Өңірде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, қоғамда белсенділік танытып жүрген жастар жетерлік. Солардың бірі – журналист, блогер әрі педагог Айдана Маратқызы. Редакциямыздың тілшісі белсенді жастың еңбек жолымен танысып, әңгіме-дүкен құрып қайтты.
– Бүгінде шығармашылық пен педагогиканы қатар алып жүрсіз. «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық білім орталығындағы қызметіңіздің ерекшелігі қандай? Балалармен жұмыс істеу сізге нені үйретті?
– Негізі өзімді шығармашыл, өнерге жақын жанмын деп есептеймін. Осы уақытқа дейін шығармашылығымды мәдениет саласында дамыттым. Ал өмір жолы мені педагогикаға алып келді. Шынымды айтсам, бұл сала жүрегіме өте жақын.
Қазір «Сыр жұлдыздары» шығармашылық инновациялық білім орталығында директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарамын. Сонымен қатар «Жас медиа» үйірмесінде оқушыларға медиа және шығармашылық бағытында дәріс беремін.
Орталықтың аты айтып тұрғандай, мұнда тек білім берумен шектелмей, әр баланың шығармашылық әлеуетін ашуға, ойын еркін жеткізуіне және жаңашыл көзқарасын қалыптастыруға ерекше көңіл бөлеміз. Сабақпен қатар түрлі мәдени-танымдық әрі шығармашылық іс-шараларды тұрақты ұйымдастырамыз. Ал осындай жұмыстардың ортасында жүру, оқушылармен креативті форматта жұмыс істеу маған шабыт береді.

Бұл орталыққа келгендегі басты мақсатым – өзімнен кейін із қалдыратын шәкірт тәрбиелеу. Менің де бүгінгі жетістігіме жол көрсеткен, бағыт-бағдар берген ұстаздарым бар. Сол кісілерге алғысым шексіз. Енді олардың ізін жалғап, саналы, елге пайдалы ұрпақ тәрбиелегім келеді. Бойымдағы жақсы қасиеттерді, шығармашылыққа деген сүйіспеншілігімді және өмірлік тәжірибемді шәкірттеріме бере алсам, мен үшін сол еңбектің ең үлкен жемісі.
Балалармен жұмыс істеу, ең алдымен, шыдамдылыққа, жауапкершілікке және үнемі ізденісте болуға үйретті. «Бала да бір мектеп» деуші еді ұстаздарым, сондықтан олардан үйренерім көп. Әр баланың қабілеті мен арманы әртүрлі. Сол ерекшелікті байқап, оның дамуына ықпал ету – ұстаз үшін үлкен жауапкершілік әрі зор бақыт. Балалардың жетістігін көрген сайын еңбегімнің мәнін сезінемін. Сондай-ақ шығармашылық пен педагогиканың бір-бірінен ажырамайтын сала екеніне күн сайын көзім жетеді.
– Жас болсаңыз да бірнеше мекемеде еңбек етіп, әртүрлі ұжымда жауапты қызмет атқардыңыз. Университеттен бастап «Анаға тағзым» орталығы, «Отбасы» орталығы секілді мекемелердегі тәжірибе сіздің кәсіби әрі тұлғалық қалыптасуыңызға қалай әсер етті?
– Студент кезден бастап еңбек еттім. Шығармашылыққа жақын болғандықтан сұлулық саласында, би өнерінде, «Жастар театрында» жұмыс істедім. Кейін той ұйымдастыру орталығын ашып, бірнеше жыл осы салада қызмет еттім. Бұл кезеңдердің әрқайсысы адамдармен қарым-қатынас орнатуыма, ұйымдастырушылық қабілетімді дамытуға үлкен ықпал етті.
ЖОО-ны тәмамдаған соң тұрмыс құрып, екі баланың анасы атандым. Үш жыл декреттік демалыста болып, кейін негізгі еңбек жолымды Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде «Қыз Жібек» үйірмесінің төрағасы, журналист және мұражай меңгерушісі қызметінен бастадым.
