Тамыз айының алғашқы жексенбісі – теміржол саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Бұл күн – елдің көлік-логистика жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне өлшеусіз үлес қосып жүрген мыңдаған теміржолшының еңбегіне құрмет көрсетілетін ерекше дата. Ғасырдан астам тарихы бар қазақстандық теміржол бүгінде жолаушылар мен жүк тасымалдаудың негізгі артериясы ғана емес, ел экономикасының тұрақты дамуына серпін беретін стратегиялық салаға айналды. Осы үлкен жүйенің әр тетігі өзара тығыз байланысып, тәулік бойы тоқтаусыз жұмыс істейді. Ал сол жүйенің көзге көп көріне бермейтін, бірақ жұмыстың тиімділігіне тікелей әсер ететін маңызды бағыттарының бірі – материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен қоймаішілік логистика.

Теміржол инфрақұрылымының үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті құрал-жабдықтар мен өндірістік қорларды уақтылы қабылдау, сақтау, есепке алу және қажетті орындарға жеткізу – үлкен жауапкершілікті талап ететін жұмыс. Бұл саладағы әрбір шешім өндірістік үдерістің ырғақты жүруіне ықпал етеді. Сондықтан қоймаішілік логистикада еңбек ететін мамандардың кәсібилігі, ұқыптылығы мен жауапкершілігі ерекше бағаланады.

Жастық жалынын осы салаға арнап, өз ісіне адал қызмет етіп жүрген мамандардың бірі – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Магистральдық желі дирекциясы филиалы Жабдықтау департаментінің қоймаішілік логистика менеджері Мәриям Таласова. Көпжылдық еңбек тәжірибесі арқылы ол материалдық ресурстарды тиімді ұйымдастыру ісінде мол тәжірибе жинақтады. Кәсіби мереке қарсаңында біз Мәриям Таласовамен әңгімелесіп, оның еңбек жолы, теміржол саласындағы алғашқы қадамдары, қоймаішілік логистиканың ерекшелігі, бүгінгі жұмыс барысы және кейінгі жас буынға берер ақыл-кеңесі жайлы сұрап білдік.

– Кәсіби мерекеңіз құтты болсын! Әуелі бала Мәриямның арманы жайлы қозғасақ. Теміржол саласын таңдауыңызға не себеп?

– Рақмет! Шынымды айтсам, бала кезімдегі ең үлкен арманым – мұғалім болу еді. Біреуге жаңа нәрсе үйрету, білгенімді бөлісу маған әрқашан ұнайтын.

Бірақ теміржол саласына деген қызығушылық та бала кезден қалыптасты десем болады. Туыстарымыз жақын аймақта тұратындықтан, пойызға сирек мінетінбіз. Сондықтан болар, ол кезде пойызға мінудің өзі мен үшін ерекше әсер сыйлайтын. Кейін осы қызығушылық мамандық таңдауыма әсер етіп, «Қазақ көлік және коммуникациялар» академиясына оқуға түстім.

Теміржолда темірдей тәртіп бар

– Білім алған оқу орныңыз бен еңбек жолыңыздың басталған кезеңі туралы айтып беріңізші.

– Алматы қаласындағы М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік академиясын тәмамдадым. Оқуымды аяқтағаннан кейін еңбек жолымды өндірістен, нақтырақ айтқанда Тараз қаласындағы вагон жөндеу депосынан бастадым. Мен үшін дәл сол кезең үлкен тәжірибе мектебі болды. Теориялық білімімді тәжірибемен ұштастырып, мамандықтың қыр-сырын сол жерде үйрендім десем болады. Алғашқы ұжымым да менің кәсіби қалыптасуыма үлкен ықпал етті. Жұмыстан ешқашан қашқан емеспін, керісінше әр жаңа тапсырманы тәжірибе жинауға мүмкіндік ретінде қабылдадым. Бүгінде сол алғашқы еңбек жолында алған білімім мен тәжірибем қазіргі қызметімде де өз пайдасын тигізіп келеді.

– Қазір өзіңіз атқарып жүрген қоймаішілік логистика менеджері қызметінің негізгі міндеттері қандай? Бұл қызмет теміржол саласының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуде қандай рөл атқарады?

– Біздің негізгі міндетіміз – материалдық базалардың жұмысын үйлестіру және олардың тиімді қызметін қамтамасыз ету. Материалдық базалар теміржол саласында өте маңызды рөл атқарады. Себебі олар арқылы еліміздің барлық өңірлеріндегі жол шаруашылығы, электрмен жабдықтау, сигнализация және байланыс, өрт сөндіру пойыздары, қалпына келтіру пойыздары, вокзал шаруашылықтары сияқты өндірістік бөлімшелер тауарлық-материалдық құндылықтармен қамтамасыз етіледі.

Қарапайым тілмен айтқанда, біздің жұмысымыз – қажетті материалдардың тиісті бөлімшелерге уақытылы әрі толық жеткізілуін ұйымдастыру. Бұл өз кезегінде теміржол инфрақұрылымының үздіксіз әрі қауіпсіз жұмыс істеуіне тікелей ықпал етеді.

– Саладағы күнделікті жұмысыңыз жайлы тарқатсаңыз, ең жауапты тұстары қандай?

