Футболдан Сырдың намысын ел біріншілігінде абыроймен қорғап жүрген «Қайсар» футбол клубын алдағы маусымда біршама өзгерістер күтіп  тұр.

 Еуропа лигасының қатысушылары биыл чемпионатта жақсы ойын көрсетіп келеді. Алдыңғы алтылыққа жайғасқан команда соңғы турда «Қызылжарды» жеңсе, турнирлік кестеде жағдайын біршама жақсартады. Хош, биылғы біріншіліктен кейін клубта өзгерістер орнамақ. Алдымен аукционда дала қасқырларына қызығушылық танытып, сатып алатын болса, команда жекеменшік режимде қызметке ауысады. Сонымен қатар команданың бірнеше ойыншылары өзге клубқа ауысуы бек мүмкін. Бірақ клуб басшылығы негізгі құрам ойыншыларын сақтап қалуға ниетті. Бүгінде «Қайсардың» бірнеше футболшысы жаңа маусымда Қызылордада қалуға келісім білдіргендей. Атап айтсақ, қорғаушы Ілияс Әмірсейітов, Иван Граф, қақпашылар Нұрымжан Салайдын, Марсель Исламқұлов, жартылай қорғашуы Думан Нәрзілдаев бар. Ал қалған ойыншылар біріншілік аяқталғаннан кейін бұл мәселені талқыламақ. «Қайсардың» келер маусымда қандай бюджетпен қатысатыны да белгілі болғандай. Облыс әкімі Гүлшара Наушақызының Нұр-Сұлтан қаласындағы мәслихатта былай деп мәлімдеді.

– «Қайсар» футбол клубының биылғы ойынына жақсы баға беруге болады. Өйткені биылғы ахуалға байланысты «Қайсардың» бюджеті оңтайланып, 34 пайызға қысқарды. Яғни қазынаға 1 млрд 362 млн теңге үнемделді. Келер жылы команданың бюджеті 1 млрд 600 млн теңгеге жоспарланып отыр. Құрамның басым бөлігін отандық футболшылар құрайды, – деді аймақ басшысы.