Қыркүйек айының соңғы аптасында әлемнің әр қиырында аралас жекпе-жектен ірі халықаралық турнирлер өтеді. Сол жарыстардың кейбірін қазақстандық жанкүйерлер тағатсыздана күтуде. Себебі айтулы бәсекелерде біздің елдің өрендері де өнер көрсетеді. Октагонға шығатындар арасында Қуат Хамитов, Асылжан Бақытжанұлы, Нұрсұлан Қасымханов, Қаршыға Дәуітбек және тағы басқалар бар.
24 қыркүйекте Мәскеуде АСА 129 турнирі өтеді. Сол жарыста Қазақстанның үш бірдей өрені өнер көрсетеді. Үшеуі де Алматыда іргетасы қаланған Данияр Қасқарауов жетекшілік ететін «Алаш Прайд» клубының мүшесі. Тарқатып айтсақ, 93 кило салмақта АСА рейтингінде төртінші орында тұрған Асылжан Бақытжанұлы «Сақ» бразилиялық Леонардо Сильвамен айқасады. Жалпы ауыр салмақта сынға түсіп жүрген қазақстандық спортшылар тым сирек. Сол себепті барша Алаш жұрты Асылжанға зор үміт артып отыр. Осы күнге дейін октагонға 12 мәрте шыққан 31 жастағы қазақтың қайсар ұлы 11 бәсекені өз пайдасына шешті. Тоғыз қарсыласын есінен тандырды. Соңғы рет ол осыдан тура бір жыл бұрын Ресейдің астанасында атақты Алексей Буториннен ұтылған еді. Енді қайта еңсе тіктеу қажет. Бақытжанұлының бұл жолғы қарсыласы да мықты. Сегіз жылдан аса осы спорт түрін серік еткен 29 жастағы Оңтүстік Американың өкілі 22 кездесу өткізіп, 17 рет жеңіске жеткен.
Мәскеудегі турнирде көптеген жанкүйердің назары 66 кило салмақтағы қазақтың ұлы Нұрсұлтан Қасымханов пен хабаровскілік Алексей Полпудников арасындағы айқасқа ауатыны сөзсіз. Себебі дәл осы спортшы кезінде біздің Арман Оспановпен үш мәрте кездесіп, екі рет сан соқтырып кетті. Сонау 2013 жылы Сочиде Арман оны бір минутқа жеткізбей ұрып жықса, 2017 және 2019 жылдары Мәскеуде ұйымдастырылған бәсекелерде Полпудников кеткен есесін қайтарды. Иә, 28 жастағы Ресей спортшысының өте мықты екеніне еш күмән жоқ. 10 жылдан аса уақыт аралығында айқас алаңына 38 мәрте шыққан ол 29 рет жеңіске жетті. 21 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Десек те 29 жастағы Нұрсұлтан да оңайлықпен есе жібере қоятындардың қатарынан емес. Оның рекорды – 11 жеңіс және 3 жеңіліс. Жетісу жолбарысының ең басты қасиеті – «өліспей, беріспейді».
АСА турнирінде жоғарыда есімі аталған қос өренімізден бөлек, Қаршыға Дәуітбек (9-3) бақ сынайды. 66 кило салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп жүрген ол Тәжікстанның тарланы Фатхидин Собировпен (15-4-1) сайысқа түседі.
Дәл сол күні Ресейдің Сочи қаласында AMC Fight Nights турнирі өтіп, қазақтың қос қыраны өз өнерлерін ортаға салады. Солардың арасынан Қуат Хамитов пен Мариф Пираевтың арасындағы жекпе-жекті көрермендер тағат-сыздана күтуде. «Найман» деген бүркеншік есіммен танылған жерлесіміз 28 жекпе-жегінің 21-ін жеңіспен аяқтады. 17 бәсекеде айқын басымдыққа ие болды. Мариф Қуаттан бес жас кіші. Десек те «Пиранья» атанған Да-ғыстанның тумасы күні бүгінге дейін 31 рет октагонға шығып үлгерді. 26 бәсекеде мерейі үстем болып, 11 қарсыласын нокаутқа жіберді. Кезінде Пираев Игорь Свирид пен Георгий Кичигин сынды қазақстандық спортшыларды сабап тастаған. Қара теңіз жағалауында Қуат Хамитовпен бірге Нұрбек Қабдрахманов та күш сынасады. Оның қарсыласы – краснодарлық Азамат Ачмиз.
26 қыркүйекте Дәурен Ермековке (14-5) жанкүйер боламыз. Грузияның бас шаһары – Тбилисиде өтетін Eagle FC турнирінде ол жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген дағыстандық Нуцалхан Умахановпен (7-0) шеберлік байқасады.
28 қыркүйекте АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында әлемдегі ең белді промоушен – UFC өзінің кезекті жарысын өткізуді жоспарлап отыр. Қазақстанның тағы бір өкілі осы дүбірлі додада күш сынасу құрметіне ие болды. Ол – Николай Веретенников. 31 жастағы Николай 12 жекпе-жегінің тек үшеуінде ұтылды. Соңғы сегіз кездесуінің барлығында оның мерейі үстем болды. Бірақ Веретенниковтің қарсыласы да мықты. 21 жастағы эквадорлық Майкл Моралес өзінің 11 бәсекесінің барлығында жеңіске жетіп, 10 қарсыласын есінен тандырған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!