Футбол мен волейболды бәріміз білеміз. Ал батутта секіріп жүріп, допты аяқпен де, қолмен де соғуға болатын спорт түрі бар екенін естіген бе едіңіз? Тіпті бұл ойын музыка ырғағымен ойналады. Алғаш көрген адам оны цирк өнері немесе шоу деп ойлауы мүмкін. Алайда бұл – әлемнің көптеген елінде танымал бола бастаған боссабол атты ерекше спорт түрі.

Боссаболды 2004 жылы бельгиялық Филипп Эйкманс ойлап тапқан. Ойын волейбол, футбол, гимнастика және акробатиканың элементтерін біріктіреді. Бастапқыда көрермендерді қызықтыратын шоу ретінде ұсынылса, кейіннен көптеген елде ресми спорт түріне айнала бастады.

Боссабол арнайы үрлемелі алаңда ойналады. Алаңның екі жағында үлкен батуттар орналасқан. Ойыншылар батуттың көмегімен бірнеше метр биіктікке секіріп, допты қарсылас алаңына бағыттайды. Ең қызығы – допты тек қолмен ғана емес, аяқпен, тіземен, иықпен және дененің басқа бөліктерімен де соғуға болады. Бұл − ойыншылардан жоғары деңгейдегі ептілік пен үйлесімділікті талап етеді.

Боссаболдың тағы бір ерекшелігі – ойын барысында музыка қосылады. Арнайы диджейлер матчтың атмосферасын қыздырып, қатысушылар мен көрермендерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Сондықтан бұл спорт жарыс қана емес, үлкен ойын-сауық шоуына да ұқсайды.

Мамандардың пікірінше, боссабол адамның тепе-теңдігін сақтауға, бұлшық еттерін дамытуға және жылдам шешім қабылдау қабілетін арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар командалық жұмыс пен өзара түсіністікті қалыптастырады.

Қазіргі таңда боссабол Испания, Бразилия, Германия, Нидерланд және Португалия сияқты елдерде кеңінен танымал. Халықаралық турнирлер ұйымдастырылып, спорттың жанкүйерлері жыл сайын артып келеді.

Боссабол – спорт пен өнердің, музыка мен қозғалыстың ерекше үйлесімі. Оның өзгеше ережелері мен әсерлі көріністері бұл ойынды әлемдегі ең қызықты әрі ерекше спорт түрлерінің біріне айналдырып отыр. Сондықтан болашақта боссаболдың танымалдығы одан әрі арта түсетіні сөзсіз.                                                                                                         

                    Анар БОРАНБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!