– Күнделікті жұмысым ол материалдық базалардың жеткізушілерден тауар материалдық-құндылықтарды сапалы қабылдауын қадағалау, қоймалардағы қорлардың қозғалысын қадағалау, есептерді талдау және әртүрлі құрылымдық бөлімшелермен өзара жұмыс жүргізуден тұрады. Ең жауапты тұсы – қажетті материалдардың уақытында жеткізілуін және сапалы қабылдануын қамтамасыз ету. Өйткені бір материалдың кешігуі өндірістік процестерге әсер етуі мүмкін.

– Басқа құрылымдық бөлімшелермен өзара байланыс бар ма?

– Әрине, біздің жұмысымыз басқа құрылымдық бөлімшелермен тығыз байланысты. Жоғарыда айтып өткенімдей, біз Қазақстан бойынша жол бөлімшелерін толықтай тауарлық-материалдық құндылықтармен қамтамасыз етеміз. Сондықтан олардың қажеттілігін уақытылы анықтап, қажетті материалдармен үздіксіз қамтамасыз ету – біздің негізгі міндетіміздің бірі. Осы себепті бұл салада әр құрылымдық бөлімшенің өзара үйлесімді жұмысы өте маңызды.

Теміржолда темірдей тәртіп бар

– «ҚТЖ-ның 100 жас есімі» жобасы жайлы білгіміз келеді. Бұл жобаны кәсіби жолыңыздағы қандай белес деп бағалайсыз?

– «ҚТЖ-ның 100 жас есімі» – бұл компанияның жастарды дамытуға бағытталған маңызды жобаларының бірі. Оның басты мақсаты – этика, меритократия, кәсібилік және компанияға адалдық сияқты құндылықтарды өз ісімен дәлелдеп жүрген жас қызметкерлер арқылы насихаттау. Жобаға қатысу оңай емес. Іріктеудің жеті кезеңінен сүрінбей өту қажет. Сондықтан бұл жобаға іріктелуді мен кәсіби жолымдағы маңызды белестердің бірі деп есептеймін.

Мен үшін бұл – тек жетістік қана емес, өзіме деген сенімнің артқанын көрсететін маңызды кезең болды. Осындай жобаға іріктелу күнделікті атқарған еңбегімнің бағаланғанын сездірді. Бұл алдағы уақытта да өзімді дамытып, жұмысыма бұрынғыдан да үлкен жауапкершілікпен қарауға жігер береді.

– Аталған жоба жас мамандарды ынталандыруда қаншалықты маңызды?

– Менің ойымша, бұл жоба жас мамандарға үлкен мотивация береді. Өйткені ол өз әлеуетіңді көрсетуге, жаңа ортаға енуге және кәсіби тұрғыда өсуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар жастарды үнемі ізденуге, өз-өзін дамытуға ынталандырады.

Өз тәжірибемнен айтсам, мұндай жобалар адамның өз мүмкіндігін басқа қырынан тануына ықпал етеді. Әртүрлі саладағы әріптестермен танысып, тәжірибе алмасудың өзі – үлкен мектеп. Сондықтан бұл бастама жастардың тек кәсіби тұрғыда емес, тұлғалық жағынан да дамуына оң әсер етеді.

– Жоба аясында өзіңіз үшін қандай жаңа тәжірибе мен мүмкіндікке ие болдыңыз?

– Бұл жоба менің кәсіби және жеке дамуыма үлкен әсер етті. Көптеген тәжірибелі спикермен, көшбасшылармен және еліміздің әр өңірінен келген жас әріптестермен таныстым. Олардан алған тәжірибе мен білім бүгінгі жұмысыма да оң ықпалын тигізіп келеді. Ең басты жетістіктерімнің бірі – жобаға қатысқан екі жылдың ішінде төрт ротациядан өтуім. Бұл маған түрлі бағытта тәжірибе жинақтап, кәсіби тұрғыда жан-жақты дамуыма мүмкіндік берді. Сондықтан бұл жобаны өз мансабымдағы маңызды әрі нәтижелі кезеңдердің бірі деп бағалаймын.

Теміржолда темірдей тәртіп бар

– Хоббиіңіз қандай? Жұмыстан тыс уақытта немен айналысқанды ұнатасыз?

– Бос уақытымды отбасыммен өткізуге тырысамын. Сонымен қатар спортпен айналысқанды ұнатамын, өзімді үнемі жақсы формада ұстауға тырысамын. Кітап оқып, жаңа нәрселерді үйрену де маған ерекше шабыт сыйлайды. Кейде шығармашылықпен айналысып, тәттілер әзірлеуді де жақсы көремін.

– Теміржол саласын таңдағысы келетін жас буынға қандай кеңес берер едіңіз?

– Ең алдымен өз ісіңізді жақсы көру керек. Теміржол саласы жауапкершілікті, тәртіпті және үздіксіз дамуды талап етеді. Егер үйренуден қорықпай, еңбектенуге дайын болсаңыз, бұл сала үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Әрдайым білім алуға, тәжірибе жинауға және өзіңізді дамытуға ұмтылыңыз. Сонда еңбегіңіздің нәтижесін міндетті түрде көресіз. Теміржол – бір қарағанда қиын көрінгенімен, өз ісіне адал әрі еңбекқор адам үшін болашағы зор сала. Ең бастысы – бастаған ісіңізден тез нәтиже күтпей әр күнді жаңа тәжірибе жинауға мүмкіндік ретінде қабылдау. Ізденістен жалықпай, жауапкершіліктен қашпай еңбек етсеңіз, еңбегіңіз міндетті түрде бағаланады.

– Сұхбат үшін рақмет! Еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Әңгімелескен Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!