«AMANAT» партиясы жанындағы«Жастар Рухы» Жастар қанатының облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Рухтастар cases» диалог алаңы өтті.

Диалог алаңында Алматы облысының мәслихат депутаты, Бразилиялық джиу-джитсудан қара белбеу иегері, грэпплингтен Азия чемпионы, аралас жекпе-жектен «Алаш прайд» халықаралық турнирінің төрт дүркін жеңімпазы Орынбасаров Нұрсұлан Жұмабайұлы және қоян-қолтық ұрыстан қазақ қыздары арасында тұңғыш үш дүркін әлем чемпионы, ММА жауынгері Рахмонова Сора Бақтыбайқызы жас спортшылармен кездесті.

Жиын барысыңда қонақтар өздерінің жеткен жетістіктерімен бөлісіп, жастарға бағыт-бағдар көрсетіп, ақыл-кеңестерін берді.  Сондай-ақ, келелі кездесуде еліміздің мерейін әлемге шарықтатып жүрген спорт майталмандары биік мақсаттарға қалай қол жеткізіп, спорт саласындағы жеңістері туралы әңгімеледі.

Сонымен қатар кездесуге облыстық мәслихаттағы «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі, «QAISAR»әскери-патриоттық жобасының амбассадоры Әмірбек Шаймағанбетов қатысып, қонақтарға өз ризашылығын жеткізді.

«Үлкен спорт — әр елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының бірден-бір көрсеткіші, патриотизм мен халық бірлігінің нышаны. Бұл орайда Қазақ елі тәуелсіздік алған алғашқы күндерден бастап-ақ бірден көзге түсіп, халықаралық аренада орасан зор беделге ие. Егеменді еліміздің көк байрағын биікке көтеріп, Қазақстанды алты алашқа  танытуда өз үлестеріңді қосып келесіңдер. Жас ұрпақты патриот болумен қатарсалауатты өмір салтын қалыптастырып тәрбиелеуде жұмыстарыңа сәттілік тілейміз», – деді облыстық мәслихат депутаты Ә.Шаймағанбетов.

Іс-шарадан  кейін қонақтар қаланың көрікті жерлерін аралап, «Евразия» спорт кешенінің жас спортшыларымен кездесті.

Жас буынға ерекше әсер сыйлаған кездесуде спортшылар  жастарға жеңілістерге қарамастан, өжеттілік танытып, еңсені түсірмеуге кеңестерін берді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!