Қазақстандық жасөспірімдер Брест қаласында (Беларусь) өрт сөндіру-құтқару спортынан өткен XI әлем чемпионатында табысты өнер көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, дүниежүзілік додаға Қазақстан, Ресей, Беларусь, Беларусь-2, Словакия және Үндістан командалары қатысып, бақ сынады.

Жалпыкомандалық есепте Ресей жеңіс тұғырына көтерілсе, Беларусь екінші, Қазақстан үшінші орынға ие болды.

Қазақстан құрамасы сапында Батыс Қазақстан облысынан Орал қаласындағы №20 орта мектеп оқушылары Абылай Серіков пен Ернұр Насибуллин ел намысын қорғады.

Кедергі жолақтарымен 100 метрді бағындыруда Абылай мен Ернұр финалға шықты. Абылай әлем чемпионатының қола жүлдегері атанса, Ернұр төртінші орынға табан тіреді.

Жауынгерлік қанат жаюдан Ернұр Насибуллин Қазақстан құрамасы сапында екінші орыннан көрінді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық жас теннисшілердің халықаралық турнирлерде үздік шыққанын жазған болатынбыз.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!