Шетелдіктер асырап алған қазақ балалары туралы «Мұхит асқан мұңлықтар» хабарын көрген адамның жаны ауырады. Қазір әлемнің әртүкпірінде, Еуропа мен Америка құрлығында осылай тағдыр тәлкегімен жүрген ұл-қыз көп. Бірақ олар өзге елдің тілін, салт-дәстүрін қанша үйренсе де жүрегі қазақ деп соғады. Қаракөздердің өз Отанына аңсары ауып, ата-анасы мен туған-туыстарына іздеу салуы жиілеп кеткені соның дәлелі.

Дамыған елдердің ешбірі сыртқа бала бермейді

Ресми деректерге сүйенсек, 1999-2012 жылдар аралығында 8 806 қазақ баласы мұхит асқан, соның 6609-ы АҚШ-қа кеткен (оның ішінде 687 баланың жағдайы біраз жылға дейін белгісіз болған). Бірақ белгілі журналист Жанар Байсемізованың айтуынша, әлемнің 30 елінде қазақстандық жетім балалар өмір сүреді. Өзі жүргізген жобаның арқасында ол елімізден кеткен балалардың көбісі Америка Құрама Штаттарында (ресми мәліметте ол жаққа кеткен балалардың саны 6606 делінсе де, 8 мыңнан асады екен), сондай-ақ Испания, Бельгия, Канада секілді үлкен елдермен қатар Оңтүстік Африка Республикасында қазақ балаларын асырап алғандар бар. Назар аударатын мәселе кеткен қазақстандық балалардың бес мыңнан астамы өзге елдің азаматтығын қабылдаған көрінеді.

– Дамыған елдердің ешбірі сыртқа бала бермейді. Ел ішінде патронаттық жүйе, жетім қалған балаларды тез арада отбасыларына орналастыру жағы жақсы жетілген. Балалар үйі деген түсінік мүлдем жоқ. Тек кейбір елдерде ата-ана қарауынсыз қалған балаларды жаңа отбасы табылғанша уақытша ұстайтын мекемелер ғана бар. Мәселен, Америкада егер жоспарламай, бала көтеріп қалып, анасы оны қарай алмайтын жағдайда болса, ол бірінші кезекте әлеуметтік қызметкерлердің көмегіне жүгінеді. Олар өз кезегінде жас анаға ақыл-кеңес беріп, баланы қалайда туған анасында қалдыру үшін барлық әркеттерді жасайды.

Ал, бұлай болмаған жағдайда әлі туылмаған балаға жаңа ата-аналар іздестіріледі. Сәбидің шешесі болашақ ата-анамен танысады, оған қажетті барлық материалдық шығындарды солар мойынына алады. Бала өмірге келген соң егер анасы райынан қайтып, баланы өзінде қалдырамын деп шешсе заң сол жақта. Ал, оған кеткен шығындар қайтарылмайды. Ананың құқығы толық қорғалады. Тіпті баланы беріп, кейін ойланып, ақылға тоқтап өзіне аламын десе де толық құқығы бар. Сондықтан да американдықтар елдің ішінде бала асырауға аса бара бермейді. Өйткені туған анасының руқсатын алу керек, ол кез келген уақытта баламен кездесуге құқылы. Ал, негізінен АҚШ-та көбінесе нашақорлыққа салынған немесе түрмеге түскен немесе өмірден өткен кісілердің балалары жетім қалып жатады. Ересек жасқа келсе де оларды бағып алудан ешкім тартынбайды, – деген пікір білдірген Ж.Байсемізова.

тілі бөлек
Соңғы жылдары шетелдіктердің елімізден бала асырап алу көрсеткіші көп азайған. Себебі келеңсіз жайға қатысты. 2002 жылы Щучье қаласындағы балалар үйінен асырап алған Дамир мен Тимур атты балаларды АҚШ-тағы асырап алушының күйеуі атып өлтірген. Балалар ол кезде 16 және 18 жаста болған. Міне, осыдан кейін елде шетелдіктерге бала асырап алуға рұқсат беру барынша қатаңдатылды. Соның нәтижесінде 2013-2016 жылдар аралығында 125 жетім бала ғана шетелдіктерге асырауға берілген. Қазақстандық баланы асырап алғысы келетін шетел азаматы шамамен 30-40 мың долларын жұмсауы тиіс. Құжат жинаудан бөлек, белгілі уақытта мемлекетті баланың жағдайынан хабардар етіп отыру міндеті тағы бар. Яғни үрдіс күрделі. Бүгінде Испания, Италия, Франция, Канада, Бельгия, Англия сияқты елдер бала асырау бойынша Қазақстанға жүгіне алады. Тек 2012 жылдан бері АҚШ-қа мұндай құқық берілмейді.
Жетімдер үйінде өскен бала отбасы махаббатын сезінбей, тәлім-тәрбие көрмей өсетіні ақиқат. Бұл біздің ұлттық құндылығымызға, отбасы институтына кері әсерін берері хақ. Мәселен, бұған дейін Теодор есімді мұхит асқан қандасымыз әлеуметтік желіге өзінің ағасы Рүстемді іздейтінін жария етті. Іздестіру нәтижесінде ағайындылар бір-бірін тапты. Өкінішке қарай олар аудармашы көмегімен тіл табысқан. Қаны бір болғанмен, тілі бөлек деген осы шығар…

