Бұрын құлын-тай мініп, асық ойнайтын қазақ баласы қазір өзгеше спортқа әуес. Себебі елімізде соңғы жылдары жазғы, қысқы, экзотикалық спорт түрлері қарқынды түрде дамып келеді. Төменде келтірілген ойындар әлемдік деңгейде өз бағасын алған және оны бүгінде мыңдаған адам өзіне серік еткен деген дерек бар.


БІРІНШІ КЕЗЕКТЕ ТҰРҒАН – БЕЙСБОЛ

Бұл – XIX ғасырда АҚШ-та пайда болған спорт түрі. Ойын ағыл­шын­ның «раун­дерсінің» негізінде ойлап табылған. 1995 жылы Алматыда АҚШ елшілігінің дипломаттары мен басқа да компания­лардың қызмет­керлері шағын бейсбол лигасын құрды. Лигаға 8 команда мен жергілікті мектептердің 120 бастауыш сынып оқушылары кірді. Жаттығу жұмыстары орталық стадионның қосымша алаңдарында өткізіліп, келесі жылы тіпті ойыншылар саны 240-қа жеткен. Сондай-ақ, Шымкент қаласында да бейсбол қарқын ала бастаған. 2004 жылы Қазақстанның ұлттық бейсбол мен софтбол федерациясы құрылды. Содан кейін оңтүстік астанада шағын бейсбол лигасы жыл сайын ұйымдастырылды. Қазір Қазақстан бейсболы әлемдік рейтингте 50-ші сатыда тұр.


АДРЕНАЛИНГЕ ҚҰМАР ЖАНДАР ТАҢДАЙДЫ

Көпшілік спорттық пейнтболды адреналинге құмар жандар таңдайтынын айтады.
Бұл спорт түрі пайда болғалы бері әлемнің түкпір-түкпірінде қызығушылар саны артып, жылдам дами бастаған. 2014 жылдан бері пейнтболдың Millenium нұсқасы бойынша ҚР кубогы Алматы, Қарағанды, Астана қалаларында ұйымдастырылып келеді. Қазір басқа қалаларда да спорттық пейнтболдың федерациясы құрылып, жұмыс істеп жатыр.


Мәселен, қостанайлық «Шериф» командасы Ресейде өтіп тұратын Алтын дөңгелек турнирінің бірнеше рет жеңімпазы атанған. 2015 жылы “Қызғалдақтар елінде” чемпиондықты жеңіп алды.

ҚАЙТАЛАЙ АЛАР МА ЕДІҢІЗ?


Слэклайн 1980 жылы Йосемити (Калифорния) аңғарында Адам Гроссовский мен Джеф Эллингтон екі жақтан тартылған арқан бойымен жүріп бастағанда пайда болды. Одан кейін-ақ, бұл спорт акробат­тар мен жас­тар­дың ара­сында қарқын ала бастаған.
Слэклайн адам тепе-теңдігі мен координациясын сақтауға лайықталған. Қазақстанда 2010 жылдан бері дамып, спорттық мерекелерде жыл сайын өтіп келеді. Оған кәсіби спортшылармен қатар әйесқойлар да, енді айналысуды бастап жатқан жастар да қатысып жүр. Ал, сіз мұны қайталай алар ма едіңіз?

«ҚАЗАҚТЫҢ ЖАЯУ КӨКПАРЫНА ҰҚСАЙДЫ»


Америкалық футбол «регби» мен «футбол» спорттарының қосындысынан пайда болған командалық ойын. АҚШ-та «soccer» атауымен танымал.
Бұл ойынның еліміздегі тарихы «Алматылық Титандар» командасынан басталады. Клубты 2004 жылы KIMEP университет­терінің студенттері құрған болатын. Елордада, сондай-ақ ІТ универси­тетінің базасында жаңа командалар жасақталған. Америкалық футбол өкілдері Қазақстанның басқа да облыстарында бұл спорт түрін дамытуды жоспарлап отыр. Айта кету керек, көптеген адамдар регбиді қазақтың жаяу көкпарына ұқсатады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!