Американдық

Джеймс Нейсмигтың арқасында пайда болған баскетбол бүгінде әлемде үлкен сұранысқа ие. Бәсі биік баскетбол қоғамға қалай танымал болды? Табысы мен қаржысы көп спорт түріне қатысты қызықты деректерді ақтарып көрейік.

Баскетбол – екі сөздің құрамынан тұратын ұғым, «баскет» – корзина, «бол» – доп. 1894 жылға дейін футбол добымен ойналып, ал кейіннен қазіргі баскетбол добына көшті, оның салмағы 600-650 грамм, дөңгелегі 75-78 сантиметр. Баскетболмен  алғаш рет көрермендерді таныстыру ІІІ Олимпиадада басталған. Ол 32 жылдан кейін ғана олимпиадалық ойындардың бағдарламасына кірді. Баскетбол 1936 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі олимпиадалық ойындардың бағдарламасында келеді.

Дүниежүзінде баскетболдан чемпиондық тәжді 1936 жылдан 1972 жылға дейін 36 рет киген американдық Гуливерлер екен. Дүниежүзіндегі ең ұзын баскетбол ойыншысы – Мануте Боле (247), ең үлкен аяқ киім киетін испандық ойыншы Ромея – 60 өлшем. Әлемдегі табысы мол баскетболшы – американдық Майкл Джордан. Ол 1995 жылы әр күн сайын 120 мың доллар табыс тауыпты. Оны уақыт безбеніне салсаңыз, секундына 1,39, минутына 83,5, ал сағатына 5 мың долларды құрайды.

Баскетболдың Қазақстандағы әлеуетіне тоқталсақ. 1972 жылы жұлдызы жарқыраған Әлжан Жармұхамедов баскетбол арқылы Қазақстанды танытты.  Олимпиада ойындарының екі бірдей медалін олжалаған оның рекордын бүгінге дейін ешкім өзгерте алған жоқ. Жармұхамедов 1972 жылғы Мюнхен олимпиадасының жеңімпазы, 1976 жылы Мехико олимпиадасында қола жүлдегері атанды. Жармұхамедовтың 1967-1980 жылдар арасындағы жетістіктері қазақ баскетболшылары үшін әрі рекорд, әрі қол жетпейтін асқар шың тәрізді. Қазір Қазақстан баскетболшылары Азия чемпионатында бақ сынап жүр. Сондықтан Әлжан ағаның еуропалық рекорды қазақ халқының спорттық тарихындағы құнын жоймайтын белес.

Қазақстан ойыншыларының ішіндегі ең ұзын ойыншы  – Уайс Ахтаев. Ахтаевтың спорттық мансабында бір қызық оқиға орын алған. Бірде жарыс алдында оның спорт киімдері ұрланып, алаңға шыға алмапты. Осылайша Ахтаевтың жоспарланған жарысы өтпей қалған көрінеді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!