Фото: Ашық дереккөзден алынды

Біріккен Араб Әмірлігінде өткен беделді бәйгеде қазақстандық сәйгүлік жеңіске жетті. Ат десе делебесі қозатын қазақ мұны естігенде елең етті. «Кімнің аты екен? Бапкері кім?» Дубайды дүбірлеткен тұлпардың АҚШ-та дүниеге келгенін, тұқымы таза ағылшын екенін білгенімізде «біздегі қазақы жылқы мен бәйгенің жайы қалай?» деген сұрақ туындағаны рас.

Әлемді аузына қаратқан Кабирхан


Алдымен бәйгеден әлемдік турнирде үздік атанған Кабирханға тоқталсақ. Аламанда қазақтың абыройын арттырған тұлпар 4 жаста, таза ағылшын тұқымдас айғыр. Алғашқы жарысын Алматы ипподромында бастаған жүйрікті Руслан Юлдашев дайындаған. Сол жылы Кабирхан өз қашықтығында екі жастағы арғымақтар арасында Қазақстанның ең үздік ұшқыры атанды. Бәйге науқаны аяқталғасын Кабирханды жеке кәсіпкер Тілек Мұхамбетқалиев сатып алып, Ресейге жібереді. Ол жақта белгілі атсейіс Арыслангерей Шавуев жаттықтырып, екі рет Дербидің үздігі атандырады. 2023 жылдың қараша айында ат иесі сәйгүлікті Дубайдағы бәйгелерге сынауға алып барады. Дубайдағы жаттықтырушысы – америкалық Дуглас Уотсон. Біріккен Араб Әмірлігінде өткен әлемдегі ең үлкен «Мейдан» ипподромындағы әл-Мактум ат шабысында Кабирхан 13 дүлдүлдің ішінен бірінші келіп, әлемді аузына қаратты. Дүбірлі додаға Кабирханнан басқа талай бәйгелердің алдын бермеген Mimi Kakushi, Atletico El Culano, Clapton, First Constitution және Military Law сынды асыл тұқымды тұлпарлар да қатысқан. Жалпы Кабирхан бұған дейін 9 жарысқа қатысып, сегізінде бірінші, біреуінде екінші орын иеленген. Ел арасында «иесі тұлпарды сата ма, шабандоз неге өзге ұлттың өкілі?» деген сұрақ та бар. Бірақ ат иесі сәйгүлікті сатпайтынын, 30 наурызда Дубайда өтетін әлемдік бәйгеге қатысатынын жеткізді. Ал шабандозды бапкер таңдайтынын, сол атқа үйренген адам ғана отыра алатынын әрі оның халықаралық лицензиясы болу керегін айтты.

Бәйге қазақ үшін неліктен құнды?


Көшпенді саналған қазақ үшін аттың орны бөлек. Намысын қолдан бермеген ер азаматтың жарынан кейінгі жақсы көретін жан серігі жылқы болған. Жылқының арқасында қазақ Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатаудың арасын жалғап, ұлы даланы дүбірге бөледі. Ал білегі құрыш, жігері қылыш шабандоздар ұлттың рухын, мерейін аспандатқаны анық. Кезінде қазақ даласын отарлауды мақсат еткендер де қазақ пен жылқының арасындағы байланыстың үлкен мәні бар екенін жақсы білген.
Айталық, Сібір шебінің әскери бастығы генерал-майор Веймарн Сыртқы істер коллегиясына жолдаған құпия баяндамасында: «Қазақты тыныштандырып жуасыту үшін қуат қоры – жылқысынан айыру керек» десе, ХХ ғасырдың басында Зайсан өңірінде қызметте болған казак атаманы Рябушкин: «Қазақ атқа мінсе ерленіп кетеді, ешкімге бағынбайды. Бұларды бағынышты ұстау үшін жылқыдан айыру керек», – депті. Бұл құпия тапсырма өткен ғасырдың 30 жылдары ел басқарған Голощекиннің кезінде іске асты. Ұлан-ғайыр даладағы 5-6 миллион жылқыдан 1940 жылдары тек 1 миллиондайы қалған көрінеді. Кейін оның 30 проценті Екінші дүниежүзілік соғыста зеңбірек сүйретуге әкетіліпті. Осылайша қазақ қанатына балаған жылқының саны ғана емес, сапасына да әсер еткен заман өтті. Тарихқа қарасақ ұлттық ойынның басым көпшілігі жылқымен байланысты. Ал бәйге – қазақтың мінезін, тектілігін көрсетеді. Ел аузында жиі айтылатын, 1886 жылы Ерейменде өткен Сағынайдың асындағы бәйгеде 1300 жүйрік бақ сынаған көрінеді. Мұндай үлкен көлемдегі ат жарысын әділ өткізу, келген жұрттың көңілін қалдырмау оңай шаруа емес. Көркем шығармаларда айтылатындай мұндай бәйгелер ел мен елдің арасындағы байланысқа әсер еткен. Өткен ғасырда қазақ даласында әлемге танылған жүйріктер болды ма? Бұл туралы облыстағы ұлттық спорт түрлері – көкпар, жамбы ату, теңге ілу, аударыспақ ойындары бойынша жетекшісі Исламхан Боранбаевтан сұраған едік. Жаттықтырушы Кеңес үкіметі кезінде аты шыққан екі тұлпар болғанын айтты. Оның бірі – таза қанды ақалтеке тұқымдас, 27 Рим Олимпиялық ойындарында КСРО құрамасы атынан қатысып бас жүлдені жеңіп алған Абсент. Екіншісі – Қырғыз елінен әкелініп, Орта Азияда кеңінен танылған Лазер.

