Польша астанасында блицтен ФИДЕ-нің әлем чемпионаты аяқталды. Бәсекеде қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева чемпион атанды.  Бұл оның әлем чемпионатындағы алғашқы жүлдесі емес. Бұған дейін жылдам шахматтан күміс жүлде иеленген. Биыл Бибісара Асаубаева әйелдер арасында онлайн өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанды, Қазақстан Республикасы құрамасында ойнап, Бүкіләлемдік шахматтан онлайн олимпиадада үздік 8 команданың қатарына кірді. 17 жастағы талантты қыз жайлы толығырақ тарқатсақ.

Мәліметтерге сүйенсек, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері 2004 жылы Тараз қаласында дүниеге келген. Шахматты төрт жасында үйренген.

«Алғашқы шахмат үйірмесіне барғанымда менен басқасының бәрі үлкен еді. Жеті жастағы ұлдармен ойнап жүрдім. Алғашқы 3 ай бойы тек жеңілдім. Үйге жылап келетінмін. Анам сол кезде мүмкін қажет емес шығар. Осымен тоқтарсың дейтін. Сосын арада 3 ай өткенде алғашқы жеңісіме қол жеткіздім», – деген шахматшы бір сұхбатында.

Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Олег Дзюбаннан тәлім алған. Ата-анасы Алматыға көшіп келгенінде осы маманға табыстаған. Алайда, бір уақыттары Бибісара Ресейге көшуге мәжбүр болды. Мәскеуде тұрып, сол елдің намысын қорғаған. 2016 жылы Ресейдің атынан өзінің жас мөлшеріндегілер арасындағы әлем чемпионатына қатысып, топ жарған еді. Бірақ өкінішке қарай 2 жылдан соң дау шықты. Ресейлік жаттықтырушы Евгений Соложенкин 13 жасар спортшыға «Турнир кезінде қулық танытып, электрондық құралды пайдалану арқылы жеңіске жетті» деген айып таққан. Өз кезегінде Бибісара мұны жала деп айтты. Ол жалған ақпарат таратқан жаттықтырушы әрекетін «атын шығару үшін жасады» деп мәлімдеді. Сол уақытта атышулы іс те қозғалды. Тексеріс жұмыстары барысында күдікті ешнәрсе табылмаған. Шахматшы қызды танымал ресейлік адвокат Александр Добровинский қорғады. Бірақ бірінші инстанциядағы – Мәскеудің Басман соты 2018 жылдың мамыр айында шахматшыға қарсы шешім шығарды. Адвокат осы кезде қарсы шағым түсіретінін айтқан деген деректерді таптық.

«Бір жылдан астам уақыт бізге жағылған қара күйемен өмір сүрдік. Алайда әділдік орнады – FIDE Соложенкинді 18 айға шеттетті. Сот менің де, Бибісараның да Соложенкинге қарсы арызын қанағаттандырды. Енді ол ақша төлейді. Сондай-ақ Бибісараны тыйым салынған құралдар пайдаланды деп айыптап мақала жазған басылымдар оның ақталғаны туралы ақпарат таратуға міндеттеледі. Біз ризамыз» – деп келтірген «Sputnik.kz» сайтына берген пікірінде шахматшы қыздың анасы Лиана Таңжарықова.

Осыдан 2 жыл бұрын Бибісара елге оралды. Сол кезде Маңғыстау облысының әкімі болған Ералы Тоғжанов отандасымыздың елге оралуына септігін тигізді. Осы күні Асаубаева жарыстарға Маңғыстау облысының атынан қатысып жүр.Байқағаныңыздай, намысшыл қазақ қызы жеткен жетістік аз емес, алда да ол биіктерден табыларына күмән жоқ. Шахмат ханшайымының айтуынша, ол бұл жетістікке 10 жылдық еңбектің нәтижесінде қол жеткізіп отыр. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев шахматшыны айтулы жүлдесімен құттықтады.Twitter-дегі парақшасында Президент «Бибісара Асаубаеваны блиц бойынша өткен әлем чемпионатындағы жарқын жеңісімен құттықтаймын. Бұл керемет жетістік барша қазақстандық үшін, әсіресе, шахмат әуесқойлары үшін Жаңа жыл қарсаңындағы жағымды жаңалық болды. Бибісараның табыстан табысқа жете беруіне тілектестік білдіремін!» деген жазба қалдырды.