Облыстық жастар ресурстық орталығында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен ақын, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Тыныштықбек Әбдікәкімұлымен және ақынның жары, филология ғылымдарының кандидаты Шағанкүл Алдамжарқызымен кездесу кеші өтті.

Қазақ поэзиясында терең ой мен ұлттық дүниетаным өрнегін айқын көрсеткен ақындардың бірі – Тыныштықбек Әбдікәкімұлы. Ол 1953 жылы 20 шілдеде Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданында дүниеге келген. Қаламгердің ақындық жолы ерте басталған. Алғашқы жырларын 14 жасында жазған ол 1968-1969 жылдары Семейдің №16 мектебінде оқып жүргенде-ақ ұстазы Рәбиға Ахунованың жетекшілігімен алғашқы жыр кешін өткізген.

1993 жылдан бастап Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанды. «Ақшам хаттары», «Рауан», «Алқоңыр дүние», «Бесінші маусым жұпары» атты жыр жинақтары терең философиялық мәнімен, тілдік көркемдігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ ақынның «Қас Сақ аңқымасы» атты екі томдық еңбегі – әлем халықтарына ортақ ежелгі ғарышнамалық және рухани қағидаларды қазақтың ұлттық танымымен сабақтастыра зерделеген ерекше зерттеу. Оның туындылары қазақ поэзиясына жаңа бағыт әкеліп, Ә.Кекілбайұлы, Т.Әбдік, М.Мағауин, Ф.Оңғарсынова, Т.Медетбек, Н.Оразалин сынды әдебиет алыптарының жоғары бағасына ие болған.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – көптеген әдеби байқаудың жеңімпазы. Ол 1990 жылғы жазба ақындардың тұңғыш республикалық мүшәйрасының бас жүлдегері, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың, 2007 жылы республикалық «Абай әлемі» және 2010 жылы халықаралық «Шығыс шынары» мүшәйраларының лауреаты, Абай Құнанбайұлының 160 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыр мүшәйрасының гран- при иегері атанды.

Ақынның шығармалары мектеп оқулықтары мен жоғары оқу орындарына арналған оқу құралдарына енгізілген. Өлеңдері испан, қытай, қырғыз тілдеріне аударылған. 2011 жылы ел әдебиетіне сіңірген еңбегі үшін Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Абай музейінің «Абай» медалімен марапатталды. 2018 жылы Тыныштықбек Әбдікәкімұлына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы табысталды.

Көп ағайын мені, әттең, түсінбеді.
Қысым ба еді ол сонда, түсім бе еді?..
Өлөң үшін әбігер болды ма олар?
Бәрі де әлде өздері үшін бе еді?..

Кісінесе үміттің ақтангері,
ол да жақсы – дәнеме жоқтан гөрі.
Мейірімсіз көп ауыз көкіп-ақ жүр,
мені мұңайтқандарын мақтан көріп.

Құшып алып көңілмен Шартарапты,
байғыз үнін тілімнен сорғалаттым.
Мен мұңайсам – ішімде жатар бәрі:
Тау көгеріп, Көл сыздап, қанталап Түн!..

Түн арманын, Тау күшін, Көл талабын
жылтыраған сөздермен саудала, мұң.
Мен – бейшара, Даламның айтқан Сырын
пенделердің тіліне аударамын!

Жусан уыты тамшылап өзегімнен,
Өлөң екендігімді сеземін мен.
Ей, Уақыт, сен бар ғой, берсең маған, ұлып
шыққан Ойлардың кезегін бер! – деп жырлайды ақын.

Жастар ресурстық орталығында ұйымдастырылған кездесу кеші – поэзия мен парасаттың тоғысқан сәті болды. Рухани сұхбатқа құрылған бұл кешке ақын шығармашылығын қадірлеген жастар мен жергілікті қаламгерлер жиылды. Іс-шара аясында ақынның шығармашылығына арналған «Тағдырлы талант, тағылымды ғұмыр» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

Кештің шымылдығын жас жыршылар Жәнібек Жақсан мен Тоғжан Өтенова жыр-термемен ашып, қазақ халқы поэзиясының бастауы болған ұлттық рухтың үнін асқақтатты. Кеш барысында сахнаға шыққан бір топ жас өрен Тыныштықбек жырларын оқып, өздеріне рухани ұстаз тұтқан тұлғаға деген құрметін білдірді.

Салтанатты сәтте айтыскер ақын Мұхтар Ниязов облыс әкімінің атынан құттықтау хатын табыстап, Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен жары Шағангүл Жанаеваның иығына шапан жапты. Бұл – ұлт руханиятына сіңірген еңбегіне деген зор алғыс пен ықыластың көрінісі.

Сыр еліне алғаш табан тіреген ақын Қызылорда туралы жылы пікірін білдіріп, «Қаламыздың ажары және оның тазалығы – халық мәдениетінің айнасы» екенін атап өтті. Кездесу кешіне жиылған қауым ақынның сиясы кеппеген өлеңдерін өз аузынан тыңдап, қошеметін білдірді. Сырлы сұхбатқа толы кеште қаламгер өзінің шығармашылық жолы мен өлең өлкесіне келу тарихы туралы әңгімелеп, поэзияның құдіреті жөнінде ой қозғады. Кеш барысында ақынның жары, «Қазақ поэзиясының келіні» атанған Шағангүл Жанаева да сөз алып, шығармашылық һәм отбасындағы үйлесім туралы жүрекжарды ойларымен бөлісті. Аяулы жар, ұлағатты ұстаз Шағангүл Алдамжарқызы бүгінде М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжінің директоры қызметін атқарады.

Сазгер Үкітай Ерниязов пен әнші Әлімжан Кеңес қонақтардың құрметіне арнап ән шырқап, рухани кештің шырайын арттырды. Кездесу соңында Тыныштықбек Әбдікәкімұлы өз шығармаларын қалалық кітапхана қорына тарту етіп, жас ұрпаққа рухани азық боларлық қымбат мұра табыстады. Сондай-ақ оқырмандарымен естелік суретке түсіп, қолтаңба беріп, ізгі тілектерін арнады. Бұл кеш – жастарға рухани шабыт, шығармашылық серпін сыйлаған әсерлі кездесуге айналды.

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы – қазақ руханиятындағы өзіндік үні, өз әлемі бар, ұлттық поэзияның терең тамырлы тұлғасы. Оның шығармалары ұлттың болмысын, рухани әлемін, адамзаттық құндылықтарды терең пайымдауға шақырады. Ақынның өмірі мен өнегесі – сөзге, рухқа, арға адал болудың үлгісі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!