Футболдан әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінің 3 турында Қазақстан құрамасы Украинаны қабылдады. Киевтегі алғашқы кездесуде ұлттық құрама ойламаған жерден тең нәтижеге қол жеткізген. Сенсациялық матчта 1-1 есебі тіркелген еді. Бұл матчта да көпшілік сол нәтижені күтті.
“Астана арена” стадионына жанкүйерлер кіргізу мәселесі матч алдында шешімін тапты. Құраманы қолдауға келген 30 пайыз көрермен ойынды көруге мүмкіндік алды.
Сағат тілі 19:00-ге жеткенде литвалық төреші Румсастың ысқырығынан кейін тартысты матч басталды. Зинченко, Ярмоленко секілді жұлдызды футболшылары бар Украина алғаш болып қауіпті шабуылды ұйымдастырды. Ойынның небәрі екінші минутында Роман Яремчук жойқын соққысымен Покатилов қорғаған қақпадан саңылау тапты. Есеп 0-1. Аренаға жиналған жанкүйерлердің ұнжырғасы түсіп, стадиондағы атмосфера үнсіздік режиміне енді. Жылдам голдан кейін бас бапкер Байсуфинов қорғаныс арқылы қарымта шабуылға көшуді меңзеді. Рас, тактикалық өзгеріс енгеннен кейін құраманың ойыны жоғары мәнерде өрбіді. Бірде Валилулин, бірде Шушеначев есепті теңестіруге талпынды. Дегенмен ойынның алғашқы жартысы қонақтардың пайдасына шешіліп, қос команда үзіліске бет алды.
Екінші тайм
Екі ұжым да құрамға өзгеріс енгізді. Талғат Маруаұлы алаңға тыңнан Айымбетов пен Зайнутдиновты шығарды. Екеуі де құрамаға серпіліс сыйлады. Шабуылды ширатты. Кездесудің 74-інші минутында Асхат Тағыберген алыс бұрыштағы Валилулинды байқап, пас асырды. Руслан тосыннан келген пасты ұтымды пайдаланып, таблодағы есепті теңестірді. Жанкүйерлер үміті қайта жанып, «Астана Арена» құдды бір Мараккананың атмосферасына айналды. Қонақтардың бапкері Петраков қорғаушылардың орнына алаңға шабуылшыларды шығарды. Катардағы кереметтен құр қалғысы келмейді, әрине. Соңғы минутқа дейін украиндар Қазақстан қақпасын торуылдаумен болды. 93 минутта Данило Сикан қорғаушылардың қателігін ұтымды пайдаланып, Украинаны алға шығарды. Жанкүйерлер әдеттегідей соңғы минуттар синдромы бұл кездесуде 4
де қайталағандай күй кешіп тұр. Ойынның бітуіне 1 минут қалды. Футболшылар тайлы тұяғымен қонақтар қақпасына бағыт алды. 95 минутта Юрий Логвиненконың асырған добы кездесудің соңғы сәті еді. Юрийдың пасы Руслан Валилулинды тапты. Руслан гол соғу сәтінен жаңылмай құраманы жеңілістен сақтап қалды. Қорытынды есеп 2-2! Енді ұлттық құрама 4 қыркүйекте Финляндия құрамасына қонаққа барады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!