Әлемде көлік пайда болған тұста неміс Готтлиб Даймлер мен Карл Бенц жаңа жобаларды жүзеге асыруға бел байлады. 1886 жылы қос немістің жұмыстары патенттеліп, көпшілікке ұсынылды.

8 жылдан кейін әлемдегі алғашқы автомобиль жарысы ұйымдастырылды. Оған инновациялық «өздігінен жүретін вагондар» да, паровоз да қатысты. Жарыстың мәні көліктердің 126 шақырымдық қашықтықты өздігінен өтуін қамтамасыз ету болды. Тарихы терең автожарыс тұңғыш рет осылай жүзеге асты. Бастапқыда қалалар арасындағы қиын және қауіпті жарыстарға қатысқан жарысушылар «Гран-при» үшін бақ сынасады. Мұндай алғашқы жарыс 1894 жылы Францияда өтті. Жарыс кезінде көптеген қақтығыстар болған, олардың құрбандары көрермен болғандықтан, қойылатын талаптар біртіндеп күшейтілді.

1. Бүгінде F1 автокөлігінің орташа құны 15 млн долларды құрайды

2. “Формула 1” шабандоздары – ырымшыл адамдар, аталған спорт түрінде 13 нөмірі бар автомобиль болмайды

3. Үздік F1 пилоттық экипаж 3 секундта болидті толтырып, дөңгелектерді ауыстыра алады.

Темір тұлпарлар тартысының ең атақтысы – «Формула 1». Миллиондаған жанкүйері бар жарыс бейжай өтпейді. Ауқымы кең жарыста бәсеке жоғары. Қатысушылар жанкүйерлерді түрлі жағдайлармен қуантады. Бірі жеңімпаз атанып, бірі жаңа автокөліктерімен сүйсіндіреді. 1920 жылы  еуропалық Гран-приде «Формула 1»-дың аналогтары орындалды. Алғашқы«Формула 1» автокөлігі ресми түрде 1950 жылы тіркелді, дәл сол жылы «Формула 1» автокөліктерінің алғашқы жарысы өтті. Жоғары дәрежелі жарыстарда автомобильдер сағатына 300 шақырым жылдамдыққа жетіп, фанаттарды таңқалдырған. Дәл осы жарыс бойынша рекорд Вальтери Ботасқа тиесілі, ол 2016 жылы Мерседес қозғалтқышы бар Уильямс көлігінде 372,54 шақырым/сағат жылдамдыққа жеткен.

 Айтулы аламанның ең көне қатысушылары – Ferrari командасы. «Формула 1» машиналары жарыс барысында белсенді түрде дамып, жиі өзгерді. Ал ондағы автокөлік қанша тұрады деген сұрақтың жауабы көпшілікті қызықтырады. Кішігірім топтарда автомобиль бірнеше жүз мың доллар, ал үлкені бірнеше миллионға жетеді. Көліктер бір маусымда 20 миллион долларға жуық қызмет көрсетеді, олардың әрқайсысы сегіз мың шақырым жүреді. Жарыстың бір қызығы жеңімпаз мәреге бірінші келген қатысушы емес, ең көп ұпай жинаған команда болады.

Автожарыстың ең тартысты әрі қызықты бәсекесінің бірі – Макао гран-приі. Жарыс бір ғана мемлекетте өтеді. Яғни, Қытайдан басқа елде ұйымдастырылмайды. Бұл шараның ерекшелігі – демалыс күндері өтетінінде. “Формула-3”, WIAC FIA (Super 2000 және Diesel 2000 автомо­бильдері қатысатын халық­аралық чемпионат) және мотоцикл тізгіндеген  қатысушылар  өздерінің  шеберлігін сынайды.

Жарыс жолы сонымен қатар ұзын және түзу сек­циясы бар қалалық айна­лымнан өтеді, онда уақытты жақсарту үшін жоғары жылдам­дықпен жүруге мүмкіндік алады. Айналмалы шеңбердің ұзындығы – 6,2 км. Өзге жарыс жолдарынан айырмашылығы, жүргізушілердің шеберлігін жиі бұрылыстармен емес, жолдың кішкентай енімен сынайды. Кей бөлімдерде ол небәрі 7 метрді құрайды. Мұндай қиындықтарды өту іс жүзінде мүмкін емес.

Автожарыстың ең танымал жұлдызы – Михаэль Шумахер. Бұл есім спорттан хабарсыз адамдарға да жақсы таныс. Себебі көлікті құйындатып жүргізетіндерді, жақсы тізгіндейтіндерді ел арасында «Шумахер екен» деп жатады. Шумахер – есімі терминге айналған ұлы спортшы, «Формула 1» жарысының автошабандозы, әлемнің жеті дүркін чемпионы, екі дүркін вице-чемпионы және үш мәрте қола жүлдегері. Celebrity Networth басылымы «Формула 1» жұлдызының байлығы шамамен 800 миллион доллар екенін хабарлаған. Forbes Шумахердің бас айналдыратын мансабында 1 миллиард доллар пайда тапқанын мәлімдеген. Ол ең жоғары жалақы алатын спортшылардың бірі болған және жарыстарға қатыспаса да, жылына 50 миллион доллар табатын. Автошабандоздың дәуірі жүріп тұрған уақытта Shell компаниясы өзінің логотипі жазылған бас киімді киіп жүргені үшін оған жылына 10 миллион доллар төлеген. 2013 жылы желтоқсанда Шумахер Францияда шаңғы тебу кезінде кезінде ауыр жарақат алып қалды. Бұған дейін нейрохирург Никола Ахчарри алты жыл бұрын басынан қатты жарақат алған Михаэль Шумахердің қазір адам танымастай өзгергенін айтқан болатын.

АҚШ-тың «Columbia Pictures» кино компаниясы Шумахердің қазіргі шалажансар күйін көрсететін деректі фильм түсірді. Кино түсірушілер бұл істі қолға алу оңай болмағанын айтады. Ұзақ уақыт Коринна ханыммен келіссөз жүргізген. Нәтижесінде аптасына 58 сағат таспа жазып алуға мүмкіндік алған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!