Плацкарт вагоны – посткеңестік кеңістіктегі миллиондаған адамның өмірімен тығыз байланысты теміржол көлігінің бір түрі. Әлдекім үшін ол студенттік шақтың естелігі болса, енді біреу үшін алыс сапардың таптырмас серігі. Жайлылығы жағынан купе вагондарынан кем болғанымен, бағасының қолжетімділігі мен жолаушы сыйымдылығының жоғары болуы плацкартты ең сұранысқа ие вагонға айналдырды. Алайда көпшілік оның атауы қайдан шыққанын және мұндай вагондардың қалай пайда болғанын біле бермейді.

Теміржол қатынасы енді ғана дамып келе жатқан XIX ғасырдың алғашқы кезеңінде сатылған пойыз билеттері бүгінгідей нақты орынмен белгіленбейтін. Жолаушы тек белгілі бір вагонға билет алып, сол вагон ішіндегі бос орындардың кез келгеніне жайғасатын. Ол кездегі арзан санаттағы вагондардың іші қазіргі электр пойыздарының салонына ұқсас еді. Тек орындықтар қойылып, ұйықтайтын орындар қарастырылмаған. Бастапқыда бұл жүйе қарапайым әрі ыңғайлы болып көрінгенімен, уақыт өте келе алыс сапарларда түрлі қиындық туғызды. Жолаушылар арасында орынға талас көбейіп, сапар барысында жайсыздық жиілей түсті. Сондықтан теміржол компаниялары билетті нақты орынға сатудың қажеттілігін түсінді.

Алғашқы кезеңде нақты орынға нөмірленген билет барлық жолаушыға бірдей бұйыра бермейтін. Ол тек қана алыс сапарға шығатын адамдарға берілетін. Мұндай билет жолаушының бүкіл жол бойы өз орнының сақталуына кепілдік берді. Бұл бір жағынан тәртіпті күшейтсе, екінші жағынан теміржолшылар үшін қосымша табыс көзіне айналды. XIX ғасырда мұндай орынды растайтын құжат негізгі билетке қосымша ретінде берілетін. Германияда ол «Platz-Karte», яғни «орын картасы» немесе «орынға арналған билет» деп аталды. Уақыт өте келе дәл осы сөз Шығыс Еуропа елдерінде кең таралып, кейіннен белгілі бір вагон түрінің атауына айналды. Яғни бастапқыда «плацкарта» вагонды емес, жолаушының нақты орны көрсетілген қосымша билетті білдірген.

Теміржол желілерінің ұзарып, пойыздардың мыңдаған шақырымды еңсере бастауы жолаушыларға тек отырып қана емес, жатып демалуға мүмкіндік беретін вагондар қажеттілігін туғызды. Осылайша орындықтармен қатар ұйықтайтын орындары бар вагондар жасала бастады. Тарихшылар мұндай вагонды алғаш кім жасағанын нақты айта алмайды. Дегенмен қазіргі плацкарттың алғашқы үлгілері XIX ғасырдың 1870-жылдарының басында-ақ пайда болғаны белгілі.

XIX ғасырдың екінші жартысында Ресейде «ашық вагондар» деп аталатын жолаушылар вагондары шығарыла бастады. Олар бірнеше санатқа бөлінді. Вагонның класы неғұрлым төмен болған сайын оның ішінде жолаушылар саны мен төсек орындары көбірек орналастырылды. Бұл вагондардың басты ерекшелігі – купедегідей жеке бөлмелердің болмауы еді. Осындай үлгідегі вагондар Еуропаның өзге мемлекеттерінде де пайдаланылды. Ағылшын тілінде олар «Couchette car» деп аталды. Бұл ұғым қазіргі түсініктегі плацкартқа өте жақын. Бірнеше ұйықтайтын орын бір қатарға орналасып, олардың арасы қалқалармен бөлінгенімен, орталық дәлізден толық оқшауланбаған. Бір қызығы, XIX ғасырдың өзінде-ақ мұндай вагондардың жайлылығы жоғары, люкс санаттағы түрлері де болған.

1917 жылдан кейін теміржол жүйесі қайта ұйымдастырылып, бұрынғы жіктеу өзгерді. Соның нәтижесінде «ашық вагон» атауы біртіндеп «плацкарт вагон» деген жаңа атаумен алмастырылды. Осы кезеңнен бастап «плацкарт » сөзі билетке емес, вагонның өзіне қатысты қолданыла бастады. Алғашқы плацкарт вагондары бірыңғай үлгімен шығарылған жоқ. Әр зауыт өз жобасын жасап, вагондардың ішкі құрылысын өзінше әзірледі. Барлығына ортақ көрсеткіш – ұзындығы шамамен 14 метр болуы ғана еді.

1928 жылдан бастап Кеңес Одағында ұзындығы 20 метр болатын жаңа ағаш вагондар шығарыла бастады. Олар плацкарт және купе нұсқаларында жасалды.

Ал бүгінгі көпшілікке таныс плацкарт вагондарының бейнесі тек 1960-жылдардың басында толық қалыптасты. Дәл осы кезеңде инженерлер жолаушылар сыйымдылығын арттыру мен қолайлылық арасындағы тепе-теңдікті таба алды. Екі қабатты төсек орындары орналастырылып, әр бөлімше шағын қалқалармен бөлінді. Мұндай шешім вагонның сыйымдылығын жоғалтпай, жолаушыларға белгілі бір деңгейде жеке кеңістік беруге мүмкіндік жасады

Плацкарт вагонының нақты бір авторы немесе өнертапқышы жоқ. Ол ұзақ қашықтыққа көп адамды қолжетімді бағамен тасымалдау қажеттілігінен туған инженерлік шешімдердің нәтижесі. Ол уақыт өте келе жай ғана көлік құралы емес, бірнеше ұрпақтың естелігімен астасқан мәдени құбылысқа айналды.

Бүгінде жайлылығы жоғары вагондар көбейгенімен, плацкарт өзінің маңызын жоғалтқан жоқ. Қолжетімді бағасы, үлкен сыйымдылығы және ұзақ жыл бойы қалыптасқан дәстүрі оны теміржол тарихындағы тұтынушысы ең көп вагондардың бірі ретінде сақтап келеді.

Аружан ОРАЛБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!