Өткен аптада көптен күткен кездесу жүзеге асты. Кәсіпқой бокста Қазақстанның атын әлемге танытып жүрген Qazaq style – Жәнібек Әлімханұлы мен британиялық Дензел Бентлимен жұдырық түйістірді. Лас-Вегаста орта салмақтағы WBO тұжырымы бойынша өткен сайыс қызу талқыға түсіп, қазақ боксшысының мерейі үстем болды.

Бірінші раундта Жәнібек әлем чемпионы атағы кімге тиелісі екенін анық аңғартқысы келді. Алғашқы үш минутта жерлесіміз жекпе-жек барысын өз қолына алып, ринг ортасын иемденді. Ал екінші раундты қос боксшы белсенді бастады. Әлімханұлы қарсыластың осал тұсын аңдып, дәл соққы бағыттай жүрді. Британ өкілі де аракідік жұдырық жұмсап үлгерген сәттер де болды. Үшінші және төртінші раунд Жәнібектің басымдығымен өтті. Бентлиді бұрышқа тақап, төрт-бес соққыдан құралған әдемі комбинация жасады. Қарсылас қорғануымен ғана жүрді.
Келесі үш раундта Бентли батылдық танытты. Әу баста қорқып жүргендей көрінген қарсылас Жәнібекпен тең деңгейде жұдырықтасуға ұмтылды. Көрсетері бар екенін аңғартты. Шабуылға шабуыл, соққыға соққымен жауап қатты. Ал, Жәнібек бапкерлер қанша ескертсе де, бір тактиканы қолданды. Сол қолымен жойқын соққы бағыттайтын ұрымтал сәт іздеп жүрді.
Чемпионды үш раундтың алғашқысы тең өтті. Сол раундтан кейін Бадди МакГирт шәкіртінен бір сәт қана іздемей, джебпен жұмыс істеп, сериялы соққылар бағыттауын өтінді. Он бірінші раундты бапкердің айтқанын тыңдаған жерлесіміз белсенді өткізді. Соңғы үш минутта Жәнібек шаршаңқы көрінді. Нокаутпен аяқтайтын ой болғанымен, білекте күш қалмаған еді.
Міне, осылайша, көптен күткен кездесу мәресіне жетіп, қазылар алқасының ортақ шешімі нәтижесінде Жәнібек Әлімханұлы жеңіс тұғырына көтерілді. Бұған дейін қызықты нокауттарымен көрерменнің ықыласына бөленген боксшы 12 раунд бокстасуға қауқарлы спортшы екенін сездірді. Яғни, Жәнібекті жеңіске жетелейтін ептілік пен дәл соққы ғана емес, төзімділік пен алғырлық екенін аңдадық.
Әрине, кездесу туралы көптің пікірі екіұшты. Бірі Qazaq style нокаутын күтсе, енді бірі қазақ боксшысының шаршағанын сөз етті. Ал Жәнібектің өзі мұндай жұдырықтасу тәсілін таңдағанын сайыстан кейін айтты:
«Чемпиондарға тура осындай он екі раундқа созылған қиын айқастар да керек. Қарсылас қатты таңқалдырды деп айта алмаймын. Оны өте құрметтеймін. Мені зерттеп, үлкен дайындықпен шыққаны көрінді. Бүгін жиналған қауым да, жаттықтыру­шыларым да, өзім де әлі талай жұмыс атқару керегін түсіндім. Тыңғылықты дайындалып, бүгінгіден де күшті болып ораламын. Теледидар алдындағы, спорт кешеніндегі, жалпы мені қолдаған бүкіл қазақ еліне алғыс айтамын”, – деді Жәнібек Әлімханұлы.
Дегенмен Жәнібектің жеңісіне шек келтірген кәсіби маман болмады. Тіпті, Дензел Бентлидің өзі твиттер парақшасында Жәнібекке жекпе-жек үшін алғыс білдіріп, Palms Casino Resort ойын-сауық кешенінің сахна сыртынан видео жариялады:
«Бұл – менің кемшілігім емес. Қарсыласымның ойын өрнегін бағалап, кемшілігі неде екенін, алда соны ұтымды пайдалану үшін бастапқы раундтарда сылбыр жүрдім. Реванш алсам деймін. Менің 12 раундқа дейін баруымның өзі көп нәрсені байқатса керек. Мен Әлем чемпионы боламын деп ойладым. Қазылар алқасының шешімі ғой. Дегенмен бұл мені мойытпайды. Әлем чемпионы болғанша шаршы алаңда өнер көрсете беремін!
Құрметтен басқа ештеңе жоқ, чемпион! «Қазақ стилі», керемет жекпе-жек үшін рақмет» – деді Дензел Бентли.
Айта кетейік, Жәнібек Әлімханұлы әуесқой бокста 2013 жылы әлем және Азия чемпионы атанса, 2014 жылы Азия ойындарында жеңімпаз болды. 2016 жылдан бері кәсіпқой бокста сынға түсіп жүр. Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) әлем чемпионы атағын сәтті қорғаған қазақстандық боксшының арманы – мықтыларды тізе бүктіру.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!