Университет қабырғасында көптеген студентпен етене жұмыс істедім. Сол жылдары талай жастың шығармашылық қабілетін ашуға үлес қосып, олардың дамуына бағыт-бағдар бердім. Кейін «Анаға тағзым» орталығынан ұсыныс түсіп, еңбек жолымды сол жерде жалғастырдым. Алғашында маман, кейін «Бойтұмар» қыздар клубының жетекшісі қызметін атқардым. Уақыт өте бөлім басшысы, одан соң директордың орынбасары қызметіне тағайындалдым. Кейін өңірде «Отбасы» орталығы ашылып, ол «Анаға тағзым» орталығымен бірлесіп жұмыс істеді. Сол мекемеде меңгеруші қызметін негізгі жұмысыммен қатар алып жүрдім.
Қазір жүріп өткен еңбек жолыма көз жүгіртсем, әрбір қызмет маған баға жетпес тәжірибе сыйлағанын түсінемін. Әр ортадан өзіме қажет білім мен өмірлік сабақ алдым. Егер бүгінде белгілі бір нәтижеге жетіп, жауапты қызмет атқарып жүрсем, оның артында маңдай тер, үздіксіз еңбек және өзімді үнемі дамытуға деген құлшыныс жатыр. Мен үшін ең маңыздысы – қызмет қуу емес, қоғамға пайдамды тигізу. Егер өз тәжірибеммен, еңбегіммен адамдарға, әсіресе жастарға бағыт-бағдар беріп, оң әсер ете алсам, онда бұл менің ең үлкен жетістігім. Дегенмен әлі алар асуым алда, үйренерім көп. Сондықтан жаңа білім мен жаңа тәжірибеге әрдайым ашықпын.

– Журналистика, блогерлік, ұстаздық һәм қоғамдық жұмыстар. Осы салалардың қайсысы өзіңізге жақын? Жеке брендіңіздің қалыптасуына қай бағыт көбірек ықпал етті?
– Шынымды айтсам, бір ғана саланы «ерекше» деп бөліп айта алмаймын. Өйткені олардың барлығы жүрегіме жақын. Бұл бағыттардың бәрін де нөлден бастап, қатар алып келемін.
Ал жеке брендімнің қалыптасуына ең көп ықпал еткен сала – блогерлік дер едім. Себебі барлық кезеңде оны негізгі қызметіммен қатар алып жүрдім. Бұл мен үшін көп дүниені үйреткен үлкен мектеп болды.
Дегенмен журналистиканың орны ерекше. Себебі барлық қызметімнің бастауында осы салаға деген қызығушылық пен махаббат жатыр. Студент кезімнен жергілікті телеарналарда еңбек етіп, тәжірибе жинадым. Телебағдарламалар мен жаңалық жүргізіп, алғашқы авторлық материалдарымды әзірледім. Бұл маған журналистиканың қыр-сырын меңгертіп қана қоймай, аудиториямен жұмыс істеуді, ақпаратты сауатты жеткізуді және көпшілік алдында еркін сөйлеуді үйретті.
Менің ойымша, бұл салалардың барлығы өзара тығыз байланысты. Журналистикадан алған білімім әлеуметтік желіде сапалы контент жасап, аудиторияның сеніміне ие болуыма үлкен көмегін тигізді. Блог жүргізу арқылы түрлі жобаны жүзеге асырып, жеке брендімді қалыптастырдым. Кейін осы бағыттағы тәжірибеммен бөлісіп, курстар өткіздім. Бүгінде шәкірттерімнің арасында халыққа танылып жүргендері бар. Бұл мен үшін үлкен қуаныш.
Блогерлік тек әлеуметтік желіге фото немесе видео жариялаумен шектелмейді. Оның артында үздіксіз ізденіс, тың идея, шығармашылық жауапкершілік пен тұрақты еңбек жатыр.
Қазір осы тәжірибемді педагогикада да тиімді пайдаланып жүрмін. «Жас медиа» үйірмесіндегі оқушыларға журналистиканың негіздерімен қатар блогерлікті де үйретемін. Бүгінгі балалардың көбі әлеуметтік желіге қызығады. Сондықтан оларға контент жасауды ғана емес, ақпараттық сауаттылықты, айтылған сөздің жауапкершілігін, жеке бренд қалыптастыруды және әлеуметтік желіні пайдалы құрал ретінде пайдалануды үйретуге тырысамын.
