Салтанат Түйтібаев – кәсіби марафоншы. Күні кеше халықаралық марафондардыңі шіндегі ең беделдісіне қатысты. Бұған дейін ол Австралияда жүгіруден өткен әлем біріншілігінде 2-орын алған. Жаңа Зеландияда ардагерлер арасында өткен марафонда да 1-орынға ие болған. Жүгіруді ертеңнен бастаймын деп жүрген көп жасқа үлгі желаяқ қария жайлы тарқатсақ.


Кейіпкеріміз ұстаздық мамандықты игеріп, біраз жыл мұғалім болған. Кейін кәсіподақ саласына ауысып, одақ ыдырап қиын-қыстау заман басталғанда жеке кооператив ашып, еңбек еткен. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Марафоншы Нью-Йоркте қаласында өткен халықаралық марафонда көпшілікпен бірге 42 шақырым 195 метрді жүгіріп өтті. Айтпағымыз, Нью-Йорк марафонында жүгіру әрбір марафоншының басты арманы. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен шамамен 50-52 мың адам қатысады.


«Мен осыдан 2 жыл бұрын Амстердамда жүгіру марафонынан біліктілікті растайтын нормативті тапсырдым, норматив нәтижесі белгілі болғаннан кейін Нью-Йорктегі жүгіру марафонына ұйымдастырушылар мені қатысуға шақырды. Бұл марафон негізі былтыр өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге шегерілді. Жалпы аталған жүгіру сайысы жыл сайын қараша айының алғашқы демалысында өтеді. Шынымды айтайын, бұған дейін мұндай марафонды көрген емеспін. Осыған дейін түрлі деңгейдегі 22 халықаралық жүгіру марафонына қатыстым», – деген бір сұхбатында Салтанат Түйтебаев.


Ең қызығы, қария Нью-Йоркке марафон басталуға аз күн қалғанда барған. Бұл ретте аклиматизация процесінен өтудің өзі қиын. Өйткені жүгірушілер апта бұрын барып, дайындалады. АҚШ пен Қазақстанның уақыт айырмашылығы – 11 сағат. Бізде қазір күндізгі уақыт болса, Нью-Йоркте түн. Сосын тағы бір қиындық тудыратыны – марафон көбіне қай жерден басталса, сол жерден аяқталады. Ал 42 шақырымға созылған Нью-Йорк марафонының сөресі бір жерден басталғанмен, мәрені мүлде басқа жерден кесіп өту қажет.


«Жалпы, Нью-Йорктің бес ауданы бар. Бір Бруклин ауданының өзі бір Алматымен тең, онда шамамен екі миллион адам тұрады. Елестетіп көріңіз, осындай бес ірі аудан орналасқан аумақты жүгіріп өту оңай емес. Одан соң көпірден жүгіріп өту де қиын. Нью-Йорктің көпірлері тым ұзын әрі биік, соңына дейін жеткенше әлсіреп қаласың. Оның үстіне қала кедір-бұдырлы жерде орналасқан, бір түсесің, бір көтерілесің. Көшелері де ұзын. Жалпы айтқанда, өмірімде қатысқан ең қиын марафон осы болды», – дейді желаяқ.


Спортты басты орынға қоятын Салтанат Түйтебаев ақыл-кеңесімен де бөліскен. Ол қазір спортқа бет бұрамын деген адамға жүгіретін орынның жеткілікті екенін, көшелердің өзінде жаттығатын бар құрал-жабдық қарастырылатынын айтады.


«Не керектің барлығы бар. Бар болғаны, берілген мүмкіндікті пайдалан. Жалқаулық желкеңнен басып-жаншып тұрса да, спортқа көңіл бөл. Таңертең бір сағат ерте тұр. Көпшілік бірден жоғары жылдамдықпен жүгіргенді құп көреді, бірақ әсте олай емес. Асықпай жүгірген жөн. Сосын «бүгін осыншама шақырым жүгіруім керек» деп алдын ала жоспарлап, сағатқа қарай беруді қою керек. Қала берді, интернеттен жүгіруге дағдыланудың жолын іздеп, сырттан ақыл-кеңес іздеп жүретіндер де бар. Бұл да дұрыс емес. Бүгін қанша жүгіретініңді организмің өзі-ақ «айтып» береді. Спортқа бет бұрып, сылтау іздемеу керек», – деп кеңес береді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!