Елімізде өтетін бәйгенің бәріне ҚР бәйге федерациясы жауапты емес

Қазақта той-думан, ас бәйгесіз өтпеген. Ұлттық спорттың ішінде ең маңыздысы саналатын бәйге қазір де аймақтарда жиі ұйымдастырылады. Дегенмен әлемдік бәйгелерге қазақтың атынан мынадай ат қатысып, осындай жүлде алды дегенді сирек естиміз. Қазақстан бәйге федерациясының президенті Қанат Көпбаевтың айтуынша, бәйгенің дамуына мемлекеттің қолдауы қажет.
– Шетелде жылқылардың «спортқа арналған жылқылар» деген түрі бар. Олар тек ат жарыстарына қатысады. Біздің елде де жылқылар солай санатқа бөлінгені дұрыс. Екіншіден, еліміздегі Ауыл шаруашылығы министрлігі «асыл тұқымды» деп шетелден ірі-қара малын әкелдіреді. Ол үшін дотация да беріледі. Меніңше, жылқыны да солай шетелден елге әкелген дұрыс, жылқының да тұқымын асылдандыру керек», – деді ол «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігіне берген
сұхбатында.
Сонымен қатар федерация президентінің сөзінше шабандоздың бәйгеге қатысуға арналған құжаттары, ата-анасының рұқсаты да керек. Бәйгеге қатысатын жылқы паспортының болуы маңызды. Егер еліміздің жылқысы болса, онда оған еліміздің паспорты, жылқы шетелден әкелінген болса, халықаралық паспорт қажет. Айта кетерлігі, спортты дамыту мақсатында жыл сайын бәйгеден ел чемпионаты өтеді. Былтыр Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңдері еліміздің 7 аймағында ұйымдастырылды. Финалдық жарысқа еліміздің әр өңірінен 160-тан астам тұлпар мен шабандоз қатысты. Жарыстың жалпы жүлде қоры 82 500 000 теңгені құрады. Жарыс бәйгенің 7 түрі: құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйге, жорға жарыс, Қазақстанда туған құнандар бәйгесі, ұлы аламан және екі жасар тұлпарлар арасындағы ұшқыр бәйге бойынша өтті. Жарыстың ең жас шабандозы Алматы облысынан келген 8 жастағы Исламнұр. Қанат Көпбаев елімізде Жұмыртұяқ, Талхиз, Мой мир, Секрет есімді тұлпарлар үздіктер қатарынан көрініп жүргенін жеткізді. Ал өңірлерде өтетін ас, жиын, тойлардағы бәйгенің бәріне ҚР бәйге федерациясы жауапты емес. Қызылорда облысындағы жағдайға келсек, Ұлттық және ат спорты түрлері бойынша спорт клубының директоры Қайрат Есенгелдиев облыс орталығындағы ипподромда бәйгелер жиі өтетінін, 2022 жылы бәйгеден Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылғанын жеткізді. Бірақ Қызылорда облысының атынан қатысқан жүйріктер бұл жарыста жүлде алмады. Үш мың орындық көрерменге арналған ипподром кең әрі бұл жер аттың тұяғына да ыңғайлы. Жыл сайын мұнда облыс әкімдігінің қолдауымен «Алтын дән» бәйгесі тұрақты өтеді. Клуб директоры ипподромдағы аттардың бірқатары жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу секілді өзге ұлттық спорт түрлеріне қатысуға арналғанын айтты. Ал бәйгеге ат жарату оңай жұмыс емес. Жалпы облыста Мақсат Ойнаровтың Ақкөз атты тұлпары дара шауып, ел аузында жүрген көрінеді.


А.ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!