Бала – кері өткізетін тауар емес
Қазір қаншама қазақ отбасы балаға зәру болып отыр. Алайда біздің елде бала асырап алу оңай емес. Қазақстан Республикасында бала асырап алудың тәртібі, одан туындайтын құқықтар мен міндеттер және бала асырап алудың өзге де мәселелері бойынша «Неке және отбасы» туралы 2011 жылғы 26 желтоқсандағы №518-IV Кодексінің 13-тарауы 84-110-баптарына және Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын балаларды асырап алуға беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №380 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес жүзеге асады. Осы Кодекс бойынша асырап алушы ата-ана болуға тілек білдірушілердің жеке куәліктерінің көшірмесі, бала асырап алғысы келетіні туралы және тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларына тексеру жүргізу туралы өтініш, отбасы жағдайы туралы анықтама, ерлі-зайыптылардың біреуінің асырап алуға жазбаша келісімі, жиынтық табыс мөлшері туралы анықтама, тұрғын үйді сатып алу-сату туралы шарттың немесе жалға алу шартының көшірмесі, бала асырап алушылардың денсаулық жағдайы туралы анықтама, оның ішінде психикалық, есірткіге, алкогольге тәуелділіктің жоғы және сотталмағаны туралы анықтама қажет. Осылайша, қамқоршы органдар 10 күн ішінде тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларға тексеру жүргізіп, 5 күн ішінде нәтижесін хабардар етеді.
Құжаттардың толық пакетін жинағаннан кейін бала асырап алу процесі кемінде екі айға созылады. Бұл өтініштер мен құжаттарды қорғаншылық немесе қамқоршылық функцияларын жүзеге асыратын органға немесе республикалық деректер банкі арқылы тапсырады. Жіберілген құжаттарды арнайы комиссия құрамы тексеріп, олардың жауабын тағы күтеді. Одан қалды 3 айлық ата-аналар мектебін бітіріп, сертификатын алу да уақытты алады. Сонымен қатар толық медициналық тексерістен өтудің өзі біршама күнді артқа тастауға мәжбүр етеді. Әрине, бұл дұрыс, бірақ бұл процесс ұзақ уақыт алады.
Сондай-ақ осыған қатысты жаға ұстатарлық тағы бір статистика бар. Соңғы жылдары бірқатар үкіметтік емес ұйымдар оны жиі көтеріп келеді. Дәлелді дәйектер де келтірді. Айталық, балалар үйіне кері қайтарылатын балалардың орташа үлесі Ресейде 10 пайыз болса, Еуропа бойынша 8 пайыз екен. Тек 18 пайызбен көш бастап тұрған Қазақстан. Ата-анасынан жетім қалу бала үшін оңай емес, алайда кейін жаңа ата-ата тауып, олардан тағы да ажырап қалу ауыр соққы. Сондықтан балалар үйі азайды, балалар үйі тәрбиеленушілерінің саны кеміді, балаларды асырап алатын ата-аналар көбейді деп бөрікті аспанға атқанмен, жоғарыда сөз еткен мәселені шешпей, қуану ерте сияқты. Дегенмен жауапты ведомстволар кейінгі 10 жылда балалар үйінің саны 210-нан 96-ға дейін немесе 2 есе, ондағы тәрбиеленушілердің саны 3 есе азайғанын хабарлайды.
«Соңғы үш жылды алсақ, 42 балалар үйі жабылып, тәрбиеленушілердің саны 1969-ға азайып отыр. Балалар үйлерінде арнайы қамқоршылық кеңесі құрылды. 18 балалар үйі балаларды қолдау орталықтарына бейімделді. Бала асырап алатын ата-аналарды міндетті түрде даярлықтан өткізу үшін «Бала асырап алушылар мектебі» институты енгізілді» делінген Оқу ағарту министрлігінің хабарламасында.
Қалай десек те бұл мәселе өзектілігін жоймайтыны қынжылтады. Мұқағалидың «Біз жетімдерміз! Жетімдерміз! Ақпанның, аяз-қардың өтіндеміз. Мына сараң өмірден сауға сұрап, Тіршіліктің мазасын кетіргенбіз» дейтіні бар. Әр бала бақытты болуға лайық, олар әке мен ана мейіріміне іңкәр. Олар да өнерлі. Олар да өрелі. Тек балалар жыламасын, біз жетімін жылатпаған ел едік…

А.СНАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!