Қазан айының алғашқы күндерінде Ташкентте дзюдодан ерлер мен әйелдер арасындағы әлем чемпионатының жалауы желбірейді. Төрткүл дүниенің ең мықты балуандары бас қосатын байрақты бәсекеде ел намысын қорғайтын балуандар белгілі болды.

Қазақстанның ерлер құрамасының бас бапкері Нұрбол Сүлейменов тоғыз шәкіртіне сенім артты. 60 келі салмақта Елдос Сметов татамиге шығады. Ұлттық командамыздың сапындағы ең атақты балуанымыз соңғы кездері 66 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткені мәлім. Бірақ жолы болмай, жауапты жарыстарда жеңілістің кермек дәмін татты. Содан федерация басшылығы және жеке жаттықтырушысы Ғалымжан Жылкелдиевпен ақылдаса отырып, үйреншікті салмағына қайта оралды.
Ал бұған дейінгі әлем чемпионаттарында ол екі рет жеңіс тұғырына көтерілген еді. Атап айтсақ, 2015 жылы Астанада алтын алса, 2019 жылы Токиода қола медальды мойнына ілді. Одан бөлек, Сметовтің Олимпия ойындарының күміс пен қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы және құрлық чемпионы деген атақтары тағы бар.
Елдоспен бірге бұл салмақта Мағжан Шамшаддин де күш сынасады. Осыдан бірер жыл бұрын жастар арасында әлем чемпионы атанған Сыр балуаны ересектер дуында біразға дейін айшықты өнерімен көзге түсе алмай жүр­ген еді. Десек те кейінгі жылдары ол үздіктер қатарына енді. Былтыр Мағжан Будапешттегі дүниежүзілік додада жеңіс тұғырына сынық сүйем қалғанда сүрініп, бесінші орынды қанағат тұтты. Биыл Загребте өткен Grand Slam турнирінде бас жүлдені олжалап, Астанада ұйымдастырылған Азия чемпионатында қола медальды қоржынға салды.
66 келі салмақтағы Гұсман Қырғызбаев былтыр Мажарстанның астанасында шымылдығы түрілген әлем чемпионатында қазақстандық дзюдошылар арасынан жалғыз өзі жүлде алды. Ақтық сынға дейін алқынбай жетіп, финалда ресейлік Яго Абладзеге есе жіберді. Будапешттегі күмістен бөлек, Ғұсманның еншісінде құрлық біріншілігінің қос қола медалі бар.
73 келі салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаев өнер көрсетеді. Биылғы жылдың тамыз айында Астанада өткен құрлықтың басты додасында Данияр дара талантымен көзге түсті. 18 жастағы дарынды балуан ересектердің Азия чемпионатына алғаш рет қатысқанына қарамастан барлық қарсыласын айқын басымдықпен жеңді. Бастапқы бәсекелерінде үндістандық Суреш Сингх пен тәжікстандық Бехруз Ходжазоданы небәрі 42 секундта жеңді. Жартылай финалда биыл ғана жастар арасындағы Азия чемпионатында топ жарған қырғызстандық Шыңғысхан Сағыналиевті 31 секундта сан соқтырды. Финалда Даниярдың жолы Өзбекстанның танымал балуаны, Лиссабондағы Гран-при турнирінің жеңімпазы Муроджон Юлдашевпен қиысты. Бұл бәсекеде ол қарсыласын 34 секундта-ақ алып ұрды. Осылайша, Шамшаевқа Азия чемпионы атану үшін бар-жоғы 149 секунд жеткілікті болды.
81 келі салмақта Абылайхан Жұбаназар күрессе, 90 кило салмақта Дидар Хамза сайысқа түседі. Жиырмадан енді ғана асқан шағында Азия ойындарында алтын алып, одан кейін бірқатар аса ірі халықаралық турнирде атой салған Дидар кейінгі кездері үкілі үмітімізді ақтай алмай жүр. Былтыр Токио Олимпиадасының алғашқы айналымында сүрінгеннен кейін ол салмағын ауыстыруды жөн көрді. Бастамасы жаман емес. Биыл Хамза құрлық біріншілігінің қола медалін еншіледі.
100 келі салмақта Ислам Бозбаевқа сенім артып отырмыз. Азия ойындары мен Азия чемпионатын қоса алғанда, бес рет жеңіс тұғырына көтерілген Исламның басқа да жауапты жарыстарда жеңіп алған жүлделері жетерлік. Бірақ Олимпия ойындары мен әлемдік додаларда оның асығы алшысынан түсер емес. Ол да биыл салмағын ауыстыруды құп көрген екен. Бәлкім, Ташкентте Бозбаевтың бағы жанар. Осы салмақта Исламмен бірге Сырдың тағы бір балуаны Нұрлыхан Шархан да күш сынасады. Елордада өткен додада ол өзінен әлдеқайда тәжірибелі әрі атақты қарсыластарын жолынан ығыстырып, қола медальды еншіледі.
Ал аса ауыр салмақта Қазақстанда бәсекелестік мүлдем жоқ. Соның салдарынан дүбірлі додаларға кімдерді апарсақ та, алғашқы айналымдарда сүрінуде. Бұл жолы бапкерлердің таңдауы тәжірибелі Ерасыл Қажыбаевқа түсіп отыр. Салмағы 150 келі тартатын қазақтың алыбы Ташкентте өз жанкүйерлерін жерге қаратпайды деген ойдамыз.
Әйелдер арасындағы жарыста Қазақ елінің намысын сегіз дзюдошы қорғайды. Олар – Әбиба Әбужақынова (48), Гауһар Ирмағамбетова (52), Севара Нышанбаева (57), Мөлдір Нарынова мен Есмигүл Куюлова (63), Анастасия Маякова (70), Аруна Жангелдина (78) және Кәмила Берліқаш (+78 келі).

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!