Литвада өтіп жатқан Әлем чемпионатының ең таңдаулы ойыншыларының бірі – Дуглас Жуниор. Ол ширек финалда өтетін Қазақстан мен Иран ойынын талқылап, футзалдан әлемнің үздік ойыншыларына тоқталады.
2019 жылы түсірілген «Кек алушылар: Финал» атты тамаша фильмнің басты кейіпкері Темір адам болды. Туынды бірнеше рекордты жаңартып, «Титаник» фильмін басып озып, тарихта ең табысты фильм атанды.
«Темір адам» тағы да көк ғаламшарға қауіп төндіретін 2021 жылғы сценарийдің басты кейіпкеріне айналды. Алайда бұл жолы басты кейіпкердің рөлін Роберт Дауни емес, Дуглас сомдайды. Өтетін жері Pinewood Atlanta студиясы емес, Литваның алаңдары. Бас жүлде театр кассасының жиыны емес, футзалдан Әлем чемпионатының кубогы.
Литвада футзалдан Қазақстан құрамасы сенсацияға тап болды. Какадан тәлім алатын құрама ширек финалда Иран құрамасын 3-2 есебімен қапы қалдырып, жартылай финалға жолдама алды. Құраманың жарқын жеңісіне үлес қосқан ең таңдаулы ойыншының бірі – Дуглас Жуниор дүбірлі доданың қызықты сәті мен Қазақстан құрамасы туралы әңгімелеп берді.
– Жартылай финалға жету Қазақстан құрамасы үшін керемет нәтиже. Бақытты шығарсыз?
– Біздің қуанышымызда шек жоқ. Плей-оффтың әр ойыны қиын. Осал құрама жоқ. Мысалы, Жапония құрамасы Бразилияға лайықты қарсылық көрсетті. Ресей үшін Вьетнаммен ойын оңай болмады. Көршілес Өзбекстан құрамасы да таңғажайып ойын өрнегін көрсетті. Финалға жақындаған сайын матчтар қиындай түседі. Ширек финалда Иран құрамасымен өте тартысты ойын болды. Алғашқы таймда 2-0 есебімен жеңілдік. Бірақ сағымыз сынбай соңына дейін төтеп бердік. Соның арқасында 3-2 есебімен басым түстік. Колумбияда өткен әлем чемпионатында 1/8 финалға шықтық. Біздің басты міндеттеріміздің бірі осы көрсеткішті жаңарту болды. Бұл мақсатты орындадық. Енді жаңа міндетті алға қоямыз.
– Алда Португалия. Қарсылас туралы не ойлайсыз?
– Португалия әлемнің үздік құрамаларының бірі екенін бірнеше жыл бұрын дәлелдеген. Шебер ойыншылардан жинақталған мықты құрама деуге болады. Кім мықтыны жартылай финалда анықтаймыз.
– Қазақстан құрамасы Литвада өткен әлем чемпионатында жеңіске жете ала ма?
– Бұл – біздің арманымыз. Футзал тарихында ешкім күтпеген оқиғалардың бірі болары сөзсіз. Біздің көрсеткіштеріміз жаман емес, Еуропа чемпионатының жартылай финалына шықтық. Мүмкіндігіміз мол. Бұл әлем футзалы үшін күтпеген оқиға болуы ықтимал. Біз үшін бұл таңсық емес. Қазақтардың керемет халық екенін дәлелдеуді қалаймын.
– Қазақстанда футзалдың алар орны қандай?
– Сенбейтін шығарсыз, Қазақстанда футзал қатты дамыған. Мәселен, «Қайраттың» ойынында арена лық толы. 13000, 15000 жанкүйер. Қазақтар үлкен футболға қарағанда футзалмен көп әуестенеді. Әлем чемпионатында алға итермелеп жатқан қазақ жанкүйерлерінің де қолдауы зор. Олардың жанайқайын естиміз, шынымен де бізге мотивация береді. Олардың қолдауы – басқа әлем!
– Әлем чемпионатында «Алтын доп» иегері кім болады деп ойлайсыз?
– Пито. Ол жан-жақты. Ол допты ойынға қоса алады, ойынды жүргізе алады, гол соға алады. Керемет ойыншының болашағы алда деп үміттенемін. Әлем чемпионатында Игита да керемет ойынымен көзге түсті. Бұл тізімде Феррао да бар. Жеті гол соғып тастады. Осы үш ойыншының бас жүлдеден үміті бар.
– Игита әлемнің үздік футболшысы деп сізді санайды…
– Игита мені әрдайым алға жетелейді. Екеуміз үнемі бірге жүрдік. Барлық қиындық пен қуанышты бірге өткіздік. Игита менің ағамдай. Өмір бойы оны құрметтеп өтемін. Оның айтқан сөздеріне алғыс айтамын, алайда бұл талқылауды бұқаралық ақпарат құралдарының таңдауына қалдыруды жөн деп санаймын. Әлемнің ең үздік ойыншысы атағын соңғы екі жылда алған Феррао бар. Пито мен Игита да сол тізімде деп санаймын. Мен бұл тізімде жоғары жақта емеспін. Пито әлемнің ең үздік ойыншысы деп ойлаймын. Мен команда үшін жанын салатын қарапайым ойыншылардың бірімін.
– Ферраоға қандай баға бересіз?
– Ферраоға қарсы бірнеше рет ойнадым. Бірнеше рет жеңіп, алғашқы орынды алған едік. Алайда, соңғы Чемпиондар лигасының жартылай финалында есеміз кетті. Оның физикалық дайындығы жақсы. Феррао сияқты қиындықтармен кездескенді ұнатамын. Екеумізге де оңай емес. Ферраоның үлгісінде ойнайтын ойыншылар менің жаңа қырымды аша түседі деп ойлаймын.
– Игита туралы не ойлайсыз?
– Өте кәсіби, үлгі көрсететіндей тұлға. Екеуміз сегіз жыл біргеміз. Одан артық еңбек ететін жанды таба алмайсыз. «Еңбек қылмай, жеңіске жете алмайсың» деген қағиданы ұстанады. Тарихтағы ең үздік қақпашы екеніне ешқашан шүбә келтірген емеспін.
– Лақап атыңызға тоқталайықшы…
– «Темір адам» деп алғаш рет Игита бастап айтқан. Бразилия және барша әлем мені «Темір адам» деп айтады. Бұл мен үшін қызық және маған ұнай бастады. Үйге қайтып бара жатқанда үнемі қайталап айтамын.
– Гуамаре халқы Қазақстан мен Бразилия ойнаса, кімге қолдау көрсетеді?
– Гуамаре – туған қалам, Олар Қазақстанды қолдайды. Ешқашан күмән келтірмеймін (күліп). Барлығы маған хабарлама жіберіп жатыр: «Қазақстан – Бразилия финалы болады» деп. Егер финал дәл солай болып жатса, онда Гуамаре халқы бір күнге қазаққа айналады!
– Өзіңіз финалда Бразилиямен кездескенді қалайсыз ба?
– Бұл – менің арманым. Әлем чемпионатының финалында Бразилия құрамасына қарсы ойнау менің карьерамдағы ең ұлы сәттердің бірі болмақ. Бұл – барша қазақтың арманы. Спорттың бұл түрінде Бразилияға тең келер қарсылас жоқ. Әрине, мен ең алдымен жартылай финалдағы ойынды ойлаймын. Алайда, Қазақстан мен Бразилия финалы туралы ойды жасыра алмаймын. Бұл –менің арманым…
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!