Аргентина ұлттық құрамасы және ПСЖ клубының шабуылшысы Лионель Месси мансабында 7-ші рет «Алтын допты» еншіледі. Бұл – рекордтық көрсеткіш.

34 жастағы аргентиналық ойыншы биыл «Барселонадан» Париждің ПСЖ клубына ауысқан. Каталондық клуб сапында Испания кубогын жеңіп алды және Ла лигада 30 гол соғып үздік сұрмерген атанды. Сондай-ақ Аргентина ұлттық құрамасымен алғаш рет Америка кубогында топ жарды.

Месси 2009-2012 жылдар аралығында 4 рет қатарынан «Алтын допты» иеленді. 2015 және 2019 жылдары да бұл жетістігін қайталады. Биыл 7-ші рет иеленіп, Роналдудан қара үзді. Португалдық шабуылшының еншісінде 5 «Алтын доп» бар. Ол биылғы маусымда бар болғаны 6-орыннан көрінді.

Биыл Мессимен басты бәсекелес болған поляк футболшысы Роберт Левандовский екінші орыннан көрінді.

2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты «Алтын доп» иегері анықталған жоқ.