Қарапайым алты ішек, бірақ шексіз әуен шығаратын гитара − әлемдегі  танымал музыкалық аспаптардың бірі, сонымен қатар көптеген өнерпаздың шығармашылық жолын бастаған сенімді серігі.

Оның шығу тарихы ежелгі Бабилон заманынан басталады. Ежелгі жартас суреттерінде гитараға ұқсас шертпелі аспаптар бейнеленген. Ал  ХІІ ғасырдан бастап Испанияда кең таралған. Парсы тіліндегі «тар» сөзі «ішек» деген мағына береді. Сондықтан сетар, дутар, ситар сияқты аспап атауларында да «тар» сөзі кездеседі.

Алғашқы гитараға ұқсас аспаптар шамамен төрт мың жыл бұрын пайда болған. Ал қазіргі алты ішекті аспап ХVIII-XIX ғасырларда дамыды. Оның қазіргі түрін жетілдірген −  испан шебері Antonio de Torres Jurado. Сол себепті оны «қазіргі гитараның атасы»деп атайды.

Гитара 6 ішектен тұрады. Әр ішектің өз үні бар, сол арқылы түрлі әуен орындалады. Музыканттар бұл аспап арқылы адамның сезімі мен көңіл күйін жеткізе алады. Кейде бұл музыкалық құрал көңілді ән орындалса, кейде мұңды әуен де шырқалады. Осы ерекшелігіне байланысты бұл аспап көп адамның сүйікті музыкалық құралына айналған.

Сонымен қатар ғалымдар өнер құралының адамға пайдасы бар екенін айтқан. Музыка есте сақтау қабілетін дамытып, ойлау қабілетін жақсартады. Мұндай музыкалық аспапта ойнау адамды сабырлы болуға үйретіп, күйзелісті азайтуға көмектеседі. Кей адамдар гитараны хобби ретінде үйренсе, енді біреулері оны болашақ мамандығына айналдырады.

Қазақстанда гитара 1960-1970 жылдары танымал бола бастады. Бұл кезде вокальді-аспаптық ансамбльдер көбейіп, жасөспірімдер алты ішекті аспапқа қызықты. 1967 жылы Дос-Мұқасан ансамблі құрылып, гитараны қазақ музыкасына кеңінен енгізді. Кейін басқа ансамбльдер де гитараны қолдана бастады. 1980-1990 жылдары рок музыкасының әсерінен әуен құралы жастар арасында ең көп қолданылатын аспаптардың біріне айналды.

Қазіргі таңда гитараны жастар да, үлкендер де ерекше жақсы көреді. Жасөспірімдер гитарамен ән айтып, достарымен бірге уақыт өткізеді. Серуенде немесе түрлі жиында да жиі қолданылады. Оның әуені адамдарға жақсы көңіл-күй сыйлап, ерекше атмосфера қалыптастырады.

Кей танымал әншілер мен музыканттар да өз шығармашылық жолын гитара тарту арқылы бастаған. Оның дыбысы жұмсақ әрі әдемі болғандықтан, ол қазіргі музыкада кең қолданылады. Бұл адам жанына жақын ерекше музыкалық аспап. Сондықтан гитараны тек аспап емес, «жүректің үні» деп айтуға болады.

Абай АСҚАРҰЛЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!