Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің кеңейтілген отырысында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын көбейтілетінін айтты.

– Пандемия кезінде мемлекет әлеуметтік қолдау шараларын және республикалық спорт ұйымдарын қаржыландыруды тоқтатқан жоқ. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледж қызметкерлерінің жалақысы көбейтілді, ол 2023 жылға дейін жыл сайын 25 пайызға өсетін болады, – деді Е.Қожағапанов.

Сонымен қатар мемлекеттік білім беру ұйымдарының мұғалімдеріне сабақтан тыс спорттық сабақтарды жүргізгені үшін базалық лауазымдық жалақыдан 100% мөлшерінде қосымша ақы белгілеу туралы мәселе шешімін тапты. Оның айтуынша, кәсіби спорт клубтарын күтіп ұстауға, халықты, бірінші кезекте балаларды дене шынықтырумен және бұқаралық спортпен айналысуға тартуға бағытталған қаражатты қайта бағдарлау бойынша іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр.

Еске салайық, жиын барысында бұқаралық спорт өңірлердегі көптеген азамат үшін әлі де қолжетімді емес екені айтылды. Ерлан Қожағапановтың сөзіне қарағанда, былтыр еліміздің дене шынықтыру-спорт қозғалысына 5,9 млн адам қатысқан.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!