Футболдан Қазақстан құрамасы ұлттар лигасының 5 турында Беларусьпен сынға түседі. Бұл ойында Могамед Адиев шәкірттері ұпай еншілейтін болса, топтан I орынға ие болады. Топтық кезеңде Словакия, Әзірбайжан сынды құрамаларды жеңіп, сенсациялық нәтижеге қол жеткізген ұлттық құраманың бұл ойында қарқыны қандай болмақ?

Кімдерге сенім артамыз?

Бас бапкер Могамед Адиев ұлттар лигасының 5 және 6 тур ойындарына дайындықты ерте бастады. 16 қыркүйектен бастап оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, шәкірттерін жауапты матчтарға пысықтады. Сонымен Беларусь пен Әзірбайжанға қарсы ел намысын қорғайтын футболшылар:
Қақпашылар: Игорь Шацкий («Шахтер»), Мұхаммеджан Сейсен («Тараз»), Бекхан Шайзада («Ордабасы»).
Қорға­ушы­лар: Сергей Малый, Александр Марочкин, Бағдат Қайыров (барлығы – «Тобыл»), Елдос Ахметов («Тараз»), Михаил Габышев, Талғат Көсепов (екеуі де – «Астана»), Марат Быстров («Ахмат», Ресей), Темірлан Ерланов («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей).
Жартылай қорғаушылар: Юрий Логвиненко, Рамазан Оразов (екеуі де – «Ақтөбе»), Асхат Тағыберген, Самат Жарынбетов (екеуі де – «Тобыл»), Аслан Дарабаев, Тимур Досмағамбетов, Исламбек Қуат (барлығы – «Астана»), Ян Вороговский («Моленбек», Бельгия), Бахтиер Зайнутдинов (ЦСКА, Ресей), Эльхан Астанов («Ордабасы»), Әділет Садыбеков («Қайрат»).
Шаб­уыл­шылар: Абат Айымбетов («Астана»), Абылайхан Жұмабек («Тараз»), Артур Шушеначев («Қайрат»), Роман Муртазаев («Шахтер»).

Футболшы­лардың дайындығы қандай?

Қазақстан құрамасының бірнеше ойыншысы Беларусь пен Әзірбайжанға қарсы дайындықтарына тоқталды. Ел біріншілігінде мығым шабуылшыға айналған Абылайхан Жұмабек ойынға тас-түсін дайын.
– Көңіл-күйіміз керемет! 16 қыркүйекте жиналдық. Содан бері бірнеше жаттығу өткіздік. Ұлттық құрамадағы команда­ластырымызды сағынып қалыппыз. Бәрінің көңіл-күйі тамаша. Әрдайым ұлттық құрамаға шақыртылу мен үшін мотивация. Өткен циклдегі ойындарға қатыса алмадым, алдағы матчтарда алаңға шығамын деп үміттенемін. Маусым айындағы ойындардан кейін чемпионатта жақсы өнер көрсеттім. Бұл жолы ұлттық құрамаға мүлдем басқа күшпен, ерекше талпыныспен келіп отырмын. Өз алаңымызда Беларусьпен болатын матчта тек жеңіс үшін ойнаймыз, – дейді шабуылшы.

Қорғаушы Михаил Габышев қос құрамамен өтетін кездесулердің маңыздылығы­на тоқталды.
– Өзге елдің біріншілі­гінде өнер көрсететін құрамадағы футболшы­лардың қатары жыл санап кобеюде. Бұл әрине қуанатын жағдай. Олардың құрамаға қосар үлесі зор. Жалпы барлық футболшылар екі матчты асыға күтуде. Қазақстан үшін қаншалықты ерекше және маңызды екенін спортшы ретінде түсінеміз. Біз қалаған нәтижеге жету үшін бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине бір-бірімізді сағындық. Бірақ әрқайсымыздың өз клубымыз, өз жұмысымыз бар, ол жақта жүріп команданың алға қойылған мақсат-міндетін шешуге көмектестік. Енді біз ортақ мәселемізді шешу үшін осында жиналдық.Жанкүйерлердің қолдауына баға жетпейді. Толық стадион жиналып, бізді қолдайды деп сенеміз, – дейді Михаил.
Топтық кезеңде өткен төрт ойында қақпасын сәтті қорғаған Игорь Шацкий ел біріншілігінің соңғы ойындарында жарақат алып, жанкүйерлерді сары уайымға салған еді. Алайда Шацкий ұлттық құраманың жаттығуына оралып, денсаулығында кінәрат жоқ екенін жеткізді.
– Менің жарақатым жағымсыз жағдай болды, бірақ мен бәріне шыдап, дұрыс қабылдадым. Қазір бәрі жақсы. Бас бапкер алғашқы минуттан бастап сенім артса, сеніміне селкеу түсірмеуге тырысамын. Оқу-жаттығу процесі жоспарлы түрде жүрді. Қарқын өте жоғары, әр жаттығу күреске толы, өйткені белорустар мығым команда. Менің ойымша, біз бұл матчты жақсы өткіземіз. Әрине, әлі де алаңдаушылық бар, өйткені біз Беларусь құрамасын бұған дейін жеңбегенбіз. Енді қалай болатынын көреміз.