Салих Қалиев, жас әнші, «Өзіңе сен» қайырымдылық концертінің ұйымдастырушысы:

Жас талант Салихтың жан-жақтылығы көпті сүйсінтіп келеді. Ол бір мезетте мәдени іс-шараларды ұйымдастырумен қатар сахнада өнер көрсетіп, елдің ықыласына бөленуде. Осы уақытқа дейін бірнеше қалада «Өзіңе сен» қайырымдылық концертін өткізіп үлгерген Салихпен жеке шығармашылығы жайында әңгіме өрбіттік.

‒ Салих, өнер жолына қалай келдіңіз? Ән айтуға бала күннен қызығасыз ба?

‒ Өнер жолына балалар үйінің тәрбиеленушісі кезімде қадам бастым. Бірақ ол жердің сахнасында өнер көрсетсем де, республикалық, облыстық байқауларға қатысқан емеспін. Кентау қаласындағы арнаулы кәсіптік оқу орнында оқыған тұста ғана колледждің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Эльмира Балтабекқызы менің ән айтып, іс-шараларды ұйымдастырып, сахна безендіретін, жалпы айтқанда бойымдағы талантымды байқап, батасын берді. Ол кісі режиссер ретінде де көп кеңес айтып, сахнада өзімді дұрыс ұстауды, ән айтуды үйретті. Сол үшін Эльмира ұстазыма және колледж басшысы Роза Мұратқызына алғысымды айтқым келеді. Негізі ән айтуға бала кезімнен қызығамын. 2000 жылдары телеарнада «SuperStar.kz» жобасы көрсетілетін. Сол жерде өнер көрсеткен Айқын Төлепберген, Қайрат Түнтеков сынды әншілерге қарап, өнерді түсіне бастадым. 2017 жылы М.Әуезов атындағы университетте «Мәдени тынығу жұмыстары» мамандығында білім алдым. Осы мамандық аясында қазір қайырымдылық іс-шаралар ұйымдастырушысы әрі фотомодель болып жұмыс істеймін.

‒ Кештің атауы өзгеше екен…

‒ «Өзіңе сен» қайырымдылық концертін өткізу үшін пандемия кезінде дайындалдым. Осыдан екі жыл бұрын пәтерімді сатып, балалар үйінде бірге өскен бауырыма қаражат беріп, жәрдемдестім. Содан бастап өз-өзімді дамытуды тоқтатпадым. Уақытша жатақханада тұрып, Қазақстанда гастрольдік сапар ұйымдастырып, шыңдалуды мақсат етемін. Былтыр Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Жұмабекұлы қолдап, «Өзіңе сен» атты қайырымдылық концертін ұйымдастыруға кеңес берді. Осы күнге дейін Кентау, Түркістан, Қызылорда қаласында концерт беріп үлгердім. Ендігі кезекте Ақтөбе, Ақтау, Байқоңыр және басқа қалаларда келер жылға дейін концертімді өткізгім келеді. «Өзіңе сен» атауы қандай сәтте де өзіңе деген сеніміңді жоғалтпа деген ниетпен әрі елге мотивация болсын деген мағынада қойылды.

‒ Шығармашылық құрамда қанша адам жұмыс істейсіздер? Демеушілер бар шығар…

‒ Қазір ұжымда өнердегі барлық достарым жиналған. Оның қатарында әлем, Азия чемпионы Ермек Қалымбетов (қоларба би жарысы бойынша), көзі нашар көрсе де өнер көрсететін Ерке Досқара сынды жанашырларым бар. Демеушілермен жұмыс істемейміз, менде продюсер, сценарист, менеджерлер жоқ. Бірақ әр қаладағы әкімдік, мәдениет басқарамасы тарапынан, жастар орталығынан көмек бар. Осы орайда бізге қолдау көрсеткен барлық қала тұрғындарына алғысымды айтқым келеді. Халықтың бізге деген ықыласы ерекше. Болашақта сахнадан демалыс алып, өзімнің авторлық кітабымды жазғым келеді.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен Гүлдана ЖҰМАДИН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!