тарих толқынындағы 95 жыл

Толқын – тарих таразысы

Салтанатты іс-шара аясында аудандық мәдениет үйінде «Толқын – тарих таразысы» атты ақындар мүшәйрасы өтті. Бұл – тек жыр сайысы емес, бұл – рух пен парасаттың, сөз бен елдік сана бірлігінің мерекесі іспетті.

Өз дәуірінің дүмпуі мен ел тағдырын жырмен, ғылыммен өрнектеген Әуелбек Қоңыратбаев сынды қаламгердің өнегесі бүгінгі жас ақындар үшін де үлгі. Сондықтан да мүшәйраның мақсаты – оның есімін еске алу емес, оның рухын, ел мен әдебиетке деген адалдығын жас буынның жүрегіне ұялату.

Мүшәйраға аймақтың түкпір-түкпірінен бас-аяғы он бір ақын қатысып, «Толқынның» тарихы мен Әуелбек тағылымын өз жырла- рына арқау етті. Өлеңдерінен ел мен жерге деген сүйіспеншілік, рухани сабақтастық, уақыт пен ұрпақ үндестігі аңғарылып тұрды. Оқылған жырлар – ойлы да өрелі, мазмұнды да мөлдір. Әр ақынның үні – кешегінің рухы, бүгіннің тынысы секілді.

Жыр додасында бас жүлде аралдық Дархан Аманжолұлына бұйырды. І орын – Қазалыдан келген Ақжол Түменбайға, ІІ орын – шиелілік Аружан Оралбай мен қызылордалық Нұргүл Төлеубайға, ІІІ орын – Оңталап Жолдасов, Алтынбек Қыстаубаев және Ұлықбек Бекұзақұлына табысталды. Ал Зейнолла Шүкіров атындағы арнайы жүлдені шиелілік Бекжан Ержігіт иеленді. Жүлделі ақындарға қаржылай сыйлықтар мен дипломдар табысталып, кеш соңында жыр мерекесі ерекше рух пен шабытқа толы кездесуге айналды.

Ақындар мүшәйрасы – жай ғана жарыс емес. Ол – қазақ сөзінің қадірін сезіндіретін, жастардың жүрегіне рух ұялататын игі дәстүрдің жалғасы. «Толқынның» тарихы мен Әуелбек Қоңыратбаевтың тағылымы ұрпақ санасында жаңғырып, ел есінде сақталар іс – дәл осындай шаралар арқылы жалғасын табары анық.

Аралдың айдынында ғасыр толқыны тербеліп жатыр. Ол толқын – сөздің, рухтың, ұлттың толқыны. Ал қаламгерлер барда ол толқын ешқашан тартылмақ емес.

Тарих толқынындағы 95 жыл

Жасыл алаңда журналистер

Келесі кезекте жоғарыда атап өткеніміздей, қос мерейлі дата аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасында шағын футболдан облыстық турнир ұйымдастырылып, спорт алаңы қызық пен қуанышқа бөленді.

Арал аудандық №292 мектебінің спорт залында өткен тартысты додада Сыр өңіріндегі журналистика саласының кәсіби мамандарынан құралған бес команда бақ сынады. Футбол алаңы дәл осы күні жай ғана спорттық бәсеке орны емес, бірлік пен серіктестіктің, достық пен рухтың алаңына айналды.

Мақаланың орнына доп, қаламның орнына шабыт келгендей – әр команда өз намысын қорғап, бір-бірінен асып түсуге тырысты. Жарыс қыза түскен сайын ойыншылардың ынтасы мен ерік-жігері, командалық рухы көрерменді тәнті етті. Әрбір соғылған гол – қуаныштың жарқылы, әрбір сәтсіз соққы – сынақ секілді қабылданды.

Турнир қорытындысы бойынша І орынды – «СырМедиа» командасы жеңіп алды. ІІ орын – «Меншікті тілшілерге», ал ІІІ орын – «Қызылорда 2» командасына бұйырды. Сонымен қатар «Толқын 95» және «Қызылорда 1» командалары турнирге белсенді қатысқаны үшін ынталандыру сыйлығымен марапатталды.

Ойын барысында шеберлігімен көзге түскен спортшылар да назардан тыс қалмады. Оларға арнайы «Үздік сұрмерген», «Үздік қақпашы», «Көрермен көзайымы» және «Үздік ойыншы» номинациялары табысталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, медаль, диплом және арнайы сыйлықтар тапсырылды.

Бұл турнир – спорттық жарыс қана емес, қазақ журналистикасының бірлігін, ортақ рухын, сергектігін айшықтаған мерекелік шара болды. Қалам ұстаған қауымның ала доп қуу арқылы серіктестік пен достық байланысын нығайтуы – руханият пен спорттың жарасымды үндестігін көрсетті. Осынау турнир тек доп бәйгесі емес, рух пен ерік, спорт пен шабыттың нағыз тоғысына айналды.

