Фото: Валерий Шарифулин / ТАСС

Ресей президенті Владимир Путин АҚШ президенті лауазымына республикалық партиядан үміткер Дональд Трамптан гөрі Америка мемлекетінің қазіргі басшысы Джо Байденді артық көретінін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Deutsche Welle басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ресей лидерінің айтуынша, Джо Байден Дональд Трампқа қарағанда тәжірибелі әрі болжамды саясаткер. Сонымен бірге Путин АҚШ халқы сайлаған кез келген президентпен ынтымақтасуға дайын екенін білдірген.

“Байден. Ол тәжірибелі, болжамды, әрі ескі формацияның саясаткері. Бірақ біз Америка халқы сенетін кез келген АҚШ басшысымен жұмыс істеуге дайынбыз”, – деген ол. Бұл туралы Путин 14 ақпанда жарияланған «Мәскеу. Кремль. Путин» бағдарламасының авторы Павел Зарубинге берген сұхбатында айтқан.

Байденнің денсаулығы жайлы пікір білдірген Путин АҚШ-тағы сайлау науқанына араласу «дұрыс емес» екенін жеткізген. Ол Швейцариядағы саммиттегі соңғы кездесуінде «олар оның (Байден. – Ред.) қабілетсіз екенін айтқанын» еске алған.

“Ондай ешнәрсені байқамадым. Иә, ол өз парағына қарады, ал шынымды айтсам, мен өз парағыма қарадым. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ал оның тікұшақтан түсіп жатып басын соғып алғаны – кім басын соғып алмай жатыр дейсіз”, – деп атап өткен Ресей басшысы.

Путин Дональд Трампты жүйеге сәйкес келмейтін саясаткер деп атаған, өйткені оның сөзінше,Трамптың АҚШ өзінің одақтастарымен қарым-қатынасты қалай құруы керектігі туралы өз пікірі бар.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!