– Ел Президенті Қасым Жомарт Тоқаевпен кездестіңіз. Сол уақытта қандай әсер алдыңыз? Қайткенменде жүгі ауыр, маңызды кездесу ғой.
– Мемлекет басшысымен өткен кездесу өмірімдегі ең жарқын әрі ерекше сәттердің бірі болды. Қасым-Жомарт Кемелұлын «Анаға тағзым» орталығымен және өзім жетекшілік еткен үйірменің жұмысымен таныстыру – мен үшін үлкен мәртебе. Президенттің алдында сөз сөйлеу кез келген адамға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Сондықтан бұл кездесуді тағдыр сыйлаған үлкен сенім әрі зор жауапкершілік ретінде қабылдадым.
Сол сәт әлі күнге дейін көз алдымда. Өмірімнің ең қымбат естеліктерінің бірі. Кездесу маған зор мотивация берді. Еңбектің ешқашан елеусіз қалмайтынын тағы бір мәрте сезіндім. Бұл мүмкіндікке біреудің емес, өз еңбегімнің, ізденісімнің және адал қызметімнің арқасында қол жеткіздім. Сонымен қатар маған сенім артқан басшыларымның қолдауы да үлкен рөл атқарды.

– Беріге ойыссақ, жақында облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлымен өткен жастар саясатына арналған кездесуге қатыстыңыз. Басқосуда қандай өзекті мәселелер көтерілді? Жалпы бүгінгі жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы үшін не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Кездесу барысында жастар саясатын дамыту, білім беру жүйесін жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау, қоғамдық бастамаларды жүзеге асыру және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жастардың қосар үлесін арттыру мәселелері ашық талқыланды. Жастар еркін форматта өз ұсыныстары мен сауалдарын айтып, аймақ басшысынан нақты жауап алды.
Осындай кездесулер жиі ұйымдастырылса екен деймін. Себебі жастардың тың идеялары мен ұсыныстары қоғамның дамуына жаңа серпін береді.
Ал жастардың белсенділігіне келсек, менің ойымша, ең алдымен батылдық жетіспейді. Иә, жастарда идея бар, бірақ оны жүзеге асыруға келгенде сенімсіздік танытады. Соған қарамастан өсіп келе жатқан бүгінгі ұрпаққа үлкен үмітпен қараймын. Өз пікірін еркін жеткізе алатын, жаңашыл әрі белсенді жастар көбейіп келеді. Сондықтан алдағы уақытта олардың қоғамдық өмірге, мемлекеттік басқаруға және елдің дамуына қосар үлесі арта түсетініне сенемін. Біздің міндет сол жастарға сенім артып, олардың бастамаларына қолдау көрсетіп, дұрыс бағыт-бағдар бере білу.
– Қызметіңізде де, қоғамдық өмірде де үнемі ізденіс үстінде жүресіз. Алдағы уақытқа жоспарыңыз қандай? Өмірден өз орнын іздеп жүрген жастарға не айтар едіңіз?
– Иә, жоспар көп. Бірақ кейде ең дұрыс шешім сол жоспармен емес, оның нәтижесімен бөлісу деп ойлаймын. Сондықтан алдағы жобаларымды жуырда әлеуметтік желідегі парақшаларымда жариялаймын.
Жастарға айтарым: ешқашан тоқтап қалмаңыздар. Қай салада жүрсеңіздер де, үнемі ізденіңіздер. Білім алуға ешқашан кеш емес. Қазір білімді әрі бәсекеге қабілетті адамдардың дәуірі. Сондықтан кітап оқудан, жаңа дүниені үйренуден қашпаңыздар. Ең алдымен өздеріңізге сеніңіздер. Өзгенің жетістігімен емес, кешегі өзіңіз бен бүгінгі өзіңізді салыстырыңыз. Армандарыңызға адал болып, еңбек етуден жалықпаңыздар. Себебі табыс бір күнде келмейді. Бірақ табанды еңбек пен тұрақты ізденіс түбінде өз жемісін береді.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Нұршат НЫШАНОВА
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!