ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу қағидаларын бекіту, олардың мөлшерін белгілеу туралы қаулы жобасын әзірледі.

«Көрсетілген қаулыға 1-қосымшамен бекітілген Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыруды төлеу мөлшерінің 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

Спортшылар мен жаттықтырушыларға өмір бойы ай сайынғы материалдық қамсыздандыру (бұдан әрі – материалдық қамсыздандыру) мынадай мөлшерде (бұдан әрі – мөлшер) төленеді:

Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш;

Олимпиада, Паралимпиада және Сурдлимпиада ойындарының чемпиондары және жүлдегерлері, және (немесе) спорттың олимпиадалық түрлері бойынша әлем чемпиондары атақтарын жеңіп алған спортшыларды дайындаған жаттықтырушыларға – 100 айлық есептік көрсеткіш» (Бұл 2021 жылы 291 700 теңгені құрайды).

Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі», деп жазылған жобада.

Қазіргі уақытта спортшылар мен жаттықтырушыларға ай сайынғы материалдық қолдау үшін берілетін төлемдер 101 898 мың теңгені құрайды.

Жоба негіздемесінде «Жоғары спорттық нәтижеге жету үшін әлемдік тәжірибені ескере отырып, спортшы, жаттықтырушы мәртебесін көтеріп, материалдық қолдау көрсету қажет. Мысалы, Ресейде спортшылар мен жаттықтырушыларға әлеуметтік қолдау айына 60 000 рубль мөлшерінде белгіленген, бұл шамамен 352 000 теңге», деп жазылған.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!