Тәртіпті ойлап, тыныштыққа елеңдер,
Сенім артқан ақтар халық үмітін.
Намыс атты найза ұстаған жігіттер,
Елі үшін еңбек етер күні-түн!
Иә, ұлтқа қызмет ету ес білгеннен кейін емес, бесікте тербелгеннен бойға сіңетін қасиеттен дариды. Осы тұста, адуынды арыны, қарышты қадамы бар Ерхан Мырзалы жайында ойымызды екшей түссек. Оның ҚАЖ департаментіне қарасты №68 мекемесіне табан тірегеніне бір жарым жылдың жүзі болған. Қазіргі таңда ол режим және күзет бөлімінің бақылаушысы, әділет кіші сержанты.

Шырайы келіскен шұрайлы өлке Шиелінің тумасы. Топырағынан талай текті шыққан өңірде өмір есігін ашқан Ерханның болмысы құрыштан құйғандай. Әскер сапында сарбаз атанып, азаматтық парызын да өтеген. Бүгінде тұтас мекеменің тыныс-тіршілігін бақылайтын орталық басқару пультінде жұмысын жалғастырып келеді. Арқаны кеңге салып, бір сәт босаңсуға болмайтын жауапты орында әр қимыл-қозғалысты қалғымай қадағалап отыр.

Бастан асатын тірліктің әбігерге салатыны жасырын емес. Мұндайда Ерхан Мырзалы шамданғаннан гөрі, шалқыған әнге құлақ түргенді құптайды. Жан тыныштығын солай табатын көрінеді. Еңселі ердің жұлдызы жарық болсын дейміз.

З.Қонысжан

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!