Биыл футболдан 22-мәрте жалауы желбіреген әлем чемпиоанатының тосын жаңалықтары көп болуда. Соның бірі – футбол жұлдыздары Кәрім Бензема мен Сенегалдың бас жұлдызы Садио Манеге  байла­нысты ақпарат. Қос жұлдыз да Катардағы үлкен мундиальға қатыс­пайтыны анықталды.

Франциялық шабуылшы құрама сапындағы жаттығу кезінде жарақат алып қалған.  МРТ қорытындысы жарақаттың ауыр екенін көрсетті. Осылайша француз төрткүл дүние көз тіккен турнирден екінші рет шет қалды. Бензема 2018 жылғы мундиальға қатыспаған еді. Ол кезде шабуылшы дау-дамайлы жағдайларға байланысты мүлде құрамаға шақыртылған жоқ.«Алтын доп» иегері жалпы алғанда Франция ұлттық құрамасы үшін 14 ойын өткізіп, 10 гол салған болатын.

Ал Дохадағы «Халифа» стадионында әлем біріншілігінің алғашқы ірі есебі тіркелді. Англия мен Иран арасындағы матчта осы сегіз гол соғылды. Кездесуде ағылшындар Иран құрамасын 6:2 есебімен тізе бүктірді. Гарет Саутгейт жетекшілік ететін британиялықтар матч тағдырын бірінші таймның соңғы 11 минутында шешіп тастады. Кездесудің бірінші голын чемпио­наттың және Англия құрама­сының ең жас ойыншысының бірі Джуд Беллингем соқты. Бұл 19 жастағы футболшының ұлттық құрама сапындағы алғашқы голы болды. Сондай-ақ ол Англия сапында әлем чемпионаттары тарихында гол соққан ең жас екінші ойыншы атанды. Біріншісі – әйгілі шабуылшы Майкл Оуэн (18 жас). Тайм соңына қарай Букайо Сака мен Рахим Стрелинг бірден көзге түсті. Екінші таймда Сака дубльдің авторы атанып, есепті 4:0-ге жеткізсе, 90 минутқа дейін ағылшындар сапынан Маркус Рэшфорд пен Джек Грилиш өз еншілеріне бір голдан жазды. Ал Иран құрамасынан Мехди Тареми екі мәрте дәлдік танытты. Тареми 65-минутта ойын жағдайында гол соқса, 90+13 минутта пенальтиді сәтті орындады. Осы матчқа төрелік жасаған бразилиялық төреші Рафаэль Клаус бірінші таймға қосымша – 14, екінші таймға 10 минут қосып, әлем біріншілігінің рекордын орнатты. Сөйтіп, бұл матч 117 минутқа созылды.

Ағылшындардың барлық ойыншысының құны – 1,26 миллиард еуро. Солардың арасындағы ең құндысы – Фил Фоден. 22 жастағы «Манчестер Ситидің» жартылай қорғаушысы 110 миллион еуроға бағаланып отыр. Одан кейінгі сатыға Джуд Беллингем (100 миллион), Бакайо Сака мен Харри Кэйн (90 миллион), Деклан Райс (80 миллион), Мейсон Маунт (75 миллион), Рахим Стерлинг, Джек Грилиш және Трент Александер-Арнольд (70 миллион) сынды теңбіл доп шеберлері жайғасты. Екінші және үшінші орындарда – Бразилия мен Франция. Бұл мемле­кеттердің футбол­шылары 1,14 және 1,03 миллиард шамасында. Бразилияның беткеұстары Винисиус Жуниор 120 миллионға бағаланса, француздардың дүлдүлі Килиан Мбаппенің трансферлік құны 160 миллион еуроны құрап отыр. Сондай-ақ ТОП-10 команданың қатарында Португалия (€ 937 млн), Германия (€ 886 млн), Испания (€ 872 млн), Аргентина (€ 645 млн), Нидерланд (€ 587 млн), Бельгия (€ 563 млн) және Уругвай (€ 450 млн) құрамалары бар.

Сонымен қатар биылғы біріншіліктің басты сенсациясы – Аргентина мен Сауд Арабиясы арасындағы кездесу. Чемпионаттың басты фавориті саналған Аргентина ойда жоқта қарсыласына жол берді. Матчта алдымен Месси есеп ашты. Төрешінің белгілеген 11 метрлік айып добын мерген Месси мүлт жібермеді. Алайда Аль-Шехри мен Аль-Давсаридың соққылары Аргентина қақпасының жібек торынан табылып, Сауд Арабияға жеңіс сыйлады. Осылайша Аргентинаның жеңісіне бәс тіккен футбол фанаттары 90 минуттың ішінде букмекерлік кеңселерді мол қаржыға кенелтті. ФИФА баспасөз қызметінің мәліметінше, сенсацияға толы ойынға 88 012 көрермен келген.

Ерасыл Шәрібек

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!