Шаруашылықпен айналысып, бау-бақша жұмысын жүргізу оңай іс емес. Десе де біздің бүгінгі кейіпкеріміз осы бағытты қолға алған.
Жандос Қыдырбай – 18 жаста, Қызылорда қаласының тумасы. Оның айтуынша, негізінен бұл іспен ата-анасы айналысады. Ал біздің кейіпкеріміз алғашқы уақытта тек қолғабыс етіп жүрген. Ал қазір бау-бақшаның қыр-сырын толық біледі.
− Күнделікті суарып, арамшөптерді жұламын, жер қазу мен тыңайту жұмыстарына көмектесемін. Ал өнім жинау кезінде қол көмек ауадай қажет. Сондықтан мұндай уақытта әрдайым бақылауда боламын. Біз жүзім, қызанақ, қияр, болгар бұрышы сияқты көкөністерді өсіреміз. Онымен қоса алма, шабдалы және шие сияқты жеміс ағаштарын да баптаймыз.

Иә, кейде бұл жұмыс ауыр әрі қиын болса да, маған ұнайды, себебі ата-анама көмектесіп, еңбекке үйреніп жүрмін. Ең қиыны – жаз мезгіліндегі суару жұмысы. Қатты ыстықта күнделікті суару жұмысын уақытында жасап үлгеру керексің. Барлық өсімдікті дұрыс күтіп-баптау да көп уақыт пен шыдамдылықты қажет етеді. Ең басты жақсы жағы – өз қолыңмен өсірген өнімнің жемісін көру және табиғи, таза өнімді пайдалану, сонымен қатар еңбектің нәтижесін сезіну үлкен қуаныш сыйлайды, − дейді Жандос.
«Қалай ойлайсың, бүгінгі жастар бау-бақша жұмысына қызыға ма?» деген сауалға ол:
− Кей жастар қызығушылық танытады, бірақ көбі жеңіл және қаладағы жұмыс түрлерін таңдауға тырысады деп ойлаймын, − деп жауап берді.
Ескендір Бахрадин
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!