Футболдан Қазақстан чемпионаты тур өткен сайын тартысқа толы өтуде. Алдыңғы үштік чемпиондыққа талас жүргізсе, «Тұран», «Қайсар», «Жетісу» сынды командалар премьер-лигада орнын сақтап қалу үшін алдына жан салмауда. 20 турда да сенсациялық сәттер орын алды.

Бұл турда қостанайлық клуб әупірімдеп жүріп, көш басына шықты. “Тобыл” Қазақстан Премьер-лигасының 20-туры аясында “Каспийді” жеңді. Ойын Қостанайдағы Орталық стадионда өтіп, 2:1 есебімен аяқталды.

Кездесудің 15-минутында Сергей Малый бұрыштамадан асырылған пастан кейін есеп ашты. Ал 40-минутта Рамазан Кәрімов Роман Асранқұловтың өрескел қателігінен кейін жауапты голды соқты. Бірақ 77-минутта Алеса Аманович жеңіс голын соқты. Бес минуттан кейін Рубен Бриджидо екінші ескерту қағазын алып, ойынды ерте аяқтады.

“Тобыл” 45 ұпаймен қайтадан турнирлік кестеде көш басына шықты. 24 ұпайы бар ақтаулық клуб сегізінші орынға табан тіреді.

 Құрбан Бердыев Премьер-лигадағы дебюттік матчында сәтсіздікке ұшырады. “Ордабасы” алматылық “Қайратты” қабылдап, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Кездесудің небәрі 10-минутында Абдуллай Диакате стандарттан асырылған пасты басымен қақпаға дәл бағыттады. Ал 31-минутта Александр Клещенко Стас Покатиловты қапыда қалдырды. Бес минуттан кейін Айбол Әбікен тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. 72-минутта “Қайрат” шабуылшысы Хосе Канте пенальтиді сәтті орындағанымен, командасына ұпай сыйлай алмады.

Шымкенттік клуб бұл жеңістен кейін 30 ұпаймен бесінші орынға көтерілсе, Құрбан Бердыев шәкірттері 37 ұпаймен үшінші орында қалды.

“Ақтөбе” мен “Тараз” үш ұпайды сарапқа салды. Дегенмен Ақтөбе қаласындағы Қобыланды батыр стадионында өткен матч 0:0 есебімен аяқталды.

Алаң иелері бұл матчта 4 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздесе, жамбылдық клуб 3 рет “Ақтөбе” қақпашысын мазалады. Одан бөдек, “Тараз” сапында Бауыржан Байтана, Эривалдо және Мақсат Әмірханов ескерту қағазын алды.

Владимир Мұханов шәкірттері бұл ойыннан кейін 24 ұпаймен оныншы орынға жайғасты. Ал “Тараз” бір саты жоғары тұр (24 ұпай).

“Шахтер” бұл турда “Жетісумен” кездесті. Матч Қарағандыдағы “Шахтер” стадионында өтіп, 3:1 есебімен аяқталды.

Ойынның 8-минутында Давид Атанаскоскидің пасынан кейін Оралхан Өміртаев есеп ашты. 20-минутта “Жетісу” қақпасына пенальти белгіленді. Оралхан бұл мүмкіндікті де голға айналдырды. Дегенмен 32-минутта Одуэньи Угочукву “Жетісу” сапындағы дебюттік голын соғып, есеп айырмасын қысқартты. Ал бірінші таймның аяқталуына 4 минут қалғанда Евгений Шикавка матчтың нүктесін қойды.

Үш ұпайға қол жеткізген Магомед Адиев шәкірттері он бірінші орынға көтерілді (19 ұпай). Ал талдықорғандық ұжым 11 ұпаймен ең соңғы орында қалды.

«Атырау» «Тұран» клубымен кездесті. Атыраудағы «Мұнайшы» стадионында өткен кездесу 2:2 есебімен аяқталды.

Ойынның 20-минутында «Тұран» есеп ашты. Александр Чиж  алғашқы голдың авторы атанды. Бірақ 42-минутта Даниэль Стойкович таразы басын теңестірді. Ал 72-минута Самир Фазли «Тұран» жейдесіндегі алғашқы голын соқты. 81-минутта Брайан айып добын тамаша орындап, командасына бір ұпай сыйлады.

«Атырау» бұл ойыннан кейін 26 ұпаймен жетінші орында қала берді. Ал түркістандық клуб 19 ұпаймен он екінші орында тұр.

«Ақжайық» Қазақстан Премьер-лигасының 20-турында «Астананы» қабылдады. Матч Оралдағы Петр Атоян атындағы стадионда өтіп, 0:1 есебімен аяқталды.

Ойындағы жалғыз әрі жеңісті голды Валерий Чуперка 10-минутта соқты. Нәтижелі пасты Макс Эбонг өз еншісіне жазды.

Жеңіске жеткен елордалық клуб 44 ұпаймен турнирлік кестеде екінші орынға жайғасты. «Ақжайық» 24 ұпаймен бесінші орында қалды.

Қызыл-Жар» «Қайсарды» қабылдады. Кездесу Петропавлдағы «Қарасай» стадионында өтіп, 2:0 есебімен аяқталды.

Ойындағы алғашқы гол 61-минутта соғылды. «Қайсар» қақпашысы Марсель Исламқұлов Мусса Конеге қарсы ойын тәртібін бұзғандықтан, алаң иелері пенальти тебу құқығына ие болды. Ал бұл мүмкіндікті Әлібек Қасым мүлт жібермеді. Матчтың аяқталуына санаулы секундтар қалғанда Тимур Мульдинов есепті еселеді.

Петропавлдық клуб бұл ойыннан кейін 32 ұпаймен турнирлік кестеде 4-орынын сақтап қалды. Ал Владимир Никитенко шәкірттері 15 ұпаймен 13-орында тұр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!