Оқу арқылы шамнан шырақ жағылатынын білген жас ізденуге құмар. Тіпті тәуекел етіп қиыр-қиырды аралап, шетел асуға дайын-ақ. Әлбетте, тіленші болмай тілегіңе жетіп, өміріңді жарқын ету жөн іс. Бір орында аялдап тұру – сырғып өтетін уақыт пен зырғып кететін заманның қалтарысында қалып қоюмен тең. Оның үстіне дамудың дағдарысына ұшырау өзгенің көлеңкесінде қалумен бірдей. Он бір жылғы білімін бекемдеп, Түркияда түйіндемекші болған Диас Ертай да саналы буынның бірі.

– Көбі арман қуып Астана немесе Алматыға баруға асығады. Сіз неліктен Түркияны таңдадыңыз? Оқу орныңызға тоқталсаңыз…
– Менің ойымша, мектеп қабырғасындағы оқу аяқталған соң білімді жаңа форматта алу қызықты әрі маңызды. Иә, біразы өзге өңір, сырт қаланы таңдап, өзіндік өмір сүруге бейімделгісі келеді. Түркияда оқу технологиясы тың, білім жүйесі де бөлек. Демек, ойлау қабілетіңді өзгертіп, таным көкжиекті кеңейтуге мүмкіндік мол деген сөз. Бұл шешімді қабылдау үшін көп ойланбадым. Қалауыма ата-анам да қарсы шықпай, керісінше қолдады. Таңдауым Зонгулдак қаласындағы «Bulent Ecevit» университетіне түсті. Мұнда сабақ 18 қыркүйек күні басталады. Аса бір қобалжу бар деп айта алмаймын, есесіне зор қызығушылықпен күтіп жүрмін. Алған білім, жинаған тәжірибемді елімде жүзеге асыратыныма сенім мол.
«Диплом» деп қалауын ысырып қоятындар жоқ емес. Сосын «грант» үшін оқып, алғаны сандық түбінде қалады. Сіздің мамандығыңыз қандай?
– Мамандық таңдауда асығыстық таныту ағаттыққа ұрындырады. Расымен, грантта оқу мақсатында қаламаған оқуын оқып, кейін екі қолға бір күрек таппай қиналатындар бар. Мұндайды құптамас едім, тіпті бірнеше жылды босқа өткізу ғой, бұл. Уақыттың құнды ресурс екенін ескерсек, оның әр сәтін тиімді пайдалану қажет. Мамандығым – саясаткер. Оқуым ақылы негізде. Дегенмен, мұнда жеңілдік қарастырылған, оқу ақысы да қалтаға қонымды.
Ал, грантқа түсудің қандай жолы бар? Осы жайында айта кетсеңіз…
– Түркияда оқуға арналған арнайы «Түркие бурслары» бағдарламасы бар. Меніңше, мұны ізденімпаз білім алушылар білу керек. Яғни, тізім бойынша тиісті құжаттарды жинап, тыңғылықты орындау міндетті. Қолайлысы, құжат тапсыру үшін сабылып жүрудің қажеті шамалы. Өйткені, бағдарламаның сайты арқылы онлайн тіркеуге болады. Сондай-ақ, оқуда озат болу маңызды. Кіл бестік баға болмағанмен, төрттің өзі санаулы болуы қажет. Кейде мектепте алған мақтау қағаздарға мән бермей, қайда қалғанын да ұмытамыз. Бірақ әрбір жетістік пен оқу үлгерімі жоғары балл жинауға ықпал етеді. Сосын мотивация хатын жазуға ерекше мән беру керек.
– Шетелде аяққа тұсау салатын алаяқтардың көптігі жиі айтылады. Бойыңызда «өмір сүру қиындайды» деген қорқыныш бар ма?
– Жақыныңды тастап, жат елге келген соң сағыныш пен қобалжу болатыны белгілі. Десе де, «нар тәуекел» деп келгендіктен қорқынышты үдеткім келмейді. Көздеген мақсат-мұратыңа жету – мықты болу. Оның үстіне мұнда Түркия мемлекетіне оқуға келуіме кеңес беріп, бағыт-бағдарымды айқындаған әпкем бар. Әркез қол ұшын созып, жәрдемдесуге даяр. Сонымен қатар, бөлек шаһарда шырғалаңға түспеу үшін қағида берік, өзіңе жауапты болу алғышарттың бірі деп білемін.
– Оқуыңызға сәттілік тілеймін. Сұқбатыңызға рақмет!

Әңгімелескен
Замира ҚОНЫСЖАН

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!