Біле білсек, бірлігі жарасқан, тұрмысы тату, бір шаңырақ астына біріккен елдің болашағы жарқын, келешегі кемел. Қазақ еліндегі ұлттар достығы, қоғамдық татулық – ұлтаралық ауызбіршіліктің нәтижесі, жарқын көрінісі.

Қазақстан – достық мекені. Осындай жетістігімен, берекелі бірлігімен, тұрақтылығымен әлем елдерінің назарын аудартып, таңқалысын тудырды. Өйткені біздің елде көптеген ұлт пен ұлыс өкілдері өз Отанында жүргендей еркін, ешбір кемшіліксіз, барлығымен тең өмір сүруде. Пейілі кең қазақ жұрты қиыншылық заманда қазақ жеріне табан тіреген ұлты бөлек жұртты құшақ жая қарсы алды. Мемлекетте ұлыстардың сан өкілі қоныс тепті, отбасылы болды, өсті-өнді.

Көктемнің алғашқы күні – қазақтың өзгені жатсынбаған ақ пейіліне, қолындағы барын бөлісіп, қарайласқан адамгершілік қасиетіне, ұлан ғайыр даланың ұлы халқына алғыс айтып, ризашылық білдіретін күн. Бұл күні әрбір жан өзінің тыныш тіршілігіне, жақсы өміріне шүкіршілік етіп, бір-біріне риясыз көңілімен алғыс айтады. Біздің ауданда да өзге ұлт өкілдері көп. Тағдырымыз қазақ халқымен бір арнада тоғысқанына дән ризамыз. Аудан көлемінде өтетін жиын-тойларға, іс-шараларға шақырусыз, жақсылықта елеусіз қалып жатқан жоқпыз. Өңір халқымен етене араласып, ағайындас болып кеттік. Мен осы күніме, қазақ халқына өте ризамын. Бұл халықтың асқан адамгершілігі, ерекше ықыласы қашанда өзгеден ерек. Дәл осы айтулы күні барша қазақстандықты мерекемен құттықтай отырып, күллі қазақ жұртына алғыс айтамын. Елдің ертеңі – ұлтаралық татулықта.

Зулаш  МӘЖИЕВА,

шешен ұлты

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!