Бурунди құрамасының шабуылшысы Бонфиль Калеб Бименьимана маусым соңына дейін қасқырлардың намысын қорғайды.

23 жастағы футболшы мансабының біршама бөлігін Еуропа чемпионаттарында өткізген. Атап айтар болсақ, Латвия біріншілігінің бірнеше дүркін жеңімпазы РФШ, литвалық «Атлантас», словакиялық «Погронье» секілді командаларда доп тепкен.

Сондай-ақ Бонфиль-Калеб Бурунди құрамасында 13 мәрте алаңға шыққан.

Жаңа футболшы алаңда 23 нөмірлі жейдемен ойын көрсетеді. Ол қызылордалық клубқа ауысуы туралы пікір білдірді.

– «Қайсар» – мансабымдағы жаңа белестің бірі. Латвия, Литва, Словакия секілді мемлекеттерде өзімді жақсы қырынан танытсам, Қазақстанда да сол мүмкіндікті көрсеткім келеді. Шақырту түскен бойда көп ойланбадым. Өйткені «Қайсар» – Еуропада танымал ұжымның бірі. Сонымен қатар Бурунди құрамасының капитаны Саиди Нтибазонкиза да Қызылордада доп тепкен. Сондықтан «Қайсарға» келуіме екі жағдай себепкер болды. Чемпионатта командамның жеңісіне үлес қосып, премьер лигада жоғары орындарға ие болуға барымды саламын, – деді Бонфиль Калеб.