Елімізде ұлттық спорттың дамуы қарқын алып келеді. Оның бір айғағы елде ұлттық спорттың 26 түрі болса, 16 түрінен федерациялар құрылып, жұмыс істеуде. Соның ішінде ат спортына деген қызығушылық өте жоғары. Бір ғана Қызылорда облысында мыңдаған адам бәйге, көкпар, жамбы ату, аударыспақ, теңге ілу секілді түрлерімен айналысуға машықтанған. Мәселен, биыл ұлттық ойындағы ат спортынан жетістігіміз көп. Құрылғанына 12 жылдан асқан аймақ шабандоздары ат спортының кез келген түрінен үздік үштікте келеді. Биыл да өңір спортшылары республикалық жарыстарда төбе көрсетіп, аймақ намысын қорғады. Ұлттық спорттың дамуына үлес қосып жүрген білікті бапкер, облыс құрамасының белді жаттықтырушысы Сламхан Боранбаевтан Сыр шабандоздарының биылғы қарқынын білдік.
– Сламхан аға, жаз мезгілі ұлттық спорт, оның ішінде бәйге, көкпар секілді жорға жарыстарының қызар шағы. Биыл облыс құрамасы жанкүйерлерді қандай жетістіктермен қуантты?
– Биыл жыл табысты басталды. Ел чемпионаттарында жеңіс тұғырында жүрдік, жастар ұлттық құрама сапын толықтырды. Көкпардан сол үштік тұғырдан түспесек, аударыспақ пен жамбы атудан алтын тұғыр бұйырып келеді. Теңге ілуде де жаман емеспіз. Бұйырса саяткерлік спортын да биікке көтереміз деген жоспар бар. Алғашқы бастамасы ретінде биыл ел чемпионатын біздің өңірде өткіздік. Елорда төрінде өткен жамбы атудан Ақәділ Пернебай кезеңнің 3 стилі бойынша ешкімге дес бермей, мерген екенін дәлелдеді. Түрік стилінен 1-орын, өзге де түрлерінен күмісті олжалап, жалпы кезеңнің қорытындысында чемпион атанды. Осылайша Ғалымжан Өміртай мен Наурызқожа Әмзеевтен тәлім алған Ақәділ ел чемпионатында атой салды. Негізінде Ақәділдің әкесі Бекқали Өзенбаев та кезінде әрдайым жеңімпаз атанатын. Енді перзенті ұрпақтар сабақтастығын жалғап, жасындай жарқылдай бастады. Сондай-ақ Ғалымжан 2019 жылы жамбы атудан ел біріншілігінде алғаш рет Сыр еліне алтын сыйласа, бұл жолы оған қола бұйырып, олжалы оралды. Ересектер арасындағы теңге ілуден Исрайыл Айдар 3- орынды иеленіп, Түркияның Стамбул қаласында өтіп жатқан V этноспорт мәдени фестиваліне жолдама алды. Биылғы жылдың тағы бір жетістігі, 14 жас шабандоз «Спорт шебері» атағына қол жеткізді. 12 балуан көкпардан, екеуі аударыспақтан. Міне, осындай оғландар облыстың атын оздырып, бәйгеде барын салып жүр.
– Ересектердің бәсі белгілі. Жастардың ат спортына деген қызығушылығы қалай?
– Жасыратыны жоқ, ат спортында тек ауыл балалары жүр десек болады. Аға-буынның ізін жалғайтын жастарымыз жетерлік. Жуырда Көкшетау қаласында жасөспірімдер арасында ел чемпионатының жалауы желбірейтін болады. Бұл сында 2005-2007 жылы туған жасөпірімдер бақ сынайды. Ал, күзде көшпенділер ойыны басталады. Оған қатысуға да мүмкіндігіміз бар. Ол үшін тамызда іріктеуден сүрінбей өтуіміз керек. Жігіттер сақадай сай, бұйырса ол тұғырды да бағындыратын боламыз.
– Олимпиадалық спорт түрлеріне қолдаудың жоғары екенін білеміз. Ат спортындағы жағдай қалай?
– Кез келген спорт түріне қолдау керек. Біреуіне көңіл бөліп, біреуіне бөлмей қалу деген болмау керек. Қолдау болса нәтиже жоғары болады. Біздің жағдай жақсы деуге келіңкіремейді. Қаржылық қолдау керек. Бәрінен бұрын астарындағы тұлпарларына тіреу болса. Шыны керек, көз көріп жүр, шабандоздардың жаттығатын алаңы болғанымен, ешқандай жағдай жасалмаған. Аттар да адам секілді, шаршағанда көлеңке керек, жаттығудан кейін суытып, қалпына қайта келтіру керек. Мұның барлығы үлкен жұмыс, оны күнделікті жаттығу барысында байқап жүрміз. Жалпы біздің елде спортқа көбірек көңіл бөлінеді. Қай спортты алсаңызда арнайы жаттығу залы, қажетті саймандары жетерлік. Әрине, ат спортына да қолдау бар, бірақ ойдағыдай емес. Қазір жылқылардың барлығы Қыркеңсе ауылында, күнделікті жаттығуға аудан орталығына келіп-кету үлкен мәселе. Келгеннен соң жаттығатын алаңның бүгінгі жайы көңіл көншітпейді. Әрине, бұл аудан шешетін мәселе емес. Екіншіден, құс ұшырып, тазы жүгіртуді де қолға алдық, келер жылы ел чемпионаттарында саңлақтар топ жаратын болады.
– Жаттығу алаңдарын жақсарту үшін бапкерлер тарапынан ұсыныстар болды ма?
– Қазір аудан орталығындағы арнайы алаңның айналасына жасауға тиісті жұмыстарды тізбектеп, жоба-сметасын жасап қойдық. Алаңды қоршау, көрермендер отыратын орындықтар, жылқы өнімі мен құрал-саймандарын сататын дүңгершіктер және жануарлардың тынығатын орындарын салу жоспарда бар. Мұндағы мақсат – ұлттық спорттың деңгейін көтеріп, өскелең ұрпақты осы жолға тәрбиелеу. Өйткені, атадан келе жатқан, қанымызға сіңген өнерді біз дәріптемесек, кім дәріптейді. Әрине, мұның барлығы алдағы уақыттың еншісінде, дегенмен, тездетіп, ат спортына жағдай жасамасақ біріншіліктегі көрсеткішіміз құлдырайды.
Әңгімелескен
Ерасыл ШӘРІБЕК
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!