Олжас АБРАЕВ, Қазақстан футбол лигасының президенті:

Апта басында Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы ел чемпионатының есеп беру конференциясын ұйымдастырып, биылғы біріншілікті қорытындылады. Қорытынды жиында лига басшысы Олжас Абраевқа бірнеше сауал жолдап, футбол маусымындағы жаңашылдықты білдік.

– Олжас Шәкенұлы, биыл футболдан Қазақстан чемпионаты сіз ойлағандай жоғары дәрежеде өтті ме?

– Ең алдымен клубтар мен жанкүйерлерге алғыс айтқым келеді. Менің ойымша, ең қиын маусымдардың бірі болды. Жарысты ұйымдастыруда орасан зор жұмыс атқардық. Матчтарды ұйымдастырудың барлық санитарлық талаптары өте мұқият сақталды. Өткен жылы чемпионат пандемия салдарына сәйкес бір қалада өтсе, биыл үлкен футбол аймақтарға оралды, тіпті жанкүйерлер де өз командаларына трибунадан қолдау көрсетуге рұқсат алды. Бұл – чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне оң септігін тигізді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы кубогының схемасы өзгертілді. Топтық кезең енгізілді, матчтар саны көбейді. Қазақстан футболының тарихында алғаш рет маусымның қорытындысы бойынша чемпионатқа, Кубокқа және Суперкубоққа қатысу үшін клубтарға жарыстың демеушісі – OLIMPBET компаниясынан 570 миллион теңге бөлінді.

– Биылғы өзгешілік чемпионат 2 айналымдық жүйеден тұрды. Жарыстағы жаңашылдық өз жемісін берді ме?

– Иә, тиімді болды. Өздеріңіз білетіндей, 12 клуб қатысатын үш кезеңдік турнирдің орнына биыл 14 команда екі айналымдық формуламен өнер көрсетті. Бұл маусымдық күнтізбені біршама жеңілдетуге мүмкіндік берді.

– Жақында футбол қауымы арасында легионерлерге шектеуді толығымен алып тастау туралы әңгіме қозғала бастады. Бұл туралы не ойлайсыз?

– Кез келген өзгерістерді таразылап, стратегиялық мәселелерге мән беріп, егжей-тегжейлі талдаудан кейін шешім қабылдау керек. Мұндай  күрделі мәселені талқыға салатын техникалық комитет құру ұсынылды. Комитетке қазақстандық беделді сарапшылар мүшелікке енгізуді жоспарлаудамыз. Мысалы, Владимир Никитенко, Ваит Талгаев, Вахид Масудов, Дмитрий Огай, Ұлықбек Асанбаев, Самат Смақов, Андрей Карпович, Давид Лория. Аталған құрам өзгеруі мүмкін.

– Соңғы уақыттарда депутаттар, блогерлер және басқа да БАҚ өкілдері отандық футболға сыни пікірлер айта бастады…

– Шынымды айтсам, мұның бәрі хайп. Мысалы, сәтсіздік арқылы атын шығару әрекеті қоғамда белең алды. Шағым айтпас бұрын ақпаратты тексеру керек. Ұлттық құрама немесе клубтар сәтсіздікке ұшыраған күндері ғана сын айту дұрыс па? Клубтардың еурокубоктарда жеңіске жеткен сәтін немесе ұлттық құрама іріктеу тобында ұпай жинаған күндері мақтау айтпайды. Саяси ортада беделді, мемлекеттік қызмет атқаратын депутаттар жоғары мінберден тексерілмеген ақпаратты халыққа ұсынуда. Жеңістің бағасын білетін, халықаралық деңгейде жеңіске жетудің қаншалықты қиын екенін түсіну керек.

– Жанкүйерлер чемпионат матчтарын көрсету сапасына наразы болды. Трансляцияның сапасына байланысты қателіктер болғаны  жасырын емес. Алдағы уақытта бұл олқылықтардың орны түзеле ме?

– ҚКФЛ өткен маусымның матчтарын 70%-дан астамын өз күшімен шығарды. Біздің түсіру тобымыз QAZSPORT және Q SPORT EXTRA телеарналарына сигнал жасады. Арналарға сигнал жеткізуде іс жүзінде ешқандай мәселелер болған жоқ, көрермендер матчтарды теледидарда, кабельдік желілерде және танымал қазақстандық OTT қызметтерінде тегін тамашалады. Шетелдік аудитория үшін ҚКФЛ Sportrecs.com жас сервисімен серіктестік байланыс орнатты. Өкінішке қарай әріптестеріміз техникалық ақауларға тап болды, сондықтан біз ынтымақтастықты тоқтату туралы шешім қабылдадық. Келер маусымнан бастап YouTube-ке толықтай, бірақ келісімшарт талаптары бойынша халықаралық геоблокпен ораламыз деген шешімге келдік. Бұл бейнероликтер тек Қазақстаннан келген көрермендерге қолжетімді болады деген сөз. Шетелдегі хабарларды көру үшін  жанкүйерлер халықаралық құқықтарға ие болған Elevensports.com және Onefootball.com сайттарынан трансляцияларды көре алады.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!