Соңғы қоңырау соғылды. Түлектер мектеп қабырғасымен қоштасып, жаңа өмірдің белесіне аяқ басты. Олардың қатарында республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген танымал спортшылар да бар. Сондықтан жұрт жақтап, есімін ел білетін спортшыларды да бүгінгі санға таспалағанды құп көріп отырмыз.

Биыл 3,9 миллионнан астам оқушы оқу жылын аяқтаса, олардың 215 мыңнан астамы – 11-сынып түлектері. Яғни, 2008 және 2009 жылы туған жасөспірімдер мектепті тәмамдап, аттестат алды. Бұл түлектердің ерекшелігі – олардың көбі оқуын ересектер арасындағы жарыстарға дайындықпен қатар алып жүрді және биыл Дакарда өтетін Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама алу үшін бақ сынады. Сол себепті олардың барлығы бірдей соңғы қоңырау салтанатына қатыса алмады. Дегенмен бірқатарына тоқталайық.

Дастан Сәтпаев «Қайрат» клубы мен Қазақстан құрамасының 17 жастағы шабуылшысы Дастан Сәтпаев соңғы қоңырау салтанатында қатарластарынан ерекшеленді. Ол №31 мектептегі шараға дәстүрлі «Түлек-2026» лентасы тағылған ақ түсті кең пішімді жейдемен және гүл шоғымен келді.

Дастан мектеп сахнасына шығып, түлектерге арнап құттықтау сөз сөйледі. Ол мектеп бітірушілерге ақ жол тілеп, ұстаздары мен спорт пен оқуды қатар алып жүруге мүмкіндік берген академияға алғысын білдірді.

Желі қолданушылары әзіл-шыны аралас пікірлер жазып, «соңғы қоңырауға дейін-ақ Чемпиондар лигасының әнұранын естіп үлгерді» деп атап өтті. Алматылық «Қайраттың» және Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы бүгінде әлем футболының назарын өзіне аударған жас таланттардың бірі саналады. Танымал «Score 90» аналитикалық платформасы оны өз жасындағы әлемнің үздік бес футболшысының қатарына қосты. Ойын мәнері үшін «Бэби Агуэро» деген лақап атқа ие болған Сәтпаевтың трансферін Лондонның «Челси» клубы келісіп қойған.

Соңғы қоңырау: жасындай жарқыраған спортшылар

Роман Черноморец пен Камиль Гайнуллин

«Қайрат» академиясының баспасөз қызметі академия тәрбиеленушілері мен жасөспірімдер құрамасының ойыншылары, соның ішінде Роман Черноморец пен Камиль Гайнуллиннің Алматыдағы соңғы қоңырау салтанаттарына бірге қатысқанын хабарлады. Олардың мерекелік іс-шарадан түскен фотосуреттері клубтың әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.

Соңғы қоңырау: жасындай жарқыраған спортшылар

Камиль Гайнуллин мен Роман Черноморец – Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының футболшылары. Олар құрамамен бірге жасөспірімдер арасындағы Еуропа чемпионатының элиталық кезеңіне жолдама алып, тарихи нәтижеге қол жеткізді. Жас спортшылар мектеп бітіру емтихандарын «Қайрат» футбол клубы академиясындағы қарқынды жаттығу кестесімен қатар алып жүрді.

Соңғы қоңырау: жасындай жарқыраған спортшылар

Юлия Феклистова

Фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Юлия Феклистова туған қаласы Өскемендегі мектепті тәмамдады.

Соңғы қоңырау салтанатынан тараған кадрларда спортшының классикалық әрі жинақы образ таңдағаны байқалды. Юлия ақ- қара түсті костюм киіп, есімі жазылған түлектер лентасын таққан. Сондай-ақ ол дәстүрлі шаш үлгісінен бас тартып, дрэд стиліндегі өрімдерді таңдаған.

17 жастағы Юлия Феклистова бүгінде Қазақстандағы қысқы спорттың болашағынан зор үміт күттіретін спортшылардың бірі саналады. Ол фристайл-могулдан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жүлдеге қол жеткізіп үлгерген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, 2026/27 жылғы маусымда Феклистова Қазақстанның ересектер құрамасына қосылуы мүмкін.

Соңғы қоңырау: жасындай жарқыраған спортшылар

Асан Асылхан

Фристайл-акробатикадан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионы Асан Асылхан да мектепті тәмамдап, түлек атанды.

16 жасында ол Миланда өткен 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарында Қазақстанның ересектер құрамасы сапындағы ең жас спортшы ретінде тарихқа енді.

Олимпиадаға дайындық пен халықаралық жарыстардың тығыз кестесіне байланысты Асан оқуын жеке бағдарлама бойынша жалғастырып, спорт пен білімді қатар алып жүрді.

Дакардағы 2026 жылғы Олимпиадаға үміткер түлектер

Биылғы Дакарда өтетін жасөспірімдер Олимпиадасына қатысушылардың толық тізімі жарияланған жоқ. Дегенмен биыл мектеп бітірген түлектердің арасында алдағы уақытта ел намысын халықаралық аренада қорғайтын спортшылардың бары анық.

Олардың қатарында жеңіл атлеттер Бейбарыс Батырұлы (2008 жылы туған) мен Татьяна Иванишко (2009 жылы туған), сондай-ақ боксшылар Владислав Саможонов, Абзал Серік және Ерасыл Ермек бар. Бұдан бөлек, жанкүйерлер қауымы әлі кеңінен тани қоймаған, бірақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшылар да аз емес.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!