Тарих толқынындағы 95 жыл

Тағылымды тұлға ұрпағына құрмет

Аталған іс-шаралар легі Арал ауданының мәдениет үйінде аудандық «Толқын» газетінің 95 жылдық мерейтойына арналған салтанатты кешпен қорытындыланды.

Бұл – бір ғана мерейтой емес, бұл – уақыт пен ұрпақтың сабақтастығын, сөз бен рухтың салтанатын айқындаған тағылымды іс-шара. Ғасырлық межеге таяған аудандық басылымның кеші өткеннің елесін тірілтіп, бүгіннің биігін бағамдаған рухани кездесуге айналды.

Салтанатты кешке қатысушылар алдымен газет тарихынан сыр шертетін көрмемен танысты. Сары парақтар, ескі суреттер мен жазу машинкалары – барлығы да уақыттың үніндей әсер қалдырды. Сол ескі беттерден бір дәуірдің тынысы, қаламның құдіреті, Арал өмірінің шежіресі сезіледі. Кеште аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев сөз алып, басылымның ел өміріндегі рөліне тоқталды. Ол өз құттықтауында газеттің бастау бұлағы мен рухани биігі туралы тебірене айтты.

– Халықтың үні мен құлағы болған үнжария әуелде «Екпінді балықшы» аталып, алғашқы санына филология ғылымының докторы, профессор Әуелбек Қоңыратбаев қол қойғаны тарихтан белгілі. Биыл айтулы қаламгердің 120 жылдық мерейтойы қатар тойлануда. Газет қай кезде де өз бағытынан айнымай елдің тәрбие құралына айналды. Атағы жаһанға таныс Аралдың әр перзентін елін сүюге баулып, көптеген сала мақтаныштарын халыққа паш етті. Араға жылдар салып, «Социалистік Арал», артынша «Толқын» болып тулаған басылым талай таланттың екінші тынысын ашты, жас буынды тәрбиелеудің көркем үлгісін көрсетті. Бүгінде, ақсақалдық жастың асуына иек артқан аудан шежіресі үлкен-кішінің рухани қолдаушысы бола беретіні анық. Әрдайым осы биіктен көрініп, бейнелі сөзбен әдебиет көгінде жарқырай берсін! – деді Аманжол Сақыпұлы.

Бұл сөздер – тек құттықтау емес, ел жадындағы газетке берілген әділ баға еді. Шын мәнінде, «Толқын» – Арал өмірінің айнасы, қалың елдің тынысы. Жағалауға соққан әрбір толқын секілді, бұл газет те заманның дүмпуі мен ел тағдырын қағаз бетіне бедерлеген.

Кеш барысында басылымның алғашқы редакторы, ғалым, ұстаз Әуелбек Қоңыратбаевтың ұлы, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Әуелбекұлына аудан әкімінің құттықтау хаты табысталып, иығына шапан жабылды. Сонымен қатар жергілікті суретші, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешовтің арнайы туындысы тарту етілді. Бұл сәт – ұрпақ алдындағы тағзымның, рухани жалғасудың белгісіндей әсер қалдырғаны сөзсіз. Сахна төрінен Қоңыратбаевтар әулетінің аты аталғанда зал толы көрермен іштей ел тағдырымен ұштасқан бір дәуірдің ізіне үңілгендей болды.

Мұнан соң аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов бастаған шығармашылық ұжымға Қызылорда облысы мен аудан әкімдерінің құттықтау хаттары мен естелік сыйлықтары табысталды. Газетте ұзақ жыл еңбек етіп, өз қолтаңбасын қалдырған ардагерлер мен қызметкерлер де «Алғыс хаттармен» марапатталды.

Кеш барысында профессор Тынысбек Қоңыратбаев сөз сөйлеп, жүрек тебірентерлік толғанысын жеткізді. Оның әрбір лебізінен әке аманаты мен елге деген құрмет сезіліп тұрды.

Сондай-ақ айтыскер ақын Ержеңіс Әбді «Толқын» газетінің мерейтойына арналған арнау жырын оқып, тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Өлең өрнегі мен шынайы сезім тоғысқан бұл арнау – рухани кештің ажарын аша түсті.

Кеш көркін «Ақтолқын» би тобының мың бұралған өнері, жас орындаушылардың әсем әні мен сырлы күйі, №260 мектеп оқушыларының «Қағазға түскен тағдырлар» атты сахналық көрінісі түрлендірді.

Іс-шара соңында аудан өнерпаздарының мерекелік концерті көпшіліктің көңілінен шығып, кешті көтеріңкі рухта түйіндеді.

«Толқын» – 95 жыл елмен бірге жасап келе жатқан руханият шежіресі. Ол жай ғана басылым емес, уақыттың куәгері, халықтың жадындағы жазба тарих. Сонау «Екпінді балықшыдан» басталған жол бүгінде елдік рухтың айқын айғағына айналды. Газеттің әр беті – өткеннің ізі, бүгіннің үні, ертеңнің үміті. Ал оның тарихын дәріптеу – төл мәдениетімізге, сөз киесіне тағзым ету.

Аружан ОРАЛБАЙ
Қызылорда-Арал-Қызылорда

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!