Тengrinews. 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда жалға берілетін электрсамокаттарды пайдалану кезіндегі қауіпсіздікті арттыруға бағытталған жаңа талаптар күшіне енді: прокаттық компаниялар самокаттарды тіркеуге, оларға сәйкестендіру нөмірлерін орнатуға және сақтандыруды ресімдеуге міндетті.
Осы орайда: «Бұл ережелер жеке электрсамокат иелеріне де қатысты ма?» деген сұрақ туындады. Tengri Auto тілшісі пікір алу үшін Алматы Полиция департаментіне жүгінді.
Ведомствоның ресми өкілі Салтанат Әзірбектің айтуынша, жаңа талаптар тек шерингтік сервистерге ғана қатысты.
Жеке электрсамокат иелеріне оларды тіркеудің, нөмір алудың немесе сақтандыруды ресімдеудің қажеті жоқ. Бірақ көлікті басқару үшін жүргізуші куәлігінің болуы міндетті.
Дегенмен, 25 тамыздан бастап Алматыда электрсамокат пайдаланушылары үшін жаңа шектеулер күшіне енеді – атап айтқанда, оларға тротуармен жүруге тыйым салынады. Бұл ереже жеке көлікке де, жалға алынған көлікке де бірдей қолданылады.
«Жаңа талаптар меншік нысанына қарамастан барлық электрсамокаттарға таралады. Заңнама жеке мобильділік құралдарын жеке және прокатттық деп бөлмейді, сондықтан Жол жүрісі қағидаларының талаптары ерекшеліксіз барлық пайдаланушылар үшін міндетті», – деп атап өтті Салтанат Әзірбек.
Нөмірі жоқтарға айыппұл қалай салынады?
Жеке электрсамокаттар тіркеуге жатпайтындықтан, полиция ереже бұзушылардың кім екенін қалай анықтайтынын және оларды қалай жауапқа тартатынын сұрап білдік.
– Мемлекеттік тіркеу нөмірінің болмауы Жол жүрісі қағидаларын сақтаудан босатпайды және жауапкершілікке тартуға кедергі келтірмейді.
Полиция мәліметінше, ережелердің сақталуын бақылау патрульдеу кезінде де, бейнебақылау камералары мен басқа да фото-бейнетіркеу құралдарының көмегімен де жүзеге асырылады.
Құқықбұзушының жеке басы анықталғаннан кейін ол заңға сәйкес жауапқа тартылады. Дәл осындай механизм жылдамдық режимін бақылау үшін де қолданылатын болады.
Веложол жоқ жерлерде қалай жүру керек?
Полициядағылар егер электрсамокатпен әрі қарай жүру Жол жүрісі қағидаларын бұзбай мүмкін болмаса немесе басқа қозғалыс қатысушыларына қауіп төндірсе, жүргізуші көліктен түсіп, жолын жаяу жалғастыруға міндетті екенін түсіндірді.
«Егер адам электрсамокатты мінбей, қасында жетелеп келе жатса, ол жаяу жүргінші болып саналады және Жол жүрісі қағидаларында жаяу жүргіншілер үшін белгіленген құқықтар мен міндеттерді пайдаланады», – деп жауап берді полиция.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!
