Оқушылардың сабақты барынша қызық әрі жылдам меңгеруі үшін түрлі тәсіл қолдануға болады. Мысалы онлайн-сервистерді. Massaget.kz назарыңызға мұғалімнің кәдесіне жарайтын 7 сервисті ұсынды.

Google Docs

Google Docs – Microsoft Office Word бағдарламасының онлайн нұсқасы. Бұл сервис көмегімен оқушыларға doc файлды жібермей-ақ сол файлдың сілтемесін жіберіп, сабақтың жазбаша нұсқасымен таныстыруға болады. Файлдың баптауынан өзге қолданушы көре алатындай рұқсат беруді ұмытпау керек. Сонымен бірге оқушылар сол файлға өз тапсырмасын жаза алатындай етіп, бәрінікін біріктіруге болады.

youTube.com

Бұл сервис бәріне таныс. Бірақ көбі оның мүмкіндігін пайдалана бермейді. Мәселен, бір сабақты түсіндіруге қырық минут жетпегенде оны ауқымды етіп видеоға түсіріп, YouTube-каналға жүктеңіз. Сонда оқушылардың чатына пәленбай мегабайттық видео немесе дыбысхат жібермей-ақ, видеоның сілтемесін жіберуге мүмкіндік бар. Сілтемеге өтіп, видеоны көрген оқушылар соның астына пікір жазып, сабақты түсінгенін дәлелдеуіне болады. Мұндай видеолар тек 20-30 оқушының ғана емес, Қазақстандағы мыңдаған оқушының игілігіне айналуы мүмкін.

canva.com

Бұл сервис презентация жасауға арналған ең әдемі әрі ыңғайлы сервис. Power Point-қа қарағанда біраз жақсы тұсы бар. Мұнда тек презентация емес, плакат, инфографика, диаграмма және тағы басқа медиафайлдар жасауға болады. Оқушыларға әдемі дизайнмен сабақ түсіндіргенге не жетсін!)

ex.co

app.ex.co көмегімен интерактив тест жасауға болады. Оқушылардың білімін тексеруге арналған ең қызық әрі оңай формат.

Тест жасау басында қиын болуы мүмкін, себебі сервистің функциялары мен бөлімдері көп. Сондықтан бірден шығып кетпей, интернеттен дұрыс қолдану нұсқаулығымен танысуға кеңес береміз.

kahoot.it

Бұл да тестке арналған онлайн-сервис. Ерекшелігі – оқушылар тесттен бір уақытта өтіп, тез әрі дұрыс жауап бергендерін анықтап береді.

storyline.knightlab.com

Бұл сервис көмегімен кез келген бір сториді, оқиғаны жылдарға еншілеп, көрнекі түсіндіруге болады.

storymap.knightlab.com

Ал бұл сервис ақпаратты картамен, геолокациямен байланыстырып түсіндіруге мүмкіндік береді.