Сыйлық беру – адамға қуаныш сыйлап, көңілін көтерудің бір тәсілі. Әсіресе жақын жандардан алған сыйлық әрдайым ерекше әсер қалдырады. Сағат негізінен жағымсыз энергиясы бар затқа жатпайды. Ол күнделікті тұрмыста қажетті зат қана емес, сондай-ақ кез келген адамға жарасатын әдемі аксессуар ретінде де қолданылады. Бірақ көпшілік арасында «сағатты сыйлыққа беруге болмайды» деген түсінік бар. Бұл ойдың шығу тарихы да бар.
Бұрынғы заманда адамдар сағаттың тықылдағаны уақыттың өтіп жатқанын еске алады, ал уақыт тоқтаса – қарым–қатынас та тоқтайды деп сенген. Сол себепті кейбір адам сағат сыйлауды айырылысудың, екіге бөлінудің белгісі деп қабылдаған.
Қандай ырымдар бар?
Кейбір адамдар сағат сыйлаған кезде ақша немесе тиын сұрайды. Мысалы, сыйлық берген адам сағатты 10 тенге немесе 20 тенге сұрап сатады. Ал сыйлықты алған адам «мен оны сатып алдым» деп ырым жасайды. Осылай жаман ырымның әсері болмайды деп санайды. Қазір бұл түсінікке бәрі бірдей сене бермейді. Керісінше, қымбат сағат мәртебелі әрі есте қалатын сыйлық деп санайды. Яғни бір-біріне брендтік сағат тарту етуді құрметтің белгісі ретінде қабылдайды.
Қытайда сағат сыйлау «қоштасу» немесе «өмірдің аяқталуы» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан олар сағатты сыйлық ретінде беруден сақтанады. Ал жапондардың түсінігінде жақын адамға сағат сыйлау оған тікелей өлім тілеумен бірдей деген мағына береді екен. Еуропаның солтүстік елдерінде, мысалы Швеция, Норвегия, Финляндияда сағат сыйлау қалыпты жағдай.
Жалпы алғанда, сағат сыйлауға қатысты әртүрлі пікір болғанымен, қазіргі қоғамда оның мағынасы өзгеріп келеді. Бүгінде сағат көбіне сәнді, пайдалы және символдық мәні бар сыйлық ретінде бағаланады. Ырымдарға сену немесе сенбеу әр адамның өз таңдауы, бірақ кез келген сыйлықтың құндылығы – сыйлаған адамның ниетінде.
Назым Тұрматова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
