Зүлфия Чиншанло,
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері:
Токио Олимпиадасында зілтемірден сынға түскен қос атлетімізде қола жүлдеге ие болып, елдің мерейін асырды. Соның бірі 55 келіде жүлдегер атанған Зүлфия Чиншанло. Ол қытайлық Ляо Цююнь, филиппиндік Хидилин Диаз, өзбекстандық Муаттар Набиевамен негізгі қарсылас болды.
Қазақстандық атлет жұлқа көтеруде бірінші мүмкіндігінде 90 келіні еңсерді. Ал екінші және үшінші мүмкіндігінде 93 келіні басынан асырғанымен, төрешілер “зілтемір көтергенде шынтағы бүгілді” деп есептемеді. Қазақстандық бапкерлер де бұл шешіммен келісті.
Жұлқа көтеруде өзбекстандық Муаттар Набиева 98 келіні, қытай Ляо Цююнь мен филиппиндік Хидилин Диас 97 келіні еңсеріп, үздік үштікте болды. Чиншанло жұлқа көтеруде 90 келімен 7-орында тұрды.
Серпе көтеруде де негізгі бәсеке Чиншанло, Ляо Цююнь, Диас және Набиева арасында өтті. Бұл жаттығуда Набиева тек 114 келіні көтеріп, жүлдеге таластан шығып қалды. Оның қос жаттығудағы нәтижесі – 212 келі.
Ал Чиншанло бұл жаттығуда екінші мүмкіндігінде 123 келіні алды да, қос жаттығу бойынша Набиеваның алдына шықты – 213 келі. Осыдан соң ол үшінші мүмкіндігінде 125 келіге тапсырыс беріп, бірақ шығудан бас тартты.Қос жаттығу бойынша Диас 224 келі нәтижемен олимпиада чемпионы атанды. Қытай Ляо 223 келімен күміс жүлдеге ие болды.
Токио ойындары Чиншанло үшін екінші олимпиада. Ол 2012 жылы Лондон олимпиадасына қатысып, 58 келіде чемпион атанған еді. Бірақ 2016 жылы Халықаралық олимпиада комитеті Лондон ойындарында алынған допинг сынамаларын қайта тексеріп, Чиншанлоның анализінен рұқсат етілмеген препарат тапқан.
Осыдан соң ол Лондон ойындарының алтынын қайтарып берді әрі олимпиада чемпионы атағынан айырылған. Екі жыл спорттан шеттетіліп, 2018 жылы жазасы біткен соң спортқа қайта оралды.
Токиодағы жарыстан соң Зүлфия Чиншанло журналистердің бірнеше сұрағына жауап берді.
– Қола медальға көңілім толады. Себебі 2014 жылы әлем чемпионатынан кейін менде жақсы нәтиже болмады. Токио Олимпиадасына ұзақ дайындалдық. Бастысы, нәтижеме көңілім толады.
– Серпе көтеруде неге үшінші мүмкіндікке, яғни 125 келіні көтеруге шықпадыңыз?
– Себебі 125 келіге шығудың мәні болмады.
– 2016 жылғы жағдайды бәріміз білеміз. Допинг дауы болып, Лондон Олимпиадасының алтынын қайтарып бердіңіз. Осы жағдайдан кейін Олимпиадаға қалай дайындалдыңыз?
– 2016 жылғы жағдай өте қиын болды. Көңіл күйім қатты түсіп кеткен. Бәрін тастағым келген. Кейін ойландым. Ол кезде 23 жаста едім, өзіме “әлі жассың, соңына дейін шыда” дедім. Токиода қола медаль алғаныма ризамын. Себебі мен қартайдым (күлді).
– 2024 жылы өтетін Париж Олимпиадасына қатысу ойда бар ма? Әлі жассыз ғой…
– 28 жастамын ғой, жас деп ойлайсыз ба? (күлді). Париж Олимпиадасына қатысуға тырысамын. Қазір сәл демалып, бір жылдан кейін болатын Азия ойындарына дайындаламын. Екі жыл бұрын әлем чемпионатында жастау болдым, жағдайым басқа еді. 28 жастағы жағдай басқа екен. Тағы үш-төрт жылдан кейін жағдайым басқа болады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!