Ол саламатты өмір салтын сақтау керек деген ұстаны­мына берік. Тек сөз жүзінде ғана емес. Бұл қағиданы оның әрбір сабағынан байқауға болар еді. Әсіресе спорт жары­сында топ жарған шәкірттері жас мұғалімнің еңбегін сәт сайын дәлелдеп тұрғандай көрінеді. Біз бүгін Арал ауданындағы Жарасхан Әбдірашев атындағы №62 мектеп-лицейінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бақытбек Әлназарұлы жайлы айтамыз.

Қазіргі уақытта қай саланы алып қарасақ та, жұмысқа деген жауап­кершілік басты орында тұрады. Әрине мұндай талаптың үдесінен шығу үшін мамандыққа деген ерекше сүйіспеншілік қажет. Бақытбектің жұмысын басқалардан үздік ететін де осы қасиеті.

Таяуда Арал ауданы бойынша Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Ұлттық мектеп лигасы» 9-11 сынып оқушылары арасында баскетболдан жарыс ұйымдастырылды. «Алтын доп» деп аталатын аудандық іріктеу жарысында үздік нәтижемен №62 мектеп-лицей командасы ІІІ орын иеленді. Мұндай мерейлі сәтті ұзақ күткен ұстаз Бақытбектің жүзі қуаныштан бал-бұл жанып, келесі жарысқа үлкен құлшыныспен кіріскені рас. Сондай зор  ықыластың көп ұзамай нәтижесі көріне бастады. Бақытбектің үздік шәкірті Нұрболат Сералиев облыстық білім басқармасының ұйымдастыруымен өткен мектеп оқушылары (ер балалар) арасындағы баскетбол фристайлы байқауында үздік өнер көрсетіп, жүлделі ІІ орынды аралдық жас спортшылардың қанжығасына байлады. Мектеп ұжымы да, ата-ана да Нұрболатпен бірге ұстазының мықтылығына тәнті болған сонда.

Эпидемиологиялық ахуалдың аудан халқына да біршама әсер еткені рас. Бірақ еңсесі қайта тіктелген жұрт балаларының жаңа оқу жылын мектепте қарсы алатынына қуанады. Дәл қазір жас ұстаз да жаңа жоспары мен идеясын талқыға салып, оқушылармен қайта қауышатын күнді тағатсыздана күтіп жүргені анық. Тіпті өзі «Денсаулықты күту ‒ жастардың қолында. Олардың зиянды әдеттерге үйір болмай, спортқа жақын болғанын қалаймын. Сондықтан жастарды мотивациялық тұрғыда қолдау арқылы шынықтыру қажет» дейді. Осыған қарап, Бақытбектің спорт саласын дамытуға әлі талай үлес қосарына біз де сенім білдірдік.   

Гүлдана НҰРТАЙҚЫЗЫ