Абай ‒ Гималай. Қазақ дана да, дара тұлғасын жер бетіндегі ең биік тауға теңеген. Аспанмен астасқан алып таудың алыстаған сайын биіктейтіні сынды әзірге шыңына шығып, Гималайды толық тану ‒ елге парыз. Осы уақытқа дейін Абай тақырыбын арқау еткен зерттеулер біртуар тұлғаның болмысын аша түскені рас. Әйтсе де ақынның өзі айтқандай «жұмбақ адам» екенін де жоққа шығара алмаймыз.     

      Абай өмір сүрген қоғамның қалпын, ол білім алған ортаны Мұхтар Әуезовтың шығармасын оқыған оқырман жатқа біледі. «Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өсіп, Мыңмен жалғыз алысқан» ақынның ғұмыры көптің түсінігінде күрделі сюжетпен өріледі. Бірақ жазушы Тәкен Әлімқұлов Абай өмірін өзгеше көркемдейді: «Абай өмірі − ғажап өмір. Бесікте әнмен әлдиленген ол көшпелі елде, әртүрлі рулардың салтында әсершіл боп өседі. «Махаббат пен ғадауатқа» ерте қанығады. Тіршіліктің шұғылалы жағы мен көлеңкелі жағын түгел таниды. Бармағынан бал тамған өнерпаздарға қызықса, қарапайым жандардың ішкі сұлулығына сүйсінсе, үй ішіндік, рулық, таптық шәркездіктерге жауап іздеуге тиісті болады. Бұған құбылмалы табиғаттың әсерін қосыңыз. Шыңғыстау атырабы кектемде құлпырып, жазда шалқыса, күзде қуарып, қыста қылышын сүйретіп шыға келеді. Жайлы мәуіртте желпіндірсе, жайсыз шақтарда шыныктырады. Алмасқан дүние, қайшы әсер!

Ақын − заманның, жағдайдың, ортаның түлегі. Қөзбен көрген, жүрекпен сезген, бастан кешірген жәйіттер көңілдің түкпірінде, мидың қатпарында ұзақ сақталады. Осының барлығы кейін ол есейгенде, әлемнің ақ-карасын анық ажыратқанда, қиялға қамшы, болжамға баян болады. Тамырсыз өсімдік өспесе, тамырсыз пенденің кітаби білімі ұзаққа бармайды» дейді ол.

Абай әлемін тану екінің бірінің қолынан келмейтінін алдыңғы буын дәлелдеді. Десе де бұл тақырыпқа құлаш сермеп, тереңдете зерттеген ғалымдар аз емес. Сәйкесінше ақын жайлы дерек те көп. Әрқайсысы аңыз адамды жаңа қырынан танытады.  Соның арасында  белгілі сыншы Тұрсынжан Шапайұлы  Абайдың шығармашылыққа не үшін кеш келгенін былай түсіндіріпті: Абай қырықта болатын… Шығармашылықта “ерте ашылатын, кеш ашылатын индивидуумдар болады” дейді XX ғасырдың ұлы ақындарының бірі, әйгілі әдебиет теоретигі, сыншысы Т. Элиот. Жалпы, ол кісі айтпаса да белгілі жай. Сирек те болса, кездесетін шындық. Уитмен отыз жетісінде “кенет” ұлы ақын болып оянады. Шығармалары сопылық поэзияның шыңы болып есептелетін Жалаладдин Румидің қалғып жатқан ұлы дарыны қырықтан аса бере дүр сілкінеді… Абай ақындық өнерге мән бермей немесе “дайындықпен” жүріп қалды дегенге сенбеймін. Рас, пісіп-жетілу деген де бар шығар, бірақ, анығында, табиғи гений, кезі келгенше, күні туғанша көзін таппай тұмса жататын құпия қуатқа ұқсайды. Бұйрықты күні өзі ашылады, я бір түрткі оятады. Қырықтағы Абайдың өлеңге келуі – өзінің құдіретті тегеурінінен қаперсіз, тынық жатқан телегейдің оқыс теңселіп кеткеніндей, қорданың астында бұғып жатып қоздаған шоқтың алапты айқара лап қойған алапат өртіндей орасан құбылыс… Ғажайып таулар, керемет көлдер – бір кездері жер бетінде болған ұлы апаттардың салдары. Гений де сондай бір pyx сілкінісі. Қазақ санасының жана рельефін жасаған Абайдың шығармашылық қажыры да осы бейнелі”.
         Жазушы Сәбит Мұхановтың жазбасында Абай мұрасын зерттеу алғаш Алаш қайраткерлерінің мақалаларынан бастау алғаны айтылады. Содан берілі  дара тұлғаны тану, білу үрдісі тоқтаған емес. Биыл ақынның туғанына − 177 жыл. Мемлекеттік мереке ретінде бекітілген  күннің қарсаңында  барша жұрт Абай мұрасына қайта бас қояды. Бұл − аңыз адам мен халық арасындағы сабақтастық екені ақиқат.   

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!