Қазақ спортшыларын әлем тек күрес, бокс, дзюдо, ауыр атлетика арқылы танып келді. Әйтсе де, кейінгі жылдары спортш­ы­лардың жаңа буыны тыңнан түрен салып, жаңа спорт түрлерін меңгере бастады. Олар жай меңгеріп қана қоймай, санаулы жылдың ішінде алпауыт елдердің өкілдерін жүлдесіз қалдырып жүр. Мәселен, орта ғасырларда Францияда пайда болған теннис спортында кейінгі бір-екі жылдың көлемінде Алаштың өрендері жарқырап өнер көрсете бастады. Алысқа бармай-ақ теннистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасының биылғы әлем чемпиона­тындағы жетістігін айтсақ жетіп жатыр.

Ақсүйектердің ойыны саналатын теннис спортының федерациясы елімізде 1992 жылы құрылғанымен, 30 жылдан бергі қажырлы еңбектің жемісі енді көріне бастады. Теннистен Қазақстанның 14 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы биыл Чехияның Простеев қаласында ұйымдастырылған әлем чемпионатына ел тарихында тұңғыш рет қатысып, әлемнің ең үздік төрт құрамасының қатарынан көрінді.
Қазақстандық жасөспірімдер мұндай деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысқанына қарамастан, әлемдегі үздік құрамалармен терезесі тең өнер көрсетті. Жерлестеріміз жаһандық біріншілік барысында былтырғы әлем чемпионы – Италия, сонымен қатар Аргентина, Словения секілді құра-маларды жарыс жолынан шығарды. Дүниежүзілік додада ел намысын Заңғар Нұрланұлы, Дамир Жалғасбай және Даниэль Тазабеков қорғағанын айта кетейік.
Сондай-ақ қыздар құрамасы да таптаурын өнер көрсетті. Жуырда ғана Таиландта 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасындағы Азия чем­пионаты аяқ­талды. «Сары құрлық» бәсе­кесі­нің жекелей сынында қазақтың екі қызы – Ариана Гогулина мен Альбина Кәкенова барлық қарсыласын тізе бүктіріп, Азияның үздік теннисшілері атанды. Командалық сайыста да Қазақстан құрамасының өкілдері топ жарды. Азия біріншілігінде өрелі өнерімен көзге түскен Альбина Какенова 14 жасқа дейінгі теннисшілер арасында Азия рейтингінде көш бастады. Бұл да бір тарихи көрсеткіш.
Ойлылар ойыны саналатын шахмат спортында Динара Сәдуақасова, Жансая Әбдімәлік, Бибісара Асаубаева секілді әйелдер және ерлер ара­сындағы гроссмейстерлердің жақын арада орнын басатын мықты буын қалыптасып келеді. Мәселен, қазан айының алғашқы онкүндігінде Әзербайжанда 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы дүниежүзілік шахмат олимпиадасы ұйымдастырылды. Бұл додаға Қазақстан құрамасының 12 және 14 жастағы спортшылары қатысса да, өздерінен үлкен шахматшыларымен тең дәрежеде өнер көрсетті. Тіпті ерлер арасындағы жарыста сынға түскен Сауат Нұрғалиев жеке есепте барлық партияда үздік нәтиже көрсетіп, олимпиаданың алтынын жеңіп алды. Сондай-ақ тағы бір зерек шахматшы Иманғали Ақылбай қола жүлдегер атанды. Қазақстан құрамасының спортшылары өздерінен үлкен жастағы шахматшылармен ойнаса да, жалпыкомандалық есепте шахмат спортының үздіктері саналатын Үндістан мен Иранның командаларын басып озып, үздік төрттіктің қатарынан көрінді.
Апта басында Кувейттің бас шаһары – әл-Кувейтте жеңіл атлетикадан жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігінде Қазақстанның спортшылары ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізді. Нәтижесінде, 3 алтын, 3 күміс және 1 қола медаль еншілеген жерлестеріміз жалпыкомандалық есепте бесінші орынға табан тіреді. Бұл – Қазақстанның жасөспірімдер арасындағы Азия біріншілігіндегі ең үздік нәтижесінің бірі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!