Қызылордада жент жаңа дизайнда нарыққа шыға бастады. Ұлттық дәмнің қорабы ғана емес, бұл жолы құрамы да өзгеше. Дизайны жаңаша, өзі пайдалы өнімді «Балқаймақ» өндіріс орны шығаруда. «Женттің табиғи өнімнен жасалуын, денсаулыққа пайдалы болуын басты орынға қойдық» дейді өндірушілер.
Жент ̶ қазақ халқының дәстүрлі, тәтті тағамдарының бірі. Ол дала көшпелілерінің дастарханында кең тараған, құнарлы әрі ұзақ сақталатын өнім болған. Әсіресе жолға шыққанда таптырмас тағамдардың бірі саналған. Себебі тары құрамындағы көмірсулар жолаушыға қуат берсе, май мен сүт өнімдері тағамның калориясын арттырады. Сондықтан бұрын жентті «қуат беретін азық» деп бағалаған.
Жент ̶ тарының талқанынан жасалған ұлттық десерт. Бұл өнімнің құрамына таза балмен қатар гхи майы, яғни тортасы алынған май қосылған. Сондай-ақ, дәндермен қоса шоколад жаңа өнімге өзгеше әсемдік береді. Бір ерекшелігі бұл өнімді балаларға да беруге болады. Яғни денсаулыққа ешқандай зияны жоқ. Кез келген жақыныңызды қуантуға арналған ұлттық тәттілер жинағы деуге болады.
̶ Бұл бір күнде туған идея емес. 2018 жылы кәсіпті алғаш бастаған сәтте-ақ ұлттық өнімдерді дәріптеу мақсатында замануи түрде, жаңа формада шығаруды мақсат еттік. Тұтынушылардың көбі эмоцияны қалайды, сол себепті ұлттық өнімді осындай әдемі қорапшаларға салуды жөн көрдік, ̶ дейді кәсіп иесі Жібек Мұхимова.
Айта кетейік, өнімнің құрамында сүт өнімдері жоқ. Сондықтан жент белгілі бір температурада сақталғанымен, жарамдылық мерзімі жоғары. Тасымалдағанда сапасын жоғалтпайды, экспортқа шығаруға ыңғайлы. Этностильдегі ұлттық өнімнің бір ерекшелігі – осы. Қазір «Балқаймақ» өндіріс орнында азық-түлік өнімдерін өндіруге бағыттылған 5 цех жұмыс істейді. Яғни, мұнда ет пен сүт, нан-тоқаш, шұжық, жартылай дайын өнімдер даярлайтын кондитерлік цехтар орналасқан.
Дәмімен қатар дизайны да көз қызықтыратын «Балқаймақ» өнімдері көптің сұранысына ие. Мұндағы барлық өнім сапалы, құнарлы, қай кезде де балғын күйде. Осы орайда орталық қызметкері Индира Сәдуақасова бізге ұлттық өнімдердің пайдасы жөнінде айтып берді:
‒ Ұлттық тағамдар көбіне ағарғаннан жасалады. Сүтті сүзіп, пісіріп, қайта суытып, қатық ұйытамыз, ірімшік, құрт, сүзбе жасаймыз. Оларды дайындауға, кептіруге ұзақ уақыт кетеді. Тұздылығын, қант мөлшерін қадағалап отырамыз. Тұтынушылардың кейбірі ұлттық тағамның тәтті болғанын қаласа, енді бірі тапсырыс берерде дәмі қышқыл болсын деп қалауын айтады. Өздеріңіз білесіздер, ұлттық тағамдар кальций, темір секілді дәрумендерге бай. Әсіресе, құрттың адам денсаулығына пайдасы зор. Сондай-ақ бізде жент, майсөк те көп пайдаланылады. Тұтынушылар «Балқаймаққа» келгенде құрт, қолдың майы, жент, майсөк, айран, шұбат, қымыз және қолдың сүтін көп сұрайды. Қазір ұлттық тағамдарға сұраныс өте жоғары. Тұтынушылар күн санап көбейіп келеді, ‒ дейді ол.
Еңлік ЕРТАЙҚЫЗЫ
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
