Қазақ боксы әлемдік аренада жоғары беделге ие. Қайсар мінезді қазақтың жігіттері әуесқой бокс болсын, кәсіпқой бокс, шаршы алаңда болсын, шеберлігі жоғары, шоқтығы биік екенін мойындатып келеді. Жастардың да бұл спорт түріне қызығушылығы жоғары. Себебі үлгі тұтарлық ұлт ұландары бар.

Соның бірі – Бекзат Саттарханов. Қазақ боксы тарихындағы жас талант 2000 жылы Сидней Олимпиадасының чемпионы атанды. Бекзаттың қысқа ғұмырында 2000 жыл тек Сидней Олимпиадасындағы жеңісімен ерекшеленбейді. Ол мұхиттың арғы бетіндегі додаға аттанғанға дейін Қырғызстанда өткен Орта Азия ойындарында, Испанияда жалауы желбірген халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырына көтеріледі. Астана қаласындағы «Қазақстан-Куба» кездесуінде қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, Чехияда өткен «Гран Приде» жеңімпазға берілер кубокті қанжығасына байлайды. Мәскеудегі ТМД елдерінің біріншілігінде 4 жүлдемен қатар сайыстың үздік боксшысы деген атақты еншілейді. Олимпиадаға аттанар кезде ұшақ баспалдағында тұрған Бекзат үлкен ағасы Мақсатқа: «Мен бас жүлдемен ораламын. Менен алтын күтіңдер!», – деп айғайлап, жеңетінін алдын ала сезген деседі.

Ермахан Ибраимов – 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы, Атланта (1996 ж) Олимпиадасының қола жүлдегері. Бүгінде қазақ боксының дамуы жолында тер төгіп келеді.

Геннадий Головкин – кәсіпқой бокста ел абыройын асқақтатып жүрген боксшы. Қазір WBA (Super), IBO және WBC (Interim) нұсқалары бойынша чемпиондық атаққа ие. Отандасымыз кәсіби бокста алғаш рет орташа салмақпен (72 келіге дейін) 2006 жылы айқасқа шықты. Ол алғашқы сегіз шайқаста да қарсыласын уақытынан бұрын тізе бүктіріп, жеңіске жетті. 2007 жылдың қыркүйегінде француз боксшысы Мехди Боудламен (11-1) кездесіп, оны ұпай саны бойынша жеңді. 2008 жылдың сәуірінде Иан Гарднерді (20-3) жеңіп, дәл сол жылдың қараша айында неміс спортшысы Малик Дзиарр (29-3) екінші раундта күресті жалғастырудан бас тартып, Головкин жеңімпаз атанды. Бұдан бөлек, бағындырған биігі көп. Жақында IBF және IBO нұсқалары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы (41-1-1, 36 КО) Қазақстанды қоса алғанда, түрлі елдерде жекпе-жек өткізуге дайын екенін айтты.

Бейбіт Шүменов кәсіпқой бокста ел намысын 2007 жылдан бері қорғап келеді. 31 жастағы қазақстандық боксшы кәсіпқой бокстағы мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, оның 15-інде жеңіске жеткен. 10 кездесуін нокаутпен аяқтаса, 2 жекпе-жегінде жеңіліс тапқан. IBA және WBA суперчемпион атағын иеленген.

Кәсіпқой бокста қазақ елінің абыройын асқақтатып жүрген отандасымыз Қанат Ислам бірінші орта салмақта «WBA Fedelatin» атағын қорғап келеді. Осыған дейін 19 кездесу өткізіп, барлығын жеңіспен аяқтады. 16 жекпе-жегінде мезгілінен бұрын жеңіске жетті.

Ал Серік Сәпиев – 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының чемпионы. Боксшы 2005 және 2007 жылғы әлем чемпионы, 2012 жылғы олимпиада чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, 2012 жылғы Вэл Баркер кубогының иегері. Әлемнің екі дүркін чемпионы (2005, 2007), Азияның екі дүркін чемпионы (2007,2009), Азия ойындарының жеңімпазы (2010), бірқатар ірі турнирлер медальдары мен жүлделерінің иегері. 2008 жылғы Бейжің жазғы олимпиада ойындарына қатысушы, бірақ та жартылай финалға өте алмады. 2012 жылғы Лондон олимпиадасында жапондық Ясухиро Сузукиді, венесуэлалық Габриель Маэстр Перезді, ресейлік Андрей Замковойды, ал финалда жарыс қожайыны – британдық Фрэдди Эвансты жеңіп, 69 келіге дейінгі салмақта олимпиада чемпионы атанды.

Данияр Елеусінов – бокстан Қазақстан құрамасының капитаны. AIBA таңдауымен екінші жыл қатарынан әлемнің үздік боксшысы атанды. Өткен жылы Нұр-Сұлтанда өткен кәсіпқой бокс кешінің хедлайнері. Ол аргентиналық Хуан Эрнан Леалмен (15-1, 4 КО) жартылай орта салмақтағы IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атану үшін жұдырықтасты. Бұл жекпе-жек он екі раундқа созылды, Елеусінов бірауыздан жеңіске жетті. Айта кетейік, Данияр бұл жекпе-жекте айқын фаворит саналған және сарапшылардың көпшілігі оның нокаутпен жеңетінін болжаған еді. Жекпе-жек кезінде төреші үш рет Леалдың нокдаунын санады. Осылайша спортшы кәсіпқой мансабындағы он бірінші жеңісіне қол жеткізіп, IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Қарсыласына келетін болсақ, Хуан Эрнан Леаль кәсіби рингте екінші рет жеңіліске ұшырады.

Еліміздің әнұранын шарықтатып, көк туымызды биікте қалықтатып жүрген спорт түрінің әлемдік деңгейдегі алар асуы мен басар белесі әлі алда деп білеміз. Қазақтың қайсар ұлдары абыройымызды әлі талай асқақтатарына сенім мол.