Бүгін Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне арнайы барып, «Ерлік және даңқ» залындағы экспонаттармен таныстық. Көзге бірден түскені, жүректі бірден қозғағаны – майданнан жеткен хаттар.
Солардың бірі – 1944 жылдың 30 шілдесінде, оқ пен оттың ортасында жазылған амандық хат. Онда былай делінген:
«Мейірбанды ата-ана, аға-іні, қарындастарыма тегіс сәлем. Сіздерге Отан соғысындағы туысыңыз Сейтқасым амандығын білдіріп, қат арқылы сансыз сәлемімді жолдаймын. Қуатты отырсыздар ма?
Мен аманмын. Бірнеше жауынгер жолдаспен бірге фронтта неміс басқыншыларына соққы үстіне соққы беріп, совет жерін жаудан босатып жатырмыз…»

Музейдің «Өлке тарихы» бөлімінің меңгерушісі Перизат Ашанова сиясы көмескі тартып, қағазы сарғайған бұл хаттың пішініне назар аударуға шақырды. Расында, олардың сыртқы формасының өзі көп хабар береді екен. Мысалы хаттың пішіне қарап-ақ бір әулеттің үміті қайта жанып, талай ананың жүрегі жұбаныш тапқан. Себебі ішінде «мен аманмын» деген хабары бар қағаз төртбұрышты болып бүктеліп келеді. Ал майданнан жеткен сәлемнің ең ауыры, ішінде қаралы хабары бар хат үшбұрыш етіп оралады екен. Оның жүгі де, айтар хабары ауыр…
«Ерлік және даңқ» залына тереңдей түскенде соғыс тек хаттарда ғана емес, сол кезеңнің үнсіз куәсіне айналған заттар арқылы да «сөйлей» бастады.
Әйнек сөрелерде Кеңес Одағының батыры, генерал-лейтенант Георгий Никитовичтің, Кеңес Одағының батыры Үрмаш Түктібаевтің әскери формасы қойылған. Жанында топография және география карталарын салуға арналған жұқа сөмке, компас, сапер күрегі, қалта сағаты тұр. Бұл – жай ғана құралдар емес. Бұл – бағыт жоғалтпау, уақытпен санасу, әр қадамды дәл есептеу үшін қажет болған дүниелер. Сөренің келесі бөлігінде солдаттың күнделікті тұрмысынан сыр шертетін қарапайым заттар қойылған: әскер флягасы, котелок, сапты аяқ, қасық…

Осындай заттар арқылы оқ пен оттың арасында да адам болып қалуға тырысқан жауынгердің тіршілігін сезесіз. Мұнда сондай-ақ жауынгер каскасы, қол пулеметі, тіпті қарсы жақтың белгісі ретінде неміс каскасы да қойылған. Бұл заттар соғыстың тек бір жақтың ғана емес, тұтас адамзатқа түскен ауыр сынақ болғанын еске салады. Ал жауынгерлік наградалар – сол жылдардың үнсіз куәгері. Әр медаль, әр орден – бір ерлік, бір тағдыр, бір қайталанбас оқиға.
Сонымен қатар «Ерлік және даңқ» залында Ұлы Отан соғысына қатысқан қызылордалық жауынгерлер туралы мәлімет бар. Олардың қатарында есімі тарихқа алтын әріппен жазылған ондаған тағдыр бар. Бұл – бір ғана өңірден шыққанымен, майданның әр шебінде шайқасқан, әртүрлі жолмен ерлікке жеткен жандардың шоғыры.
Мәселен, Днепрден өту кезіндегі жанқиярлығы үшін батыр атанған Мақаш Балмағамбетов пен Жақыпбек Махамбетовтің ерлігі – өзен кешіп, өлім мен өмірдің арасында жүріп жеңіске жол ашқан сарбаздың символы іспетті. Ал Тисса өзенінен 47 рет қатынап, қаруластарын аман өткізіп, жауға тойтарыс берген Әнуар Әбутәліповтің қайсарлығы – нағыз табандылықтың үлгісі.

Майдан даласында тек қарумен емес, ақылымен де жеңіс әкелгендер болды. Мәселен, Петр Артемов бір ұрыста 80-нен астам жау солдатын тұтқынға алса, ұшқыш Николай Самороков әуе шайқастарында жау техникасын жойып, көктегі айқаста айрықша ерлік көрсетті. Ал барлаушы-ұшқыш Біліс Нұрпейісов Берлин аспанында құпия тапсырмаларды орындап, стратегиялық нысандарды дәл анықтаумен көзге түсті. Сонымен қатар, майдан даласында ерлік көрсеткен Семен Ларионов, Александр Мин, Геннадий Шляпин, Яков Михайлюк сынды жауынгерлердің де есімі ел жадында.
Қызылорданың топырағында туған батырлардың арасында майданда мерт болғандары да аз емес. Киев түбіндегі шайқаста қаза тапқан Иван Журба, Германия жерінде ерлікпен көз жұмған Ерденбек Ниетқалиев, Прибалтика майданында ерлікпен қаза болған Үрмәш Түктібаев – солардың қатарында. Олардың ғұмыры қысқа болса да, ерлігі мәңгілік.
Бұл залдағы әр есім – бір тағдыр, әр тағдыр – бір тарих. Майданға аттанған әр жауынгердің бірі мұғалім, бірі тракторист, бірі теміржолшы, бірі студент еді. Олар Отан қорғау үшін бірікті.
Иә, батырлардың ерлігі тек марапатпен өлшенбейді. Олар – бүгінгі бейбіт өмірдің бағасын ұғындыратын тарих.
Әлия ТӘЖІБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
