Шахмат – әлемдегі ең танымал зияткерлік ойындардың бірі. Оның тарихы шамамен 1500 жыл бұрын Үндістанда пайда болған «чатуранга» ойынынан басталады. Кейін бұл ойын Парсы еліне, одан әрі Еуропаға таралып, қазіргі шахмат ережелері қалыптасты.
Шахмат тақтасы 64 ақ және қара шаршыдан тұрады. Ойынға әр ойыншы 16 фигурамен қатысады. Мысалы патша, уәзір, екі піл, екі ат, екі тура және сегіз пешка. Ойынның басты мақсаты – қарсыластың патшасына мат қою.
Шахмат адамның логикалық ойлауын, есте сақтау қабілетін, зейінін және стратегиялық жоспар құру дағдыларын дамытады. Сондықтан көптеген елдде бұл ойын мектеп бағдарламаларына енгізіліп, оқушылар арасында кеңінен насихатталуда.
Қазақстанда да шахмат қарқынды дамып келеді. Еліміздің шахматшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелер көрсетіп жүр. Әсіресе, әлемдік аренада жетістікке жеткен Бибісара Асаубаева мен Меруерт Камалиденова сияқты спортшылар жас буынға үлгі болып келеді.
Бүгінде шахмат тек спорт түрі ғана емес, адамдарды ойлануға, сабыр сақтауға және дұрыс шешім қабылдауға үйрететін маңызды зияткерлік өнер ретінде бағаланады.
Анар БОРАНБАЙ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!